Жалпақ жұртқа қызмет етіп, ізденіс пен талпыныстың ортасында жүретін журналистің қоғам алдында орны қашан да бөлек. Ал осы мәртебелі мамандықтың иесі атану үшін сол салада білім көкжиегін кеңейту маңызды.
Санаға осындай журналистиканың қағидаттарын сіңіретін, ақпарат алаңындағы майданға батырларын баптайтын оқу ордаларының қатарында ауданымызда орналасқан SDU университеті бар. 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай, аталмыш оқу ордасында журналистика бағытында оқытатын мамандықтардың оқу жүйесіне қызығушылық танытып көрдік. Осы салаға жауапты Құқық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Мадияр Саудбаевпен тілдесіп, журналистика саласына қатысты орамды ойларды ортаға салдық.
– Мадияр Құдайбергенұлы, алғашқы сұрағымды SDU университетіндегі журналистиканың тарихымен байланыстырсам деп едім. Оқу ордасында бұл мамандықты оқыту қай жылдардан бастап қолға алынды?
– SDU-да журналистиканы оқыту 2009 жылы басталған. Ал мен бұл оқу ордасына 2010 жылы келдім. Сол уақытта халықаралық журналда қызмет етіп жүргенде филология және педагогика факультетіндегі журналистика кафедрасының меңгерушісі Ұлан Еркімбаевтан ұсыныс болды: «Өткен жылы бізде журналистика кафедрасы ашылған. Сен осы мамандықтың қыр-сырын білесің ғой, бізге келіп сабақ берші», – деп өтініш білдірді. Мен ұсынысты қабыл алып, журналистика бағыты бойынша білім беретін мамандықтың оқу бағдарламасымен таныстым. Байқағанымдай, көбі филологияға, яғни тіл білімін дамытуға қатысты ойластырылған. Содан бір өзгеріс қажет екенін түсіндім. Сол кезде факультетті басқарған декан Давронжан Гаипов былай деді: «Мәке, асықпай көр, зертте. Өзің журналистсің ғой. Дүниежүзілік журналистика саласының озық үлгілерін бақыла және керегін аларсың. Солай істегенің дұрыс болар».
Бірақ ол кезде ойдағы көп дүниені жүзеге асыра алмадық. Өйткені мемлекеттік стандарт деген болатын. Соның аясынан шыға алмайтынбыз. Десе де бірте-бірте жүйелі жұмыстарды атқардық. Тағы бір айта кетерлігі, 2017-2018 жылдары министрліктің стандарты басым болса, одан кейін әрбір оқу орны академиялық оқуға еркіндік берді. Содан кейін әр оқу орнының өзіндік оқу бағдарламасын дайындауға деген мүмкіндік пайда болды. Қазір тек 56 кредитті ғана мемлекет ұстап отыр. Ол жалпы оқу бағдарламасы, оның ішінде студенттің жалпы әлемге деген көзқарасын қалыптастыратын философия, қазақ тілі, қазақстан тарихы, ағылшын тілі, информатика сияқты пәндер бүкіл ЖОО-да бірдей. Ал қалған журналистикаға арналған бағдарламалар жеке оқу орнының құзіретіне қалған істер болып табылады.
Жалпы өзім журналистика саласын білгеннен кейін осы бағыттағы қажетті дағдыларды сараладым. Мәселен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетіндегі оқу бағдарламасын қарап шықтым. Салыстырмалы түрде қарағанда екеуі бір-біріне ұқсас, 80-90 пайыздың шамасында. Ал оқулықтарына қарасам, көп жағдайда Ресейде шыққан кітаптарды қазақшалап оқытады екен. Одан кейін сол кездегі журналистикадағы нарықты бағамдап, білікті оқытушыларды тартуды жөн деп шештік. Сөйтіп, филология ғылымдарының кандидаты, сол кезде «Түркістан» газетінде қызмет етіп жүрген Есенгүл Кәпқызына ұсыныс тастап, осында жұмысқа шақырдық. Ол кісінің сауаттылығы, жазу мәнері, сөйлеуі ерекше болатын. Осындай білімі жоғары оқытушының біліктілігі ескерген университет басшылығы Есенгүл Кәпқызын 2014 жылы ашылған журналистика кафедрасының тізгінін ұстауға лайық деп тапты.
Бір жылдан кейін аталмыш кафедра жаңаланып, әлеуметтік ғылымдарға айналды. Өйткені оған тарихты, халықаралық қатынасты, журналистиканы біріктіру керек болды. Осылайша шетелдік стандарт бойынша қайтадан кафедра құрылды. Ол кезде оның меңгерушісі Мұхтар Сеңгірбай болып, ол 2017 жылға дейін басқарды. 2017 жылдан бастап 2021 жылға дейін бұл кафедраға мен жетекшілік еттім. Ал 2021 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін факультеттің деканы лауазымында қызмет атқарып келемін.
– Журналистика бағыты бойынша сабақ беретін оқытушыларды қалай таңдадыңыздар?
– Оқытушыларды тиісті талап бойынша жұмысқа қабылдадық. Нақты айтқанда, олар магистратурасын шетелде оқып келген болуы керек. Оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алуы да ескерілді. Сондай оқытушылардың қатарында Асхат Еркімбай, Елнұр Алимова, Ақсәуле Әлжан, Ержан Абдраман, Бақтияр Асылхан, Бердақ Байымбетов сияқты мықты-мықты өз ісін білетін азаматтар болды. Әрбірі – өзіміздің ана тілімізді және ағылшын тілін еркін меңгергендер. Өйткені ғылым-білімнің шығуы да, дамуы да батыстан келгендіктен, оқытушылардың ағылшын тілін білуі маңызды болды.
– Түсінгенімше, болашақ журналистерге екі тілде білім бересіздер. Қай тілге басымдық беріледі?
– SDU-да білім беру бойынша негізгі тіл – ағылшын. Бірақ біздің факультет үш тілде оқытады: қазақ, орыс, ағылшын. Ал журналистиканы қазақ және ағылшын тілдерінде екі топқа бөліп оқытамыз. Арнайы басымдық берілмейді. Бірақ қазақ тобы бәрібір көп болады. Ағылшын тілінде оқитын болашақ журналистердің кейбір жұмыстары шетелдік баспаларда жарық көріп жатады.
– Факультетіңізде журналистика бағыты бойынша қандай мамандықтар оқытылады? Олардың басқа оқу орындарынан айырмашылығы бар ма?
– Мен жетекшілік ететін Құқық және әлеуметтік ғылымдар факультетінде бірнеше мамандық бар болса, соның ішіндегі журналистика бойынша бір ғана бағытта мамандарды дайындаймыз. Ол – «мультимедиа және тележурналистика». Біздің басқа университеттерден айырмашылығымыз – студенттерімізді жан-жақты маман ретінде дайындау. Яғни қазіргі заманда ақпараттың барлығы мультимедиаға негізделгендіктен, сандық сауатттылықты негізге аламыз. Болашақ журналистерге тек жазуды немесе суретке түсіруді ғана үйретпейміз, аудиторияға ұнамды өнім жасауды үйретеміз. Мәселен, бізде тележурналистика деген пән жоқ, видеожурналистика, аудиожурналистика деген пәндер бар. Бізден білім алған студенттер подкаст түсіруге де дағдыланады. Сондай-ақ әрбір білім алушыға: «Белгілі бір телеарнада немесе басылымдарда жұмыс істеуің керек», – деген ой салмаймыз. Керісінше, өзіне ыңғайлы ортада еңбек етуге баулып, өз өнімін сату арқылы табыс табуға бейімдейміз. Мысал ретінде өзім беретін медиа-дизайн сабағын айтсам болады. Студенттерге ІІ семестрден кейін өз өнімін сатып, ақша табуға жігерлендіремін. Оларға: «Егер сендер сырт жақтан ақылы түрде тапсырыс алып, орындап, оның нәтижесін маған көрсетсеңдер, автоматты түрде баға қоямын», – деп жігерлендіремін. Осылайша білім алушылар университет қабырғасында жүріп еңбек етуге дағдыланады.
Тағы бір айта кететін жаңалығымыз бар. Биыл факультет қабырғасынан журналистка бағыты бойынша «Стратегиялық коммуникация және журналистика» мамандығын ашуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта бұл ұсыныс ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде қаралуда. Қолдау табады деген ойдамыз.
Аталған мамандық бойынша білім алатындар қоғаммен байланысты үйренеді. Мәселен, мемлекеттік органдар халықпен тығыз жұмыс істегендіктен, ақпарат тарату жағынан ақсап жатады. Алысқа бармай-ақ, коронавирус дерті тараған кезде тұрғындарға дұрыс мәлімет, статистика жеткізілмегенін айтуға болады. Сондықтан осы мамандықтың иесі атанғандар билік өкілдері мен қоғам арасындағы ақпаратты дұрыс жеткізуші болып табылады.
– Мадияр Құдайбергенұлы, ал енді осы Сіз атаған мамандық бойынша бүгінгі таңда неше студент оқып жатыр? Сондай-ақ жыл сайын неше абитуриентті қабылдайсыздар және мемлекеттік грант қарастырылған ба?
– Қазіргі уақытта журналистика бағыты бойынша 140-150 шамасында студент оқып жатыр. Оның 60-ы ағылшын тобында болса, қалғаны қазақ тобында. Ал жыл сайын SDU университетіне 55-60 абитуриент қабылдау жоспарланады. Оларды да қазақ және орыс топтарына іріктеп аламыз. Мемлекет тарапынан, әрине гранттар бөлінеді. Оған ие болу болашақ студенттердің өзіне байланысты. Яғни ҰБТ кезінде оқу сауаттылығы мен қазақстан тарихы пәндері бойынша жинаған балдық көрсеткіші ескеріледі, одан кейін бізге келіп тапсыратын шығармашылық емтиханы бағаланады. Жоғары бал жинағандар мемлекеттік гранттың иегері атанады. Ал жетпей қалғандар ақылы түрде оқуға түсу мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта оқу ақысы – 1 млн 150 мың теңге.
– Сіздерде болашақ журналистер қалай шыңдалады? Тәжірибе алмасуына университет тарапынан ықпал болады ма?
Студенттеріміздің практикалық тұрғыда тәжірибе жинақтауы әртүрлі бағытта жүзеге асырылады. Газет-журнал немесе телевизия бағытында бақтарын сынай алады. Ең сәтті бастамалардың бірі ретінде «Ойла» деп аталатын халықаралық журналды айтуға болады. Жоғарыда айтып өткендей білім алушылар өздерін өнімін ұсыну арқылы аталмыш басылымда өздерін жан-жақты қырларын көрсетіп, арт-директор деген лауазымға дейін көтереліп, қызмет етті.
Сонымен қатар, тележурналистика бағытындағы бастамаларымыз да нәтижесін берді. Дуалды білім беру арқылы «Алматы» телеарнасымен қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында жақсы жобаны іске асырдық. 15 студентімізді аталмыш телеарнаға тәжірибе алмасуға жібердік. Олар топ-топқа бөлініп, ақпараттық, бағдарламалық, продюсерлік, сайттық бөлімдерде тәжірибе жинақтады. Осылайша телевизия саласындағы бүкіл жұмысты үйреніп алды. Нәтижесінде бірқатар студенттер аталған телеарнаға қызметке де орналасты. Өкінішке орай, «Алматы» телеарнасының басшылық құрамы өзгеруіне байланысты бұл жобаның ғұмыры ұзақ болмады. Бірақ келешекте тағы жүзеге асырсақ деген ойымыз бар. Бәлкім, «КТК», «31 арна» сияқты ақпарат алаңындағы телеарналармен іскерлік қарым-қатынас орнатуға тырысамыз.
Тағы бір айта кетерлігі, «Азаттық радиосының» белді журналистері арнайы келіп сабақ берген кездер де болды. Бұл да студенттердің ақпарат алаңындағы таным түсінігін кеңейтуге септігін тигізді.
– SDU универсиетінің қабырғасынан түлеп ұшқан түлектер жайлы айта аласыз ба? Оның ішінде ел білетін, өз ісінде жемісті еңбек етіп жүрген кімдер бар?
– Біздің студенттер көбінесе 1-2 курстан бастап жұмысқа бейімделеді. Монетизацияға жақын болады. Көбісі өз брендін қалыптастыруға тырысады. Десе де біршама түлектеріміз белгілі БАҚ-тың өкілдері болып жүргенін мақтанышпен айта аламыз. Мәселен, «Жұлдыз ФМ» радиосы арқылы танылған, әлі де қызмет атқаратын, сондай-ақ соңғы уақытта «Jibek joly» телеарнасында еңбек етіп жүрген Жандәурен Мади, «Abai.kz» ақпараттық порталының бас редакторы Нұргелді Әбдіғани және Назерке Бастами, Айгерім Тілеуберді сияқты біршама түлектеріміз журналистика саласында жұмыс істеуде.
– Ардагер-журналистердің көбісі журналист болып төселу үшін еңбек жолын алдымен мерзімді басылымдарда бастап, жазуды үйрену керек деп айтып жатады. Бұл жайлы Сіз қалай ойлайсыз?
– Әрине, қолдаймын. Дұрыс. Жаза білу – өнер.Менің түсінгенімше, сауатты жаза білу жыл сайын құлдырып бара жатқан сияқты. Сол үшін журналистика бағыты бойынша «жазу өнері» деп аталатын пәнді қостық. Нәтижесінде осы пәнді оқу барысында студенттеріміз өздерінің жазу қабілеті қалыптаспағанын айтып, мойындап жатты. Одан кейін мектепте грамматиканы үйренбей келетін оқушылар бар. Соны негізге алып, «жазу негіздері» деген пәнді де енгіздік. Өйткені жалғау мен шылауды ажырата алмайтын білім алушылар бар. Сондықтан алдымен журналист жазып үйрену керек. Сонда ғана оның сауаты, алған білімі қалыптасады деп ойлаймын.
– Соңғы кездері блогерлер мен журналистердің бас қосатын жері бір арнада тоғысып жатады. Екеуінің дәрежесінде бірдей қойып қойғандай. Сіз осыған келісісез бе?
– Өте күрделі сұрақ. Әрине, теңестіру дұрыс емес. Журналистика – ол бөлек мамандық. Оның этикасы, заңдылығы, қағидасы бар. Ал оны бұзуға әкелетін сол блогерлер деуге болады. Осы пікірім үшін олар маған ренжитін де шығар. Бірақ бұл шындық. Өйткені олар көп стандарты, қоғамдық қағиданы ескермейді.
Блогерлердің бәрі сауатсыз дей алмаймын. Арасында да сөз түсінетін, ойын орнықты жеткізе алатындар бар. Бірақ ақ пен қараны ажырата алатын кәсіби журналистердің орны бөлек. Ал біреуді насихаттап, оның жарнамасын жасап жүрген блогерлерді көргенде іштей қынжыласын. Оларға журналист ретінде БАҚ өкілдерінің өзіне өте ауыр тиеді.
– Ендеше мына мәселеге тоқталайықшы. Біздің елде ұстаздың, дәрігердің, полиция қызметкерінің және басқа да сала мамандарының өз мәртебесі бар. Осы ретте туындайтын сұрақ, Сіздің ойыңызша журналистерді лайықты түрде мәртебесін бекіту қажет емес пе?
– Журналистердің белгілі санатқа жатуы дұрыс емес. Бұл – менің жеке пікірім. Оған көпшілік келіспеуі де мүмкін.
Журналист – төртінші билік. Ешкімге бағынбау керек. Солай болып қалуы тиіс. Егер мемлекет тарапынан оларға үй беріліп, сый-сияпатқа бөлеп жатса, демек қарымта ретінде бірдеңе күтілуі де мүмкін. Сондықтан журналистер тәуелсіз болғаны жөн.
Одан кейін қазіргі таңда көп БАҚ-тың өміршеңдігі мемлекеттік тапсырысқа байланысты. Оны мойындауымыз керек. Бірақ одан арылғанымыз жөн. Сынайтын жерде сынап, ақ-қарасын көрсетіп, ақпаратты анық жеткізгенге не жетсін! Сондай-ақ қазіргі таңда медиа-менеджерлерге заманауи дағды жетіспейді. Яғни кәсіпкерлік бағытында жұмыс істеп, өз өнімін ұсына білген дұрыс. Олар тек мемлекеттік тапсырысты орындаумен шектелмей, тәуелсіз болып, табыс табу деңгейіне жету керек деген ойдамын.
– Мадияр Құдайбергенұлы, тілдесу үшін уақыт бөлгеніңізге көп рақмет. Сауалдарға нақты жауап берілді. Болашақ журналистерге білім беріп, жол сілтеуші ретінде Бұқаралық ақпарат құралдары күні Сіздің де мерекеңіз деп есептеймін. Қызметіңіз жемісті болып, ел мүддесі жолында жолында еңбек ететін шәкірттеріңіз көп болсын.
– Сізге де рақмет. Барлық БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі құтты болсын! Тәуелсіз журналистердің қатары, бақ-беделі арта берсін.Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, еліміздің егемендігі мәңгілік болсын.
Сұхбаттасқан Дидар МӘЛІКҰЛЫ.