Аптаның бейсенбісі күні ауданымызға жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Данияр Әлімбаев келді. Халық қалаулысын «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов, облыстық мәслихат депутаты Жанна Жазықпаева, аудандық мәслихат депутаты Мұхтар Байқұлов және басқа да партия мүшелері қарсы алып, ауданымызда орналасқан бірқатар маңызды мекемелердің жұмысымен таныстырды.
Алдымен Мәжіліс депутат аудан орталығы Қаскелең қаласында орналасқан «AZAMATSHA KZ» қайырымдылық қорын аралап, тыныс-тіршілігіне қанықты. Орталықтың жұмысы жайлы оның директоры Мадина Саутбекова айтты.
Осыдан небәрі 8 ай бұрын жұмысын бастаған қор бүгінде көптеген әйелдерге көмек көрсетіп үлгерген.Оның негізгі мақсаты көп балалы және жалғыз басты аналарға, түрмеден шыққан немесе әлі де түрмеде отырған әйелдерге қолдау көрсету болып табылады. «AZAMATSHA KZ» қорының басқа қайырымдылық ұйымдардан өзгешелігі мұнда әйелдерге ең алдымен психологиялық және құқықтық көмек көрсетеді. Бұған қоса қор бірқатар кәсіпорындармен, меценаттармен ынтымақтастық орнатып, мұқтаж отбасыларды азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етумен де айналысады.
Халық қалаулысы мұндағы бухгалтерлік есеп пен компьютерлік сауаттылыққа баулитын және балаларды дамытуға арналған бөлмелерді аралап шықты. Аталмыш мекеменің директоры М.Саутбекова Данияр Кенғазыұлына ғимаратты көрсете отырып, бұның бәрі көмекке мұқтаж әйелдерге сауаттылықтарын ашып, бір мамандықты игеріп, алдағы уақытта өздерін жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретіндігін айтып өтті. Бүгіннің өзінде қор 300-ге жуық әйелге көмек көрсеткен.
Мәжіліс депутаты одан кейін Қаскелең қаласының кіре берісінде орналасқан заманауи Сулейман Демирель атындағы жоғарғы оқу орнына барды. Университеттің ғимаратын аралау барысында халық қалаулысы мұндағы оқу кабинеттерінен бөлек, еліміздегі ең ірі банктерінің бірі «Halyk Bank» пен бірлесіп ашқан «Халық академиясымен» танысты. Бұл жерде банк пен IT мамандары студентерге шеберлік сабақтарын өткізіп, өздерінің білімдерімен бөліседі. Ал, студенттер теория жүзінде алған білімдерін тәжірибемен ұштастырады, осылайша оқуды бітірген кезде практиканы талап етпейтін дайын маман болып шығады.
Сонымен қатар, халық қалаулысы мұндағы студентерге арналған қызмет көрсету орталығымен де танысты. Аталмыш орталық мемлекеттік стандарт негізінде студенттерге «бір терезе» қағидаты бойынша көмек береді. Яғни, талапкерлерге мұнда оқу бойынша туындаған сұрақтарға кеңес алып, қажетті құжаттарын дайындауға көмек беріледі.СҚКО-нан кейін депутат университетін кітапханасын, акт залы мен лекция оқитын аудиторияларын да толығымен қарап шықты.
Заманауи, қажетті технологиялармен жабдықталған университетпен танысып шыққан Данияр Әлімбаев оның жұмысына «тамаша» деген баға беріп, ректоры Давронжон Гаиповқа алғысын білдірді.
Одан кейін іссапарының бірінші кезеңіндегі бағдарламасына сай Парламент Мәжілісінің депутаты ауданымыздың барлық аймақтарын толықтай сумен қамтамасыз етуге бағытталған «Қаскелең су топтамасының» жұмысымен де танысып қайтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.