Елдің мұңын Парламент қабырғасында көтеріп, Үкіметтен тиісті жауапты талап ететін Мәжіліс депутаттары шілде айының алғашқы күнінен бастап парламенттік каникулға шыққаны белгілі. Десе да халық қалаулылары еңбек демалысының рахатын бірден көрмей, өңірлерді аралап, аймақтардағы ахуалмен танысып жүргенін айта кету керек.
Халықтың өтінішін тыңдау үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай алғашқы жұмыс сапарын Алматы облысынан бастауды жөн санапты. «Amanat» партиясының өкілі аптаның сейсенбісі күні қарасайлықтармен жүздесу үшін арнайы келді. Аудандық Мәдениет үйіне келген тұрғындардың қарасы қалың болды.
Жиында алдымен Қаскелең қаласындағы «Алтын ауыл» ықшам ауданының мәселесі айтылды. Бір топ тұрғын аулада төселген жалпақ тастардың тозығы жеткеніне, лифттің істемей тұрғанына шағымданды. Алғашқы мәселені мәжіліс депутаты өзі барып танысып көретінін айтты. Ал лифт мәселесіне келер болсақ, ол жайлы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Ескендір Егеубек жауап берді. Оның айтуынша, қазір тиісті жұмыстар атқарылуда, тамыз айында лифт толықтай іске қосылады.
Бұл кездесуде бірнеше тұрғынның тарапынан мәдениет пен білім саласына қатысты мәселелер ортаға салынды. Сонымен қатар, халық қалаулысы Көкөзек, Жамбыл, Қошмамбет, Батан, Жармұханбет, Долан сияқты ауылдардың бүгінгі ахуалынан хабардар болды. Аталған елді мекендерден келген тұрғындар жер дауы, жарықтың жоқтығы, ауыз судың тапшылығы, әлеуметтік нысандардың жетіспейтіні жайлы шағымдарын білдірді. Мақсат Толықбай барлық өтініш-тілектерді тыңдап, қағазына түртіп жазып отырды.
Жиын барысында талқыға түскен тақырыптың бірі – ауыл маңында орналасқан саяжайдың жағдайы. Мұндағы тыныс-тіршілікке жергілікті атқарушы орган араласа алмайтыны белгілі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мақсат Мәлікұлы жан-жақты тоқталып, ауыл статусын алмайынша мәселені шешу қиынға соғатынын түсіндіруге тырысты. Дегенмен Парламенттің өкілі саяжайда тұратын халықтың өтініші жерде қалмайтынын, республикалық деңгейде талқыланатын проблема болғандықтан, елдің жан-айқайы ескерілетінін анық айтты.
Қарасайлықтардың сан алуан ойлары ортаға салынған жиын барысында халық қалаулысының көңілінен шыққан ұсыныс та болды. Мәселен, бір топ тұрғын Үшқоңыр жайлауында орналасқан резиденцияны мүмкіндігі шектеулі балалардың оңалту орталығына айналдыруды алға тартты. Айтуларынша, арнайы мектеп-интернатында білім алатын мүгедектігі бар жасөспірімдерді 9 сыныптан кейін сонда орналастырып, олардың дамып, жан-жақты білім алып, оңалып кетуі үшін жағдай жасау керек. Ал бос жатқан зәулім сарай осы бағытта жұмыс істеуге өте қолайлы болмақ. Өтініш білдірушілер Мәжіліс депутатынан осы бастамаға қолдау білдіруін сұрады. Өз кезегінде Мақсат Мәлікұлы шыныменде, айтылған ұсыныс ақылға қонымды екенін және назарда болатынына уәде берді.
Мәжіліс депутаты тұрғындардың айтар ойларын, ұсыныс-тілектерін үш сағаттан аса тыңдады. Талқылануға тиісі мәселелерді алдағы уақытта мәжіліс мінберінде көтеріп, халықтың аманатын Үкіметке жеткізуге уәде етті.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.