Үнемі айналасына көтеріңкі көңіл-күй мен қуаныш сыйлайтын, мәдениетке баулитын, киелі сахнаның қадірі мен қасиетін жете түсінетін, өмірлерін өнермен өрген жандардың төл мерекесі де қасиетті Қарасай жерінде ұмыт қалған жоқ. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіптік күніне орай, осы салада тынбай еңбек етіп жүргендер құрметке бөленді.
Яғни, кеше аудандық Мәдениет үйінде елімізде енгізілген карантин тәртібіндегі барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып тек 30 адамға арналған шағын жиын өтті. Айта кету керек, бұл күнгі жылы жүзді жүздесуге сахна саңлақтары ғана емес, сондай-ақ, кітапхана мен музей қабырғасында еңбек ететін жандар да жиналды. Мерейлі жиынның алғы сөзін айтқан аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова мәдениет майталмандарын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, олардың қоғамға рухани байлық сыйлау мақсатындағы үлкен үлестерін сөз етіп, өзінің де жан дүниесі осы салаға жақын екендігін әңгімеледі.
– Бүгінде біз сіздер сақтап және дамытып келе жатқан рухани байлығымызбен, ұлттық және мәдени дәстүрлерімізбен мақтанамыз. Өз істеріңіздің жоғары кәсіби шеберлігінің нәтижесінде сіздер аймағымыздың мәдени мұрасын дамытып келесіздер. Сіздердің бай кәсіби тәжірибелеріңіз, шығармашылық талпыныстарыңыз, өз істеріңіздегі шеберліктеріңіз алдағы уақытта да ауданымыздың мәдени және рухани өмірінің дамуына өз үлесін қосып, жаңа ой мен қайталанбас жобаларды жүзеге асыруға қол ұшын беретініне сенімдімін. Осындай мереке күні сіздерге жаңа кәсіби шыңдарды бағындырып, шығармашылық табыстарға жете беріңіздер, дегім келеді. Әр шаңыраққа шаттық, денсаулық, бақыт және береке-бірлік тілеймін! – деді Күлжан Әділханқызы.
Барлық жақсылықты тілей отырып, бірқатар қызметкерлерді, атап айтқанда, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Құрмет грамотасымен «Үшқоңыр» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Динара Мамаетекованы, Алғыс хаттарымен аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Анар Булекбаеваны мен «Жастар» театрының актері Сержан Елікбайды марапаттады. Оған қоса, Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының, аудан әкімінің және «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының аттарынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын тапсырды. Сондай-ақ, басқосуға арнайы келген аудандық орталық аурухана кәсіподақ ұйымының өкілдері мәдениет саласының қызметкерлеріне өздерінің Алғыс хаттары мен сыйлықтарын табыс етті. Мерейлі жиынның соңы Шамалған Мәдениет үйінің директоры Шәрбану Шәриқызының орындауындағы әдемі әнмен түйінделді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.