Бабалар аңсаған арманға ұрпақтың қолы жеткен тұғырлы Тәуелсіздігімізге биыл – 30 жыл. Бұл кезеңде қазақ елі бұғанасы бекіп, шекарасы нақтыланған, ұлты мен ұлысы жарасқан, мәдениеті мен экономикасы қалыптасқан республикаға айналды.
Отыз жыл деген қарап тұрсақ, бір адамның ғұмырымен өлшенетін болса, көп уақыт емес сияқты. Дегенмен, сонша жыл ішінде мемлекеттің тәуелсіз ретінде тарихты қалыптастыруы – үлкен жетістік. Міне, біздің еліміз де ширек ғасырдан астам ғұмыр кешіп, азаттықтың ақ таңын арайлатып атқызып келеді. Осы уақыт аралығында мемлекетімізде әр сала өз деңгейінде өсіп-өркендеп, талай нысандар бой көтеріп, халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Олардың арасында бүгінде сапалы білім беріп, оқушыларын озатты етіп тәрбиелеп келе жатқан Қаскелең қаласындағы Нұрсұлтан Әлімқұлов атындағы орта мектебі де бар. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында аталмыш білім мекемесі жайлы қалам тербеп, ой қозғауды жөн санадық.
Алғашында бұл мектеп 1956 жылы бастауыш сыныптарға арналып ашылған. Д.Қонаев пен А.Асқаров көшелерінің қиылысында орналасқан сол кездегі білім ұясына Қаскелең қаласының шығыс бөлігінде тұратын балалар келіп оқитын. Алғашқы директоры Мария Хабарова болды.
Мектептің тарихына сүйеніп, сапалы білім беру жолында еңбек еткен, жас ұрпақтың тәрбиесіне табандылық танытқан Р.Г.Татаркина, А.П.Гурьева, М.Г.Попова сынды алғашқы ұстаздардың есімін де ерекше атап кетуге болады.
1963 жылы аталған бастауыш мектеп жетіжылдық болды. Ал, 1965 жылы сегізжылдыққа айналып, оған М.И.Калининнің аты берілді. Сол жылдары басшылық қызметті Иван Сададилов атқарды. 1973 жылы бұл білім мекемесі басқаша сипатқа ауысты. Яғни, жаңа ғимарат салынып орта мектепке айналды. Осылайша он жылдың ішінде талай өзгерістер орын алып, өзіндік тарихы қалыптасты. 1973-1994 жылдары Дәулетбай Чемербаев, Тамара Семикопенко, Рауль Абдулкаримов, Любовь Кромина сынды тұлғалар директорлық міндетті атқарғанынан да айта кеткен жөн.
Еліміз Тәуелсіздік алған жылдан бастап М.Калинин атындағы орта мектеп орыс және қазақ тілдерінде оқытатын форматқа ауысты. Осы бағытта бүгінгі күнге дейін білім беру жүйесін жалғастырып келеді.
Оның тарих беттері жеті жылдан кейін тағы бір атап өтерлік оқиғамен жаңғыра түсті. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 21 сәуірдегі №441 Қаулысымен мектептің атауы өзгерді. Оған Қарасай ауданының тумасы, талантты ақын, ән өлеңдерінің классигі атанған Нұрсұлтан Әлімқұловтың есімі берілді. Мектеп әлі күнге дейін ауданның мақтанышы болған осы тамаша қаламгердің атымен аталады.
Еліміз егемендік алған кезеңдерден бастап аталмыш білім мекемесінде, яғни, 1994-2005 жылдары Сара Касенова, 2005-2013 жылдары Күмісай Садыкова басшылық қызметте болғанын атап айтуға болады.
Ал, 2013-2014 оқу жылынан бастап бүгінгі күнге дейін мектепті Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, талай жылдары аудандық білім бөлімінде абыройлы еңбек еткен Рысбүбі Дүйсебаева басқарып келеді.
Аудан бойынша Н.Әлімқұлов атындағы орта мектеп – білім беру сапасы жағынан жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқандардың бірі. Жеткен жетістіктері де аз емес. Оқушыларының көбісі аудандықтан бастап, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстардан, әдеби, мәдени, қолөнер, спорт бағытындағы түрлі додалардан жүлделі орын алып, мектеп беделін арттырып келеді.
Ұлағатты ұстаздардың да ауыз толтырып айтатын марапаттары жетіп артылады. Олар да түрлі ғылыми жобаларда бақтары жанып, шәкірттерін білім аламанында шыңдап, жеңісті жолдардан жаңылған емес.
Ұстаз демекші, бұл білім ошағында 1986 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан, ел тәуелсіздігімен бірге әлі күнге дейін оқушылардың тәрбиесіне зор үлес қосып, мамандығына деген адалдығын танытқан Айман Мұсановадай тәжірибелі мұғалім химия пәнінен сабақ береді. 19 жасында ұстаздық жолын осы жерден бастаған Айман апай өткен күнді ерекше еске алады.
– Тарихы терең мектепте жұмыс істегенімді мақтан етемін. Алғашқы қызметім болғандықтан, қаншама жылдан бері талай қызығына куәмін. Кейде, тіпті, өздері шетелде тұрса да «осы мектептің түлегімін» деп сағынып келетін азаматтарды да кездестірген кезім болды, – деп кейбір сәттерді еске алды құрметті ұстаз Айман Әбдіқадырқызы.
Айтпақшы, осы білім ұясын 1988 жылы бітірген Алмабек ағамыз да осы мектепте мұғалімдік міндетін атқаруда. Оқушыларға алғашқы әскери дайындықты үйрететін Алмабек Досымбетов өзі білім алған мектепте сабақ беруді абырой санайды.
– Сыныптастарммен әлеуметтік желі арқылы тілдескенде балалық шақты еске алып, қызықтарымызды айтып тұрамыз, – деп өз әңгімесін айтқан ағамыз былай деп ойын жалғастырды: «Мектеп қабырғасында бірге өскен достарымның көбісі қазір жан-жақта. Кейбірі Германия, Ресей сияқты шет мемлекеттерде тұрып жатыр. Олармен арақатынасымыз жақсы. Басқа елде жүрсе де арнайы ат басын бұрып, осында келіп тұратындар да бар. Оқушы кезге сағынышпен саяхат жасап, ұмытылмас сәттерді бөлісіп тұрамыз».
Мектептің бүгінгі жағдайы жаман емес. Ұжымда 85 мұғалім сапалы білім беру жолында еңбек етуде. Әрбірінің өз алдында жеткен жетістіктері бар. Иә, бұл мектептің аудандағы басқа білім мекемелерімен салыстырғанда атап айтар ерекшеліктері бар. Мәселен, атап көрсетер бір жайт – ішкі тәртібі басты орында тұрады. Тіпті, мұғалімдердің өзі бірыңғай мектеп формасына дағдыланған.
Бұндай бастамалардың барлығы білікті басшы, білгір педагог Рысбүбі Мәмбетәліқызының жетекшілігімен жүзеге асуда десек артық айтқандық емес. Темірдей тәртіпті жақсы көретін мектеп директоры талай жауапты іс-шаралардың өтуін де қатты қадағалайды.
Солардың ішінде қазақтың мақтанышы Н.Әлімқұловқа арналған жыл сайын өтетін дәстүрлі апталықтарын айтуға болады. Айтуынша, ақынның есімін арқалаған соң, оның өнегелі өмір жолын, шығармашылығын дәріптеуден жалықпау керек. Сонымен қатар, Р.Дүйсебаева алда әлі талай атқарылатын жұмыстардың да бар екенін айтып өтті.
– Біздің мектеп тарихи тұлғаның есімімен аталғандықтан, оның ғибратты ғұмырын насихаттау – басты парызымыз деп білемін. Биыл атап өтілетін Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Нұрсұлтан Әлімқұловқа арнайы бөлме ашуды мақсат етіп отырмыз. Тіпті, оны шағын мұражай десек те болады. Онда ақынның жарық көрген кітаптары, балаларға арналған шығармалары, фотолары қойылатын болады. Бұл бастама жалпы жоспарда бар. Жыл соңына дейін жүзеге асырамыз деген ойдамыз, – деп мектеп басшысы өз ойымен бөлісті.
Қазақтың атақты каламгеріне деген құрмет бұл мектепте дәстүрлі түрде қалыптасқан. Жыл сайын мектеп бітірушілер Нұрсұлтан Әлімқұловтың сөзіне жазылған Әсет Бейсеуовтың «Армандастар» әнін әнұран ретінде шырқап, білім ұясымен қоштасады екен. Бұл да ақынға деген ерекше ізгі ілтипат.
Одан бөлек, мектептің фойесінде сөз зергеріне арналған арнайы стенд те бар. Онда ақынның өмірбаяны, белгілі тұлғалармен түскен көптеген суреттері, қолтаңбасымен жазылған жазбалары, түрлі авторлық кітаптары мен қызмет бабындағы құжаттары қойылған.
Отыз жылдан астам тарихы бар біз білетін Н.Әлімқұлов атындағы орта мектебі, міне, осындай. Оқушылары озаты, ұстаздары біліктілігімен беделі артқан жандар. Жыл сайын мұнда «Алтын белгіге» үміткер оқушылар да тізімнен түскен емес. Ол да мектептің білім сапасының төмен еместігіне дәлел десек болады.
Сөзіміздің аяғында Мектеп ұжымының береке-бірлігі арта берсін дегіміз келеді. Ұлт болашағы үшін қалтқысыз қызмет ететін білімгерлері биіктерден көрініп, білім ошағының мәртебесі биік болсын!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.