Ұтымды сөз айтуға қолданатын, орамды ойды білдіретін мақал-мәтелдің қазақ әдебиетінде алар орны ерекше. Сондықтан осындай нақыл сөздің мағынасын жете түсіну арқылы ұлттық құндылығымызды насихаттаймыз. Осы бағытты мақсат еткен Қарасай аудандық тарихи өлкетану музейінің директоры Серік Қалиев мақал-айтысты дәріптеуден жалыққан емес. Орайы келсе ұтымды ұйымдастырудың ретін табатын ақын ағамыз биыл тағы да қарасайлық оқушылар арасында мақалшылар сайысын өткізді. Рухани шара пандемияның салдарынан кейін араға екі жыл салып қайтадан жалғасын тапты.
Осыдан бір апта бұрын өткен мақал айтыс Әйтей Құлманбетұлының 310 жылдығына арналды. «Батыр туса – ел ырысы» деп аталған сөз жарысына ауданға қарасты бірқатар мектептен 50-ге жуық оқушы қатысты. Олар бірнеше топқа бөлініп, бес кезең бойынша іріктеуден өтті. Оза шапқан білімгерлер ақтық сынға жолдама алды.
Оқушылардың нақыл сөзге деген шеберлігін, тапқырлығын Қарасай аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы бастаған БАҚ өкілдері бар қазылар алқасы бағалады. Ал мақал-айтысты осы жобаның авторы, белгілі ақын, аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Серік Мақұлбекұлы жүргізіп отырды.
Сонымен ақтық бәсекеге жеті оқушы жолдама алып, ой жарыстырып, сөз таластырып бақтарын сынады. Дегенмен сайыс болғасын бірінің бағы, басқасының бабы шабатыны анық. Жарыс қорытындысы бойынша Алтынсарин орта мектебінің 11 сынып оқушысы Меруерт Орынғали қатарластарынан басым түсіп, мақал-айтыстың жеңімпазы атанды. Ал оған жол беріп қойған «АйСаф» жеке қыздар мектебінің 10 сынып оқушысы Нұркәусар Мунер ІІ орынға лайық деп танылды. Жүлделі ІІІ орын Үшқоңыр орта мектебінің 8 сыныбында оқитын Қарақат Тоқбергенге бұйырды. Сонымен қатар осы аталған үздік үштіктен кем түспеген Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Мадина Төреғұлова ынталандыру Алғыс хатына ие болды.
Финалдық кезеңде өнер көрсеткен қалғандары да сыйлықтан құр алақан болмады. Атап айтқанда, Жамбыл орта мектебінің 9 сынып оқушысы Ақбота Әбдіманап пен Б.Тамабаев орта мектебінің 7 сыныбында оқитын Сымбат Оразбай, Асыл Өтепберген сынды оқушылар марапатталды. Ақтық сынға шыққандардың барлығына сахна төрінде мақал-айтысты ұйымдастырушы Қарасай аудандық тарихи-өлкетану музейінің атынан арнайы Алғыс хат пен қаржылай сыйлық табыс етілді. Дәл сол сияқты басқа да белсенді қатысқан оқушылардың барлығына музей басшысы Серік Қалиев уәде еткендей, алдағы уақытта аталмыш мұражайдың арнайы Алғыс хаты берілетін болады.
Өз тілшіміз.