Қарасай ауданында жоспарланған ветеринариялық нысандар салынуда. Соның бірі – Жібек жолы ауылына қарасты Тұрар ауылының шетіндегі мал қорымы. Ол үшін арнайы 1,5 га жер телімі бөлінген. Бұл орын Қарасай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің теңгерімінде.
Мал қорымын салу мақсатында облыстық ветеринария басқармасы тендер ойнатқан болатын. Нәтижесінде мердігер мекеме ретінде «КазГрандСервис» ЖШС анықталды.
Қазіргі уақытта аталмыш серіктестік нысанның құрылысымен айналысуда. Айта кетейік, құрылыс жұмыстары үшін облыстық ветеринария басқармасынан 9 млн аса қаржы бөлінді.
Ал Жібек жолы ауылдық округінің ветеринариялық пунктінің меңгерушісі Оралхан Жакуповтың сөзіне сүйенсек, мұндағы құрылыс алдағы 15-20 күннің ішінде аяқталады. Бұл мал қорымында алдағы уақытта аудан ішіндегі ауыл шаруашылығы және үй жануарларының өлекселері әкелініп тасталады. Одан кейін залалсыздандырылып, жойылады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.