Ел мерейін асырған Республика күні өткен аптада әр өңірде лайықты деңгейде атап өтілді. Ұлттық мереке қарсаңында осыдан 35 жыл бұрын қабылданған егемендік туралы Декларацияның маңыздылығы ұлықталып, тарихтан сыр шертілді. Сондай-ақ айтулы күнде қажыр-қайратын сарп етіп, жемісті табандылық танытып жүрген сала мамандары ел Президентінің ықыласына бөленіп, түрлі марапатқа ие болды. Олардың арасында еңбегімен еленген жерлестеріміз де бар екенін мақтанышпен айтуға болады. Қуаныш иелерін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев салтанатты шарада құттықтады.
Республика күнін атап өту Қонаев қаласының орталық алаңындағы 55 метрлік тутұғырда көк байрағымызды көкке көтерумен басталды. Жалауымыз желбіреп, Мемлекеттік гимніміз орындалды. Одан кейін облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен қалалық Мәдениет үйінде мерекелік кеш өтті. Қалың көпшілікті алдымен облыс басшысы Марат Елеусізұлы құттықтады.
– Кеңес Одағы ыдырамай тұрғанда Декларацияны қабылдау нағыз ерлік еді. Мұндай игі істің басы-қасында отаншыл қоғам және мемлекет қайраткерлер болды. Аталған кезеңде Алматы облысы ауқымды өзгерістер жолынан өтіп, өнеркәсіптік базасы қуатты, инфрақұрылымы дамыған, инвестициялық тартымды, халқының әлеуеті артқан аймаққа айналды. Тұрғындар саны 1,6 есеге көбейіп, қазіргі уақытта 1,6 млн. адамды құрауда. Жалпы өңірлік өнім көлемі 35 миллион теңгеден 6 триллион теңгеге жетті. Осы жылдары 200-ге жуық мектеп, мыңнан астам балабақша, 110-нан астам медицина нысандары және 18 миллион шаршы метр тұрғын үй бой көтерді. Облыстың басты бағыттарының барлығында дерлік жаңа жолдар салынып, көліктік инфрақұрылым түбегейлі өзгерді, – деді М.Сұлтанғазиев.
Одан кейін өңір басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттің дамуы жолында жұмыс істеп жүрген, еңбектері елеулі, қоғамда орны бар сала мамандарын марапаттады. Олардың арасында ауданның абыройын асқақ еткен қарасайлықтар да бар. Атап айтар болсақ, Қарасай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Қыйлыбаева «Шапағат» медаліне, ал ауданның Ардагерлер ұйымының басшысы, ардагер-ұстаз Сағат Мәсімақынов «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. Оларды облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев өзі құттықтап, Мемлекет басшысы Жарлық еткен төсбелгілерін табыс етті.
Жерлестеріміздің қуанышына ортақтасып, маңызды марапаттарымен құттықтаймыз! Күш-қуаттарыңыз сарқылмай, абыройларыңыз арта берсін!
Өз тілшіміз.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
