Жуырда аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып, оның жұмысын кеңес төрағасы Жанат Исағұлов жүргізді.
Күн тәртібі бойынша алдымен «Аудандық мансап орталығының көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің орындалуы және басқа міндеттерін атқаруы туралы» мансап орталығының директоры Дулат Сансызбаев хабарлама жасады.
Хабарламашы орталықтың атқарған жұмыстары жайында жан-жақты баяндап берді. Мәселен, жұмыссыздықпен күрес, жұмысқа орналастыру, курстар ұйымдастыру, ашық есік күндерін өткізу, «Жұмысшы мамандықтар жылы», оңтүстіктен солтүстікке көшу бойынша жүзеге асқан істер туралы әңгімелеп, қойылған көптеген сұраққа жауап қайтарды.
Бұл мәселе жөнінде қоғамдық кеңес мүшелері Сейтқали Ыбытаев, Тұрғанбек Оразалиев, Несіпбала Әбділдаева, Әсел Жылқыбаева, кеңес төрағасы Жанат Исағұлов сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды.
Мұнан кейін кеңес мүшелері «Қарасай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының атқарып жатқан жұмыстары туралы» басқарма басшысы Айгүл Жолдыбектің хабарламасын тыңдады.
Есеп беруші аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының істері жайында кеңінен баяндап, осы орайдағы жұмыстарына жан-жақты тоқталды.
Жиналған салық түсімдері мен міндетті төлемдер, бюджетті молайтуға байланысты атқарылған істер, бұл реттегі түрлі шаралар туралы анықтап айтып берді.
Кірістер басқармасының жұмысы жайында Тұрғанбек Оразалиев, Сейтқали Ыбытаев, Несіпбала Әбділдаева, Назгүл Еркімбаева, Ұлтусын Бархинова, Орынбай Жанәділ, кеңес төрағасы Жанат Исағұлов сөз алып, салықтың қандай мемлекет үшін де өте маңызды екенін атап көрсетіп, жақсы жұмысты одан әрі жалғастыра беруге, жаңа салық көздерін ашуға шақырды.
Келесі кезекте Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев «Қаскелең қаласының санитарлық тазалық жағдайы, қоқыс шығаратын мекемелердің жұмыстарының сапасы туралы» есеп берді.
Асқар Өкенұлы соңғы уақыттарда қалада көп жұмыстар атқарылып жатқанын – көшелер асфальтталып, тротуарлар салынуда екенін, жарықтандыру мәселесі қолға алыну үстінде екенін айта келе тазалыққа, қоқыс жинауға тоқталды. Қоқыс жинауға қаланың үш бөлікке бөлінгенін, күніне 40 тоннадай қоқыс шығарылатынын, бірақ, әлі де болса халықтың бұл мәселеге салғырт қарап, қоқысты көшеге тастап кететінін немесе қала сыртына, жол бойына төге салатынын айтып, орын алған кейбір олқылықты жоятынын баяндады.
Қала тазалығы жөнінде Ұлтусын Бархинова, Әмина Абдраманова, Әсел Жылқыбаева, Орынбай Жанәділ, Несіпбала Әбділдаева, Тұрғанбек Оразалиев, Сейтқали Ыбытаев, Әлия Даниярова, Сапар Жұмабаев, кеңес төрағасы Жанат Исағұлов сөйлеп, ұсыныс-тілектерін жеткізді, қала тазалығын барынша жақсартуға, қоқыс жинауды одан әрі жүйелі жүргізу керек екеніне назар аударды. Басқа да жұмысқа қатысты көптеген өзекті істер туралы айтты.
Отырысты кеңес төрағасы Жанат Исағұлов қорытындылап, барлық жұмысқа да ең алдымен үлкен жауапкершілікпен келу қажет екенін атап көрсетті.
Қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
