Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының (ҚМДБ) бастамасымен еліміз бойынша Мәуліт айы өз деңгейінде аталып, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өнегеге толы өмір жолдары барынша дәріптеліп келеді. Жыл сайын өткізілетін Мәуліт мерекесі өткен аптаның сенбісінде біздің ауданымызда да ұйымдастырылып, пайғамбарға салауат айтылды.
Аудандық Мәдениет үйінде жүзеге асқан іс-шараға құрметті қонақтар шақырылып, сахна төрінде асыл пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) арнаулар оқылып, уағыздар айтылды. Шараға келген қауымы алдымен Алла елшісіне деген салауатты тыңдап, Құран сөздеріне құлақ түрді. Кейін Қарасай ауданының бас имамы Ринат Ташенов ұлық мерекемен баршасын құттықтап, ұлы ұстаз Мұхаммед (с.ғ.с.) жайлы азды-кем ой-толғанысын жеткізді. Сондай-ақ, ҚМДБ-ның дін ғалымы Ерлан Ақатаев пайғамбардың іс-әрекеті мен өмір жолынан сыр шертіп, имандылық қағидаттарын кеңінен сөз етті. Ислам дінін уағыздаушы ретінде елімізге танымал Ерлан ұстаздың байыппен айтқан ұлағатқа толы әңгімесі жиналған жұртшылықты бір керемет күйге, жан жадыратар сезімге бөледі десек артық айтқандық емес.
Мерекелік кеш барысында пайғамбардың замандас достары болып саналатын сахабалардың бірі – азаншы Біләлдің (р.а.) рөлі сомдалып, кино және театр актері Болат Мамытбектің шеберлігімен «Ақырғы азан» монологы орындалды. Сонымен қатар, Иемен басшысы атанған, Алланың құдіретін сезінген, ислам дінінің жолына түскен Тұба патша жайлы сахналық көрініс көрермен назарына ұсынылды. Әсерлі көріністер көптің көңіліне ой салып, рухани таным-түсінікті одан сайын арттыра түскендей. Осындай түрлі қойылымдардан бөлек, шара барысында рухты әндер мен тағылымды термелер орындалып, өнегелі өлең жолдары да оқылды. Мәселен, Дәулет Санақ деген жас өнерпаз «Алла» әнін шырқаса, Баймұхамет Мұқатай «Жақсыға түссе ісіңіз» термесін орындады. Тыңдармандарды баулыған әндердің бірі Болатхан Айтмұхамбеттің орындауындағы «Өмір өлшемі» болды. Ал, қарасайлық Жастар театры «Пайғамбарға арнау» деп аталған поэзия арқылы Алла Елшісіне деген мадақтарын білдірді.
Кештің ең әсерлісі сұрақ-жауапқа ұласқан көрермендер арасындағы ойын болды. Алдымен ислам дінінің айналасындағы жеңіл сауалдар қойылса, соңында барлық қонақтардың қатысуымен көпшілікке ерекше сыйлық ұйымдастырылды. Нақты айтқанда, кездейсоқ сандардың айтылуы арқылы залдағы бір көрерменнің отырған қатары мен орны анықталып, оған кіші Умра қажылығын өтеу үшін жолдама берілді. Ал, мұндай керемет сый шамалғандық 8 сынып оқушысы Құралай Жақсылыққызына бұйырып, ол 10 күнге қасиетті Мекке, Мәдина қалалаларына бару бақытына ие болды. Қуаныштан көз жасын тыя алмаған Құралайды Алматы облысының өкіл имамы Қ.Наржанов арнайы құттықтап, «Умра – 2019» сертификатын табыс етті.
Осылайша, адамзаттың ардақтысы, Алланың сүйікті елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар дүниеге келген ай – Мәуліт мерекесі ойдағыдай аталып өтілді. Мұсылман қауымы үшін маңызды болып саналатын ұлық мейрам дәл осылай жылдан-жылға дәстүрінен жаңылмай дәріптеле берсін дегіміз келеді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.