Биыл Қазақстан халқы тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде. Тәуелсіздік алғаннан кейін әлемдік қоғамдастықтың беделді қатысушысы ретінде жас ел тарихының жаңа беттері басталды.
Тәуелсіздіктің 30 жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап отыр.
Мен азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атар едім. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды.Тарихи аренаға жаңа тәуелсіз мемлекет, толыққанды қатысушы, әлемдік саясаттың субъектісі, Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі ретінде енді. Ел аумағын ядролық қарудан түгел тазарттық. Елордамызды Арқа төсіне көшірдік.
Екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі. Осы жылдарда мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетіміз нығая түсті. Елімізге шетелден қомақты инвестиция тарттық. Есілдің жағасында бой көтерген еңселі елордамыз ұлттық идеямызға айналды. «Батыс Европа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Тұрғын үй құрылысы да бұрын- соңды болмаған қарқынмен дамыды.
Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. «Қазақстан-2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік.
Әр бағыт бойынша «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» сияқты ауқымды бағдарламалар жүзеге асты. Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік.Сондықтан, Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек ақиқатты айқын болар едік.
Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет.
Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс. Тәуелсіздігіміз асқақтай берсін!
Д. ҚАРАТАЕВА,
Қарасай аудандық қазынашылық
басқармасы басшысының орынбасары.