Осыдан бір апта бұрын аудан әкімі Жандарбек Далабаев Жандосов ауылдық округінде ауыл тұрғындарының алдында екінші есептік кездесуін өткізді. Аудан басшысының есебін тыңдау үшін ауыл халқы аталмыш ауылмен аттас орта мектептің мәжіліс залына жиналды. Бұл жиынға қатысушылардың қатарында осы ауылдық округтің әкімі Алпамыс Айдаров, аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдары, әр салаға қатысты бөлім басшылары, ауданның кәсіподақ ұйымының, қоғамдық кеңестің төрағалары және облыстық, аудандық деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысты. Есептік кездесуді аудандық мәслихаттың хатшысы Айтбай Көшкімбаев төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Әдеттегідей күн тәртібінде аудан басшысының өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық қорытындысы мен 2019 жылда атқарылатын міндеттер баяндалды.
Алдымен аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы 2018 жылда атқарылған біраз жоспарлы жұмыстардың іске асқанын айтып, ең бастыларына ерекше тоқталып өтті. Әсіресе, экономикалық деңгейдің көтерілгендігі, ауылшаруашылық, мәдениет салаларының едәуір дамығандығы, медицина жағынан өзгерістердің болғандығы кеңінен айтылды. Сонымен қатар, ауданымыздағы білім беру саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың өзектілері де жалпыға мәлім етілді. Оның ішінде кейбір ауылдық мектептерде жапсаржай құрылыстарының жүргізіліп жатқандығы, әрі олардың осы жылда аяқталатындығын айтсақ болады. Ауданымыздың бірнеше ауылдарында жеті мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуінің үш ауысымды мектептің азаюына септігі мол екені түсіндірілді. Үш ауысымды демекші, аудан басшысы биылдың өзінде ауданымызда 11 үш ауысымды мектептердің жұмыс істеп жатқандығын тілге тиек етіп, оның да шешімін қарастыруға байланысты ойын жеткізді.
Көптеген игі істерге жалпы шолу жасалғаннан кейін Жандарбек Ермекұлының баса назар аудартып, тағы бір айрықша тоқталғанының бірі – ауданның 90 жылдығы болды. Аудан басшысы бірқатар іс-шаралардың жоспарлы түрде атқарылып жатуы оңды екенін алға тартып, алайда, бұл мүмкіндіктеріміздің шегі еместігін жеткізді. Сондай-ақ, ауданға 90 жыл толуға байланысты «90 жылдыққа – 90 іс-шара» атты іс-шаралардың жоспары бекітілгендігін қосымша айтты.
– Ауданның мерейтойы, абыройы – бәрімізге ортақ. Ендеше, құрметті тұрғындар, осындай ізгі істерден тыс қалмай, жұмыла атсалысуларыңызды сұраймын, – деді аудан әкімі Жандарбек Далабаев.
Осылайша ауыл тұрғындары аудан басшысының өткен жылға жасаған қорытындысын тыңдап, атқарылған жұмыстарға өз бағаларын беруді жөн көрді. Жарыссөзге жазылғандардың алғашқысы болып осы ауылдың ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қазбек Жақсылықов сөз сөйледі. Қысқа да нұсқа өз ойын білдірген ауыл ақсақалы ауданымызда барлық сала жағынан өрлеу бар екенін айтып, аудан әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.Ал, Шалқар ауылының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жолымхан Ноғаев ауылдастарының атынан аудан әкімінің атқарып жатқан істеріне алғысын айтып, бірқатар өтінішін де ортаға салды. Мәселен, ауылда жастарға арналған мәдени ошақ жоқтың қасы көрінеді. Одан бөлек, ауылшаруашылықтың дамуы, дәрігерлік амбулатория мен балабақшаларға қатысты мәселелер де айтылды. Осындай өтініш, ұсыныстардан кейін ауыл ақсақалы ауданның 90 жылдығына қатысты өз пікірін білдіріп, барлығын бір кісідей қолдауға шақырды.
Ауыл тұрғындарының атынан келесі сөйлеген жергілікті амбулаторияның дәрігері Майра Тәукенова болды. Дәрігер алдымен аудан әкімінің жасаған жұмысына қанағаттанарлық бағасын беріп, ауыл адамдарын толғандырып жүрген басты мәселесін жеткізді. Ол ауылға қажетті дәрігерлік амбулаторияның жеке өз ғимаратының болмауы еді. Айтылған мәселеге қатысты денсаулық сақшысы аудан әкімінен қолдау күтетінін жеткізді. Жиын барысында жарыссөзге жазылған адамдардан бөлек ауыл тұрғындары арасынан өз өтініштерін айтқандар мен аудан әкіміне деген ризашылықтарын білдіргендер де кездесіп жатты. Жастардың болашағына алаңдаған қария Картай Әлиаскаров өскелең ұрпақ жұмыссыз жүрмей, пайдалы іспен айналысса деген толғанысын айтты.
Барлық айтылған мәселені тыңдаған аудан әкімі Жандарбек Далабаев әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, тиісті бөлім басшыларынан нақты жауап беруін сұрады. Сонымен қатар, жастарға қатысты айтылған пікірлердің орынды екенін ескеріп, аудандық жастар ресурсы орталығынан нәтижелі жұмыс атқаруын талап етті. Балабақша мәселесін аудан басшысы осы ауылдық округтің әкімі Алпамыс Айдаровқа жүктеп, көп уақыт өткізбей шешімін табуды тапсырды. Ал, Шалқар ауылының дәрігерлік амбулаториясына қатысты сұрақ уақыт еншісіне қалды. Өйткені, алдымен жер телімі, екіншіден, бюджеттен жеткілікті қаржының бөлінуі маңызды болып отыр.
Аудан әкімі осындай көкейкесті сан мәселенің бірден шешіліп кетуі оңай еместігін ескертіп, осы ауылда тағы бір жиын өткізуді ұйғарды. Сондықтан барлық мәселе уақыт талабымен өз нәтижесін беретіндіктен, осы жылдың сәуір айында қайта басқосу қолайлы деп шешілді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.