Аптаның сейсенбісі күні ауданымызға кезекті жұмыс сапарымен Парламент Мәжілісінің депутаттары «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Данияр Қасқарауов пен Максим Рожин келді. Халық қалаулылары аудандағы құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысып қайтты.
Ең алдымен депутаттар ауданға қарасты Ұмтыл ауылдық округі Мерей ауылында орналасқан Мәдениет үйіне барды. Аталған мәдениет ошағы 1982 жылы қолданысқа берілген. Ашылғанына 40 жылдам астам уақыт болғандықтан соңғы жылдары мекеменің ғимараты ескіріп, қайта жөндеуден өтуді талап етті. Осыған байланысты ағымдағы жылдың ақпан айында Мәдениет үйінің ғимаратын күрделі жөндеуге конкурс жарияланды. Оның қорытындысы бойынша «Асыл тау» ЖШС жеткізушісі жеңімпаз болып анықталып, қазіргі уақытта ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәжілісмендер нысанды аралап, жасалып жатқан жұмыс барысымен танысып, құрылыстың қарқынына риза болды.
Одан кейін депутаттар Қаскелең қаласындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 1500 орындық мектеп құрылысымен танысты. Жалпы сомасы 6.6 млрд теңге болатын білім ошағы заман талабына сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Мердігер мекеменің өкілі жыл соңына дейін білім ордасының құрылысын аяқтайтынын жеткізді. Жаңа білім нысанында балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалмақ. Мектепте оқу кабинеттерімен қатар, технологияларды өңдеу шеберханасы, спорт залы, мәжіліс залы, асхана, зертханалық және компьютерлік сыныптар, медицина кабинеті болады.
Құрылыс жұмыстарымен толықтай танысып шыққан мәжіліс депутаты Максим Рожин білім ордасы барлық стандарттарға сай салынып, сапалы құрал-жабдықтармен қамтамыз етілуі керектігін айтты. Сондай-ақ бұл мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тұрғызылып жатқандықтан, мұндағы жиһаз толықтай отандық өнім болуы қажет екенін жеткізді.
Мұнан соң халық қалаулылары Шамалған ауылындағы «Алатау Прогресс Кз» ЖШС барып, 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтыған «Altamir» өндіріс цехының жұмысшыларымен кездесті. Сонымен қатар кәсіпорынның құрастыру цехын аралап көріп, шығарылып жатқан өнім түрлерімен танысты. Мекеме басшысы Берік Жиембаевтың айтуынша, бүгінгі таңда осы зауытта өндірілетін мектеп жиһаздары тапсырыс берушілер тарапынан жақсы баға алып, сұранысқа ие болуда. 2023 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 2 миллиард теңгені құраған.
Мәжілісмендер еңбек ұжымына ҚР заңнамасындағы өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіріп, партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ отандық өнімді қолдайтын Максима Николаевич осындай кәсіпорындарға қолдау көрсетіп, олардың кеңеюіне барынша жағдай жасалу керектігі туралы айтып өтті.
– Менің ойымша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынатын мектептердің ішкі жабдығын қамтамасыз етуде 100% отандық өндірісті тарту керек. Сәйкесінше, заманауи жиһаз да барлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес болуы шарт. Соңғы кезде өнім өндіруде отандық үлестің мол болуына ерекше атап өтуге болады. Дегенмен, отандық үлесті арттыру және дайын өнімді сату аумағын кеңейту бағытында әлі де ауқымды жұмыс істеу қажет. Өйткені, экономиканың негізгі бөлігі болатын жеңіл өнеркәсіптің мысын импорт басып жатыр. Біз өз тарапымыздан көмектесуге дайынбыз, – деді депутат.
Айта кету керек, Алматы облысына қарасты халық тығыз қоныстанған Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл, Іле, Талғар аудандарында үш ауысымдық 39 мектеп бар. 26 мыңнан астам оқушыға орын жетіспейді. Жалпы облыста үш ауысымды мектептер мен оқушы орны тапшылығын жою мақсатында облыстық «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында «Жайлы мектеп» жобасымен 53 мектеп салыну жоспарланған.
Сапар барысында депутаттар Шамалғандағы «ҚЗТА-Қазақстан құбыр арматура зауыты» өндірістік нысанының жұмысымен де танысып шықты. Кәсіпорынға қарасты зауытты аралап, еңбек ұжымымен кездесіп қайтты.
Аталған кәсіпорын 2010 жылы құрылған. 2023 жылы компанияға қарасты қосалқы зауытын құрылысы басталған еді. Аумағы 1,5 гектарды құрайтын зауыт бүгінде тұрақты жұмыс істеп тұр және жақын арада толық қуатына шығады. Оның аумағында әкімшілік-тұрмыстық кешен, аумғы 3,5 мың шаршы метрді құрайтын механикалық өңдеу цехы және бояу цехы орналасқан. Бұған қоса сынақ алаңы мен шикізат пен дайын өнім сақталатын қойма да бар.
Қазіргі уақытта кәсіпорын жылумен, сумен, энергиямен қамтамасыз ету, мұнай-газ, мұнай-химия және басқа салаларда қолданылатын сапалы құбырды өшіру клапандары мен құбырларды шығарумен айналысады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.