Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов біздің ауданда екі кездесу өткізіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының қағидаларын түсіндірді.
Бұл ретте халық қалаулысына Алматы облыстық қоғамдық келісім орталығы – «Достық үйінің» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев еріп жүрді.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен кездесуді аудан әкімі Жандарбек Далабаев ашып, жүргізіп отырды. Алдымен Сауытбек Абдрахманов өзінің өмір жолы жайында қысқаша айтып берді. Он алты жыл бойы республикалық «Егемен Қазақстан» газетін басқарған. Бұл оның Елбасының әртүрлі мемлекет басшыларымен болған көптеген кездесулеріне қатысуына және Тұңғыш Президенттің ірі де кемел тұлға ретіндегі қасиеттерін терең ашуына мол мүмкіндік берген.
Ол, сонымен қатар, Елбасының Президенттік сайлауда 72% дауыс алған Қасым-Жомарт Тоқаевтай лайықты ізбасар тәрбиелегенін де тілге тиек етті.
Бүгінде бүкіл әлем үлкен өзгеріс үстінде. Соған сәйкес жаңару, жаңғырулар біздің елімізді де қамтып отыр. Бұл ретте, шын мәнінде, қазақстандық мұғалімдердің беделі мен құрметін арттыратын, білім сапасының жақсаруына көп ықпал ететін «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы да көңілге қуаныш ұялатады.
Осы орайдағы проблеманың бірі – білім саласында еңбек ететін ер адамдар өте аз. Жаңа заң бойынша әр педагогтың жүктемесі 18-ден 16 сағатқа азайтылды, ал, айлық жалақы төрт жыл ішінде 25% артып, нәтижесінде 100% өседі.
Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшін тарту квотасының азайтылатыны, цифрландыру, АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) тағайындау, вакцинация, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау туралы заңнама, зорлық-зомбылық пен педофилияға, көлікті мас күйінде жүргізуге қарсы күресті күшейту және т.б. өзекті мәселелр әңгіме арқауына айналды.
Кейбір мәселелерді Жандарбек Ермекұлы да көтерді. Мәселен, қазақ тіліне осы заманғы түркі сөздерін қолдану, адамдардың шынымен де сол аймақта тұрақты қалып, өмір сүруі үшін халық тығыз орналасқан аймақтардан тұрғындары аз жерге қоныс аударушыларға қатысты заңнаманы қайта қарастыру, қазіргі кезде қоғамда орын алып отырған масылдық пиғыл жайында айтты. Өз кезінде әкім ретінде, бюджетте мұндай шығындар қарастырылмаса да, қажет еткендерге газ жүргізуге, пәтерге ие болуға, көмір алуға көмектесетінін жеткізді. Алайда, кейбір адамдар мұны мемлекеттің тікелей міндеті деп түсінетін тәрізді.
Аудан мұғалімдері қатысқан осындай кездесу Абай атындағы мектеп-гимназияда да өтті.
Мұнан кейін Мәжіліс депутаты Шамалған ауылында болып, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын аралады, құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.
Суретті түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.