Округ әкімі Ержас Тоқтасыновпен сұхбат
– Ержас Серғазыұлы, Шамалған ауылын республикамыздың барлық аймағындағылар да біледі десек, артық айтқандық емес. Өйткені, бұл елді мекен бүкіл ел-жұртқа Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған жері ретінде мәлім. Сол үшін де үнемі көпшілікке ерекше көрінеді.
– Дұрыс айтасыз. Тәу етер тәуелсіздігіміздің басында тұрып, егемен елімізді дамудың даңғыл жолына түсірген, қазір кемел келешекке батыл бастап бара жатқан Елбасымыздың кіндік қаны тамып, дүние есігін ашқан, үлкен өмірге қанат қаққан жері ғой.
Осының өзі-ақ ойымызды өсіріп, бойымызға айрықша күш беретіні анық, үлкен жауапкершілік жүктеп, біздің жұмысымыздың әрдайым сапалы, нәтижелі болуын талап етеді.
– Енді әңгімемізді округтің жалпы жағдайына қарай бұрсақ, халық саны, жер көлемі дегендей…
– Жалпы аумағы 9 мың 990 гектарды құрайтын Шамалған ауылдық округі құрамына Шамалған ауылы мен орталықтан 43 шақырымдық жерде орналасқан Айқым ауылы және 11 саяжай кіреді. 18 ұлт пен ұлыс мекен ететін бізде тұрғындар саны соңғы екі жылда 2 мың 746 адамаға артты, яғни, былтырғы жылы 19 мың 731 адам болса, биыл 22 мың 477 адамаға жетті. 2017 жылы 580, ал, өткен жылы 591 сәби дүниеге келген, мұндай өсім, әрине, қуантады.
Округте 5 мектеп бар, оларда 5 мың 510 оқушы білім алуда, 530 мұғалім қызмет істейді. Сонымен қатар, 2 кәсіптік колледждегі студенттер саны бір жарым мыңға жуық. Мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру бойынша 280 орындық «Бота» мемлекеттік балабақшасы және 580 баланы қамтитын 4 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Ал, шағын орталықтарда 125 бала тәрбиеленуде.
Сондай-ақ, ауылдық үлкен көп салалы ауруханамыз бар. Ол жерде 29 дәрігер, 56 медбике халық саулығының қырағы күзетінде тұрып, денсаулық сақшысы ретіндегі міндеттерін атқаруда.
– Ал, ауыл шаруашылығының жағдайы қалай?
– Округіміздегі ауылшаруашылық мақсатындағы жердің көлемі 5 мың 83 гектарды құрайды. 260 шаруа қожалығы тіркелсе, оның 13-і мал өсірумен айналысуда. Сонымен қатар, бір ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатындағы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы «Дүние-Агро» жауапкершілігі шектелген серіктестігіне селекциялық асыл тұқымды мал үшін 8 млн. теңге субсидия берілді. Сол сияқты «Игілік» бағдарламасы аясында 34 млн. теңге несие алынды.
– Өнеркәсіп пен кәсіпкерлік саласы бойынша не айтасыз?
– Бізде негізгі үш кәсіпорын жұмыс істейді. Олар – табиғи таза жеміс сусынын шығаратын «Агрофирма-керуен» акционерлік қоғамы, «Үшқоңыр» ұн зауыты және аяқ киімге арналған крем жасайтын «Ақмекен» жауапкершілігі шектелген серіктестігі. Өткен жылғы жалпы өндіріс көлемі 1,1 млрд, теңгені құрады. Аталаған өндіріс орындарында 80 адам еңбек етуде.
Ал, кәсіпкерлік бағытта округте сексен нысан жұмыс істейді. Тек өткен жылдың өзінде бізде төрт дүкен, бір дәріхана, бір емдеу кабинеті, бір автокөлік жуу орны ашылды. Бұл жерлерде 48 ауыл азамат жұмыспен қамтылып отыр. Жалпы, округ әкімдігі кәсіпкерлікпен шұғылданам деушілерге көмек-қолдау жасауға әрқашан дайын.
Тағы бір қосарым, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2018-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 82 адам жұмысқа тартылды, жастар тәжірибесінен 32 жас өтті, кәсіптік қайта даярлау курсына 30 адам жіберіліп, әлеуметтік жұмыс орындарына 20 азамат жолдама алды. Тұрақты жұмысқа 18 адам орналасты. Сондай-ақ, аталған бағдарлама аясында 11 ауыл азаматы шағын несие алып, өзінің жеке ісін ілгерілетіп отырғанын да айта кетейін.
– Салық жинаудың мемлекеттік мәні бар мәселе екенін өзіңіз де жақсы білесіз, сіздердегі оның жай-күйі қандай?
– Өткен жылы жер салығынан 4 млн. 428 мың теңге жиналып, 111 % орындалды. Мүлік салығы бойынша қол жеткізілген межеміз 128 % құрады. Ал, көлік салығын алатын болсақ, оның орындалуы бұдан да жоғары, яғни, 144 пайызға дейін жеткізілгенін атап айтқаным жөн. Алда да осы орайдағы жұмыстарды оң бағытта жүргізе беретін боламыз.
– Дұрыс екен. Ержас Серғазыұлы, енді округтегі басқа да жаңалық, жақсылықтар туралы айтып берсеңіз.
– Айтайын. Республика Президентінің өзі бастамашы болған мемлекттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қазіргі кезде Шамалған ауылының ауыз су жүйесінің құрылысы және қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде. 348 млн. теңге бөлінген бұл істі 2018 жылдан бері «Таусамалы» ЖШС атқаруда. Елбасымыз жариялаған биылғы Жастар жылына орай, атап айтқанда, мамыр, маусым айларында бүгінде салынып жатқан ауылымыздағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы күтілуде.
Сонымен қатар, өзен бойындағы «Жетісу» көшесінің маңынан жалпы құны 551 млн. теңгеге жететін саябақ салу ісі биыл басталады. Ал, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық «Қарасай батыр» мешітінің алдындағы алаңды абаттандырудың және саябақ жасаудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 3 млн. 189 мың теңге бөлініп отыр.
Сол сияқты ауыл ақсақалының өзі берген 70 сотық жеріне өнер мектебінің орны белгіленіп, оның да жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр. Ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілуде, ол да биыл бітеді. Бұрынғы кинотеатр мен округ әкімдігінің ғимараттары да жаңалаудан, жөндеуден өткізілетін болады.
Округте халық санының көбейіп, жаңа құрылыс аумақтарының пайда болуына байланысты жаңа су ұңғымалары керек екені де белгілі. Айта кетейін, осыларға арнап жер телімдерін бергені үшін, сіздердің газет арқылы, округ тұрғындары Алмабек Жұматаев пен ӘлияРатайқызына ел-жұрттың атынан ризашылығымды білдіремін.
Тағы бір мәселе. Жаңа құрылыс аумақтары электр қуатының же-тіспеушілігін де тудыруда. Сондықтан да қуатты трансформаторлар орнатуды да қолға алудамыз.Биыл, мұнымен бірге облыстық бюджеттен Шамалған ауылындағы Домалақ ана көшесіне 61 млн. теңге, Алдашев көшесіне 37 млн. теңге қаржы бөлініп, олар жөнделіп, асфальттанатын болады.
Сондай-ақ, округімізде жылдағыдай абаттандыру, көріктендіру, көгалдандыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылады. Мәселен, қазіргі кезде апатты жағдайдағы ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары жүргізілуде.
– Сөзіміздің түйіні ретінде Елбасының халыққа соңғы Жолдауының мән-маңызы жайында не дер едіңіз?
– Иә, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2018 жылдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының көтерген жүгі өте үлкен. Мемлекет басшысы экономиканы іргерілетуге, халықтың әлеуетін көтеруге қатысты аса маңызды мәселелерді қозғап, бүкіл еліміздің халқын, барша қазақстандықтарды әлемдегі 30 озық елдің қатарына кіру мақсатында жұдырықтай жұмылуға шақырып отыр. Бұл ретте Ұлт Көшбасшысы туып-өскен өзіміздің Шамалған ауылдық округінің тұрғындары да онда белгіленген үлкен міндеттердің жүзеге асуына үлестерін қосатын болады.
– Әңгімеңізге көп рахмет!
– Сізге де рахмет.
Әңгімелескен Берікбай ҚАДЫҚОВ.