Мемлекет басшы-сының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы еліміздің әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі деп санаймын. Жас буын өкілі ретінде, әсіресе, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы үшін ерекше қуаныштымын. Себебі, болашақ технологияға байланысты, технологиялық тұрғыда дамуға қол жеткізу басқа салаларға да серпін береді. Сонымен қатар, IT бағдарламалар шығындарды азайтып, уақытты үнемдеуге көмектеседі, адамдар өзара ақпарат, тауар және қызмет түрлерін алмаса алатын болады.
Менің де мамандығым, атқаратын қызметім осы жаңашыл бағытпен тікелей байланысты. Еліміздегі алдыңғы қатарлы банкте жұмыс істеу арқылы өзіме көп өмірлік тәжірибе жинақтадым деп айта аламын. Мекемеде барлық іс барысы толығымен компьютерлендірілген. Артық қағазбастылық жоқ.
Аз ғана мысал айтар болсақ, электронды сандық қолтаңба – бұл адамның өз қолтаңбасының нақты көшірмесі. ЭСҚ электронды құжаттың заңды күшіне енуі үшін арналған, бұл заңды тұлғаның өз қолтаңбасымен белгіленіп, мөр басылған қағаз жүзіндегі құжатпен пара-пар дегенді білдіреді. Яғни, бұрын қандай да бір қағазға қол қойылғанын апталар күту қажет болса, енді бұл мәселе жарты күн ішінде шешіле салады.
Бұдан бөлек, банкте төлқұжат чипінде сақталған ақпаратты оқитын құрылғы орналастырылған. Сол арқылы тұрғындар ешқандай анықтама жинамай, ешбір анкета толтырмай банк қызметіне тек бір құжат арқылы келіп жүгіну мүмкіндігіне ие болды.
Мобильді банкинг те өте тамаша дүние. Банкке бармай-ақ, шотыңыздағы ақшаны келесі адамға аударып бере аласыз, тауарды да тұтына бересіз! Қазір бұл үрдіске көпшілік жақсылап қызығушылық таныта бастады деп ойлаймын.
Айтпағым, осының бәрінен-ақ, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы инфрақұрылымды дамытуға, адам капиталын жақсартуға, экономика саласын цифрландыруға және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталғанын аңғарамыз.
Елбасының: «Болашақ жастардың қолында екенін жиі айтады. Қазақстан бүгінде әркімге қай саладан болмасын мол мүмкіндік туғызып отырған ел. Сондықтан цифрлық Қазақстанға қол жеткізу үшін жастарға артар үміт зор», дегені белгілі. Демек, бұл жаңашылдықтарды әлі де насихаттап, әлі де қолданылу аясын кеңейте түсуге, тың идеялар ұсынуға менің қатарластарым, әріптестерім зор үлес қосатынына сенемін.
Сұлтан Жеңісбайұлы,
«Халық Банкі» АҚ-ның Қарасай аудандық басқармасының аға инженері.