Денсаулықтың сақшысы атанған дәрігерлер қауымы жайлы сөз қозғағанда көбінесе күрделі отаға жауапты немесе ел ауызында жатталған бірнеше медицина маманы жайлы айтып жатамыз. Алайда осынау маңызды саланың қазанында қайнап, өмір мен өлімнің арасында жүретін басқа да абзал жандардың бар екенін ұмытпауымыз керек. Соның ішінде ана мен баланың ғұмыр жолын жалғайтын акушерлердің қалтқысыз қызметі де құрметтеуге әбден тұрарлық. 5 мамыр – Халықаралық акушерлер күніне орай, Қарасай ауданында осындай қастерлі мамандықты жанына серік еткен, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп жатқан Айша Сазанбаева туралы азды-кем толғансақ деп едік.
Айша Кәмешқызы – Алматы облысына қарасты Балқаш ауданындағы Ақкөл ауылының тумасы. 1960 жылы көп балалы отбасында дүниеге келіп, әкесі Кәмеш пен анасы Сағымкүлдің тұңғышы атанды. Отбасында 7 ағайынды болса, өзінен кейінгі інілеріне мен сіңілілеріне қамқоршы әпке болды.
Балалық балдәурені туған ауылында өтті. Бақанас орта мектебінің 1976 жылы бітіріп, сол жылы балаларға алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйрететін мейірбикелік курсқа тапсырды. Мұнда бір жыл білім алып, 1977 жылы Алматы облыстық балалар ауруханасында мейірбике лауазымында алғашқы еңбек жолын бастады. Аталған мекемеде төрт жылдай қызмет етіп, дәрігер маманы ретінде мол тәжірибе жинады. Ал 1981-1984 жылдары Талғар медициналық училищесінде «акушер» мамандығы бойынша білім алды.
Айша Сазанбаева оқуын аяқтап, нағыз медицина маманы атанған соң арнайы жолдамамен өмірлік жары Әуесхан Түңлікбаевпен Солтүстік Қазақстан облысына аттанды. Осы өңірдегі Соколовка ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктте төрт жыл акушерлік міндетті мінсіз атқарды. Одан кейін Талғар ауданына қоныс аударып, осындағы ФАП-та және перзентханада талай жыл табан аудармай жұмыс істеді.
Ал 2011 жылы жұбайы Әуесхан ағамыздың жұмыс бабы бойынша Қарасай ауданына көшіп келді. Сол жылы осы ауданға қарасты Райымбек ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға акушер болып орналасып, 15 жыл үздіксіз қызмет етті. Айтпақшы, Айша Кәмешқызы осы мекемеде жұмыс істеп жүріп 2019 жылы «акушер ісі» мамандығы бойынша біліктілігін арттырды.
Ақ желеңді Айша әпкеміз мамандығын әрқашан биік қойып, жұмысына адалдық танытып, әсіресе, аналар мен сәбилердің денсаулығын сақтауға зор үлес қосты. Райымбек ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда халықтың ыстық ықыласына бөленіп, әріптестерінің сенімді серігі атанып, осы жылы құрметті демалысқа шықты. Бүгінгі таңда «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде орналасқан «ID Senim R» деп медициналық мекемеде жастарға жол көрсетіп, қажымас күш-қайратының арқасында акушерлік қызметін әлі жалғастырып келеді.
Айша Кәмешқызының жалпы еңбек өтілі 48 жылды құрайды. Шамамен жарты ғасырдай қызмет жолында талай оқиғаның куәгері атанып, көптеген ананың құрсақтағы сәбиімен аман-есен қауышуына себепкер атану. Қаншама жыл акушер жүгін арқалап жүргенде тосын оқиғалар мен есте қаларлық жайттарға да куәгер болды.
Мамандығына адалдығын жоғалтпаған Айша Сазанбаеваның медицина саласына келуі шынайы ниеттен туған. Ол аталған бағытта қызмет еткеніне еш өкінбейді, керісінше, үнемі абырой санайды.
– Медицина саласын, оның ішінде «акушер» мамандығын таңдауыма адам өміріне араша болу, жаңа өмірдің жарық дүние есігін ашуына себепкер болу секілді ізгі, шынайы ниет себеп болды. Бұл мамандық үлкен жауапкершілікті, мейірімділік пен сабырлықты талап етеді. Сондықтан акушер болу оңай жұмыс дей алмаймын. Дегенмен аналардың ризашылығына бөленіп, жылы лебіздерін естіген кезде жүрегің тыныштық тауып, өзіңе іштей риза боласың, – деді ақ желеңді Айша Кәмешқызы.
Осындай жұмысына ұқыпты қарайтын аяулы акушердің марапат биігінен көрінген сәттері де аз болған жоқ. 2014 жылы кәсібилігі үшін «Үздік ауылдық акушер» атанса, 2016 жылы «Ана жүрегі» медаліне ие болды. Одан бөлек әр жылдары аудандық және жергілікті әкімдіктің Алғыс хаттарын алып, ауылдастарының да, әріптестерінің де құрметіне бөленіп жүрді.
Айша Сазанбаева – өз ісінің нағыз шебері болса, шаңырағында отбасының ұйытқысы. Өмірлік жары Әуесхан Түңлікбаев екеуі Ринат, Ернат, Еламан атты үш ұлды тәрбиелеп, қанаттарын қатайтты. Бүгінде олардан тараған ұрпақтың қызығын көріп, 8 немереге ардақты ата мен аяулы әже болып отыр.
Саналы ғұмырын ана мен балаға арнаған Айша Кәмешқызының табандылығы қай кезде де құрметке лайық деп білеміз. Алдағы өміріне жақсылық тілей отырып, құрметті демалысының рахатын көрсін деген ниетпен аяулы акушерге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, бақытқа толы мәнді өмір тілейміз.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

