Облыстық мәслихаттың төрағасы Талғат Байеділов Жамбыл ауданына жасаған іссапарында бірнеше елді мекенді аралап, ақындар мен батырлар елінің тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ жергілікті мәслихат депутаттарымен, мекеме басшыларымен арнайы жиын өткізді.
Жаңадан сайланған мәслихат төрағасы ауданға сапарын «Айтыс өнерінің алтын діңгегі» атанған Сүйінбай Аронұлының рухына тағзым етуден бастады. Жыр сүлейінің Қарақыстақ ауылының шығысындағы мәңгілік мекеніне атбасын тіреген халық қалаулысы осындағы ақын кесенесіне тізе бүгіп, құрмет көрсетті. Одан кейін Қарақыстақ ауылында салынып жатқан спорт кешенінің құрылысымен танысты. Бұл нысанды салу облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша өткен жылдың маусымында басталған болатын. 50 орынға арналған спорт кешенін «СемШоғыҚұрылыс» атты ЖШС салуда. Аталған бас мердігер ұйымның директоры Серік Жазықбаев депутатты істің барысынан хабардар етті. Айтуынша, жұмыс жоспарлы түрде ойдағыдай орындалуда. Қолданылатын құрылыс материалдарының сапалы болуына мейлінше күш салынуда. Ол арнайы зертханада тексеріледі. Екі қабатты заманауи денешынықтыру-сауықтыру кешенінде келешекте тұрғындар бірнеше спорт түрімен айналысып, саламатты өмір салтын ұстанатын болады. Пайдалануға берілгенде мұнда 21 жұмыс орны ашылмақ. Жобаның жалпы құны – 712 миллион теңге. Оның 160 миллионы өткен жылы игерілген. Биылғы жылға 516 миллион теңге бөлініпті. Халық қалаулысы жұмыстың сапалы болуына және белгіленген кестеден кешіктірмеуге назар аударды.
Мәслихат төрағасы мұнан соң осы ауылдағы Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалды музейін аралады. Ондағы жәдігерлермен аталған музейдің меңгерушісі Аяужан Сәдуақасова таныстырып шықты. Талғат Ескендірұлы сондай-ақ Жамбыл ауылындағы Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейіне барды. Ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, осындағы кесенесінде Құран бағыштады. Сондай-ақ өз аманаты бойынша музей ауласынан мәңгілік мекенін тапқан әйгілі композитор, дарынды күйші Нұрғиса Тілендиевтің ескерткішіне де тәу етті. Жамбыл музейінің ішін аралап, жәдігерлермен мұқият танысып шықты. Жетісудың арқалы ақындары Сүйінбай мен Жамбылға құрмет көрсеткен халық қалаулысы қос музейден керемет әсер алғанын білдіріп, мәдени мұралар ұлттың баға жеткісіз асыл қазынасы екенін атап өтті. Сондықтан ауданға жасаған алғашқы қызметтік сапарын ұлт тұлғаларына құрмет көрсетуден бастауды әдейі ырымдап келгенін жасырмады.
Талғат Байеділов Жамбыл ауылының Мәдениет үйінде жергілікті мәслихат депутаттарымен, аудандық мекеме басшыларымен жиын өткізді. Аудандағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалу барысын білу және құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу мақсатындағы іссапарына арналған жиынға облыстық мекеме жетекшілері де қатысты. Алдымен аудандық мәслихат төрағасы Мадияр Әмірғалиев жергілікті мәслихаттың атқарған жұмысын қысқаша хабарлады. Одан кейін Талғат Ескендірұлы сөзін ауданға келгенде өзі байқаған жағымды жайлармен бөлісуден бастап, жолдар жақсы жағдайда, көшелер мұнтаздай таза, барған ауылдардың көркіне көз тоярлық екенін айтты. Жиналғандарды облыстық мәслихаттың алдына қойылған негізгі мақсат-міндеттерімен таныстырды. Мәслихаттың заңнамалық қызметі, аймақтардағы өзекті мәселелерді шешуге, қала мен аудандарда мемлекеттік бағдарлама, заңнамалық құжаттардың орындалуына депутаттық ықпал ету, жергілікті мемлекеттік және өзін өзі басқару жүйесін дамыту, аудандық мәслихаттарға әдістемелік көмек көрсету сияқты бағыттарға тоқталды. Өз сөзінде азаматтардың әл-ауқатын көтеру – қызмет тұтқасын ұстаған лауазым иелерінің басты міндеті екенін баса айтты.
Жиында Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндап, алты айдың қорытындысы бойынша көрсеткіштерге тоқталды. Барлық салалар бойынша мәліметтерді жеткізген аудан басшысы ақындар мен батырлар елінің алдағы өсіп-өркендеуі үшін қолға алынып жатқан жаңа жобалардан жан-жақты хабардар етіп, осы жылы айтарлықтай оң үрдіс байқалғанын атап өтті. Ежелден ауыл шаруашылығына бейімделген аймақта жаңа өндіріс орындары ашылу үстінде. Биыл жалпы құны 30 миллион теңге құрайтын және жылына бір тонна күнбағыс майын өндіретін жаңа кәсіпорын іске қосылып, төрт адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алты айдың ішінде ауданға 17,2 миллиард теңге инвестиция тартылған, ал жыл бойына 54,7 млрд теңге тарту болжанып отыр.
Ауданда қалыптасқан өзекті мәселелер де қозғалып, шешу жолдары талқыланды. Мәселен, биылғы құрғақшылық жылы мал азығын дайындауда үлкен қиындық бар. Себілген арпа мен бидай ауа райының қолайсыздығынан комбайн жаткасына ілінбей қалды. Салдарынан диқандардың егістікке жұмсаған миллиондаған қаражаты желге ұшты. Шабындықта шалғыға ілінер шөп жоқ. Мал иелері шөпті сырттан, басқа облыс, аудандардан қымбат бағамен сатып алуға мәжбүр. Егер ауданда суландыру жүйелері дұрыс болса, мал азығына арналған дақылды көптеп өсіруге болар еді. Күрті аймағындағы өткен ғасырда салынған жүздеген шақырымдарды құрайтын ирригацциялық жүйелер әбден тозығы жетіп, бүлініп, тіпті, қолды болып кеткен. Соны қалпына келтіру – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Оған қомақты қаржы қажет. Асты бетондалмағандықтан, су арналарымен келетін судың біраз бөлігі топыраққа сіңіп кетеді, яғни, шығыны көп. Бір кездері арнаны тереңдету, су өткізбейтін материалмен бекіту ісі қолға алынғанымен, толықтай орындалмаған. Күрті аймағындағы Айдарлы, Бозой, Сарытауқұм ауылдық округтерінің тұрғындары су тапшылығынан қауын-қарбызды көптеп өсіре алмай отыр. Су жеткілікті болса, аталған аймақ дәмі тіл үйірер қауын-қарбыз өсіруге өте қолайлы.
Талқылау кезінде мәслихат төрағасы осындай өзекті мәселелерге назар аударды. Сонымен қатар залдан сұрақтар қойылып, соған орай жауапты сала басшылары тыңдалды. «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу тетіктерінде орын алған түсінбеушіліктер айтылды. Мал шаруашылығында мемлекеттен бөлінетін демеуқаржыға ие болу шарттары түсіндірілді.
Облыстық мәслихат төрағасы сапарының соңында аудан орталығында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерді көрді. Халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызу үшін Ұзынағаш ауылында қатарынан бірнеше көпқабатты үй бой көтерген. Аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Марат Әкеғұловтың айтуынша, қазіргі уақытта іші-сыртын әрлеу жұмыстары жасалуда. Сол баспаналардан 180 пәтерлі үш тұрғын үй осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Айта кетсек, ауданда 3286 азамат тұрғын үй кезегінде тұр.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Суреттерді түсірген: автор.
Жамбыл ауданы.