Қоғамның келбеті, ұлтымыздың діңгегі, рухани азығымыз – мәдениет пен өнер. Экономика қарыштап дамып, аталған екі сала кенжелеп жатса, онда елдің аяғында нық тұруы екіталай. Өйткені мемлекеттің тарихы осы мәдениетпен ұштасып, өнерімен үндесіп, рухани болмысы әдебиетпен біте қайнасып жатады. Тіпті, мәртебелі қонақ келсе де, шет елдерге шықсақ да алдымен өз ұлтымыздың тарихын танытып, мәдениетіміз бен өнерімізді паш етеміз. Одан бөлек ұлттың бет-бейнесіне айналған ұлы тұлғаларымызды мақтан тұтатынымыз тағы бар. Сондықтан «мәдениеті мен өнері өскен ел өркениетке көшкен ел» десек, артық болмас.
Екі саланың дара көрінумен қатар спортты да ерекше атап өтуге болады. Байрақты бәсекелерде елдің жалауы көкте желбіреп тұрғанда кеудеңде ерекше мақтаныш сезім билейтіні рас. Саламатты өмір салтын дәріптейтін бұл бағытымыз ел еңсесін тіктеп, даму жолында айрықша рөл атқарады.
Аталған әр саланың өркендеуі арқылы өңірін тануға болады. Қасиетті Қарасай жері бұл жағынан қалыс қалған емес. Аудан абыройын асқақ етіп, жетістік жолында атқарып жатқан жұмыстары жетерлік. Оның жай-жапсырын түсініп, тақырыпқа тұздық ету үшін Қарасай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлжан Дүйсеновамен әңгімелестік.
– Гүлжан Әділханқызы, бірнеше салаға басшылық ету оңай емес. Десе де жауапкершілік жүгін арқалап, табысты еңбек етіп келе жатқаныңызды түсінген адам оны жоққа шығара алмайды. Алғаш сұрағым – өзіңіз басқарып отырған бөлімде неше қызметкер еңбек етуде? Бөлімге жүктелген міндет қандай?
– Әрине, сөзіңіздің жаны бар. Біздің бөлім мәдениеттен басқа, тілдерді дамыту және спорт саласымен байланысты. Ел алдында жауапты қызмет болған соң, абыроймен атқару үшін еңбек етіп келеміз. Жалпы бөлімде өзімді қоса алғанда тағы екі маман қызмет етеді. Біз мемлекеттік орган болып табылғандықтан, бөлімге қарасты бірнеше ведомство бар. Олар – аудандық Мәдениет үйі, аудандық кітапхана, «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамбль, «Денешынықтыру және спортты дамыту» орталығы. Міне, осындай мемлекеттік мекемелердің жұмысын жіті қадағалап, тиісті қызметін үйлестіріп, бағыт-бағдарын айқындау да біздің міндетімізге жатады.
– Түсінікті. Осы ретте Мәдениет үйіне жеке тоқталсақ деп едім. Ұжымның еңбегі орасан зор. Кез келген кәсіби мереке кезінде өнер өкілдері жанын салып, іс-шараның көркін қыздырып жатады. Мәдениет үйінің ықпалымен атқарылған жұмыстардың легі қандай? Қалтқысыз қызметі мен жемісті жетістігін кеңінен сөз етсек, артық болмас.
– Дұрыс айтасыз. Әрбір мемлекеттік немесе кәсіби мереке кезінде Мәдениет үйінің ұжымы көрерменге жақсы көңіл-күй сыйлауға барын салады. Еңбегімізді бағалап, алғысын айтатындар да жоқ емес. Біз барлық шара кезінде жауапкершілікті сезініп, кәсібилігімізді көрсетуге тырысамыз. Мәселен, белгілі бір маман иелерінің төл мерекесі атап өтілетін кезде сол саланы жан-жақты зерделеп, оның қоғамдағы орнын айшықтап, маңыздылығын жалпақ жұртқа шынайы түрде жеткізуді ойластырамыз.
Осындай мерекелік бағдарламаны әсерлі өткізу үшін кішкене қиялға ерік беріп, идея туғызып, сәтті өткізуге барымызды саламыз. Аудандық Мәдениет үйінің директоры Анар Бөлекбаева бастаған ұжымды және мәдениет саласына қатысты басқа да әріптестердің табандылығын жоққа шығара алмаймын. Атап айтқанда, Қолғанат Измаханов, Қонақбай Жалмаханов, Еркін Рахимов, Нұрлан Ташев, Қалбибі Абдуллаева, Мақпал Жаркетерова, Эльмира Сұлтанбекова, Джамиля Гайдарова, Гүлназ Салихова, Шәрбану Қалиева, Ақторқа Тотымбаева, Мұхамеджан Мырзакеев, Гаухар Көкебаева сынды өнер адамдарының есімін ерекше атап өтсем артық болмас. Одан бөлек мәдениеттің тыныс-тіршілігіне етене жақын, қаржылық қызметті үйлестіріп отырған Бибігүл Алменбетованың да еңбегі зор.
Әрбірінің қалтқысыз қызметі бар. Бәрі – өз істерінің нағыз майталманы. Артқан сенімді ақтап шығады. Сондықтан бәрінің еңбегін ерекше бағалап, рақметімді айтқым келеді.
Ал аудандық Мәдениет үйі жайлы айтар болсақ, оған қарасты елді мекендерде 5 мәдени ошақ бар. Олар Шамалған, Мерей, Іргелі, Береке ауылдарында орналасқан. Тағы біреуі – «Саңыраулар қоғамдық клубы»
Балаларды жыр-терме мен ақындық өнерге баулуды да ұмытқан емеспіз. Олар үшін 2023 жылы Алматы облысы әкімінің қолдауымен «Жыр-терме» орталығы және «Ақындар мектебі» үйірмесі жұмыс істей бастады. Осындағы шәкірттердің талантымен ауданымызда ұлттық өнер айтыс пен жыр-терме өнері қарқынды насихатталып келеді. Ерекше атап өтер жетістігіміз де бар. Мәселен, «Ақындар мектебі» орталығының қатысушысы Рауан Нұршабеков республикалық балалар арасында өткен айтыста бас жүлдені жеңіп алды. Одан бөлек айтыс пен жыр-терме үйірмесінің оқушылары түрлі облыстық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр. 2024 жылы Ботагөз Рауанқызы «Мен жастарға сенемін» атты республикалық айтыста ІІІ орынға, Батыр Рауанұлы республикалық «Ақберген» өнер байқауында ІІ орынға ие болды.
Қарасай аудандық Мәдениет үйінің көшін өрге сүйреп жүретін ересек өнерпаздар арасынан «Замандастар», «Мерей» деп аталатын вокалды-инструменталды ансамбльдерді атап өтуге болады. Топтың жұмысы аға буын өкілдеріне көбірек ұнайды. Өйткені әншілер ретро әндерді жанды дауыста, аспаптың сүйемелдеуімен орындайды. Аталған екі ансамбль штат құрамында жоқ болса да көрермен сұранысына ие. Сондықтан келешекте ВИА топтарына штат бөлініп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
«Саңыраулар қоғамдық клубы» жайлы ерекше тоқталуға болады. Оның жанынан «Ым-ишара» тілінде куыршақ театры ашылып, өз көрермендерінің көз айымына айналды. Қоғамдық клуб жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен тігін машиналарын алып, тігін үйірмесін жүргізіп отыр. Оның мақсаты – ауданымызда ерекше күтімді қажет ететін өнерпаздардың шығармашылық ортасын қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмысымыз да лайықты түрде бағаланып келеді. Нақты айтар болсақ, жерлестеріміз «ым-ишара» тілінде ән салып, пантомима театрымен Алматы қаласы бойынша аудандарда «TEN QOGAM» мүгедектерді қорғау орталығында өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленді. Одан бөлек «Саңыраулар қоғамдық клубы» биыл Алматы облыстық «Ауылым – алтын бесігім» байқауында «Жыл жаңалығы» номинациясымен және ақшалай сертификатпен марапатталды.
Әрине, айта берсек жұмыстар легі көп қой. Аудандық Мәдениет үйінің тынымсыз тірлігі таусылған емес. Айналып келгенде, барлығы ол ұжымның береке-бірлігінің арқасы деп білемін. Бір-бірін түсініп, қолдау білдіріп, аудан үшін деп жанын салып жатады. Біздің осындай еңбектеріміз лайықты бағалануда. Соның ішінде ерекеше марапат – 2024 жылы Алматы облысы әкімінің қолдауымен өткен «Ауылым – алтын бесігім» аудан, қала мәдени күндерінде ауданымыз І орынға ие болуы. Айтулы шара барысында Қарасай ауданының мәдениетін дәріптеп, тұлғаларымызды ұлықтап, жұмысымызды жан-жақты көрсетіп, осы саланың шашбауын көтеріп жүрген өнер ұжымының еңбегін барынша көрсетуге тырыстық. Нәтиже жаман емес деп ойлаймын.
Осы жылы ауданның бишілері де жақсы көрсекіштерге қол жеткізді. «Грация», «Шаттық», «Гүлназ», «Кербез» би топтары барлық аудандық іс-шараларға белсенді қатысуда. Іргелі ауылдық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Вистерия» би үйірмесі Халықаралық «Fantastic» шығармашылық өнер байқауына қатысып, Алиса Сафанова және «Вистерия» тобы бас жүлде иегері атанды. Сондай-ақ аудандық Мәдениет үйінің би үйірмесінің қатысушылары – «Шаттық» би тобы Астана қаласында өткен Халықаралық «Бала шабыты» байқауынан үш бірдей Бас жүлдені қанжығаларына байлады. «Гүлназ» би үйірмесі болса, осы конкурстан гран при жеңіп алды.
– Расымен ауыз толтырып айтатын жетістік көп екен. Еңбектеріңіз әрдайым бағалана берсін. Мәдениет үйі жайлы сөз қозғаған соң, осы ретте мәселеге де тоқтала кетсем деп едім. Бүгінгі таңда кейбір ауылда Мәдениет ошағының жоқтығы білінеді. Ол жағы қалай реттелуде?
– Иә, ол рас. Мұндай мәселе бар. Оны шешу жолында жұмыстар атқарылуда.
Негізгі менің арманым – әр ауылда өз Мәдениет үйінің болғаны. Өйткені осындай ғимараттар көп болса, мәдени орта қалыптасып, өнеріміз өшпейді деп сенемін.
Қазіргі таңда үш ауылда 200 орынға арналған Мәдениет үйлерінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттамалары дайын. Анығын айтқанда, Жібек жолы, Жандосов және Әйтей ауылдарында Мәдениет үйлерінің құрылысын жүргізу жоспарда бар. Осы мақсатта облыстық бюджеттік комиссияға 2025 жылы тиісті қаражат бөлу туралы бюджеттік өтінім берілді. Нәтижесінде Жібек жолы мен Әйтей ауылдарында мәдениет ошағын салуға тиісті қаржы бөлінетін болды. Сонымен қатар биыл Мерей ауылының Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аяқталуы 2025 жылдың қаңтар айына жоспарланып отыр.
Тағы бір қуанышты жаңалығымыз – шалғай жатқан Бекболат ауылындағы жекеменшіктің иелігіндегі ескі Мәдениет үйінің 2023 жылы мемлекет иелігіне қайтарылуы. Қазіргі уақытта ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға өткізуге құжаттар дайындалуда.
Мәдениет үйлері бойынша көңіл қуантарлық жаңалығымыз осындай. Алда әлі талай жақсы бастамалар болады деген ойдамын.
– Расымен, елді мекендегі халық үшін жақсы жаңалық екен. Бастысы ауылдарда мәдениеттің ошақ оты сөнбесін.
Гүлжан Әділханқызы, кітапхананың жұмысы жайлы не айтасыз? Бұл мекеменің руханиятта алатын орны ерекше ғой. Оқырмандардың ортасы қалай?
– Кітапхана қай дәуірде болсын құндылығын жоғалтпайды. Рухани қазынаның ордасы бар жерде мәдени-ағартушылық дами береді деп ойлаймын. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы кітапхана ісіне ерекше көңіл бөліп, кітапханашылардың жалақысын көтеріп, мәртебелеріне қатысты талай рет пайымды пікірін білдірді. Мемлекет басшысының бастамалары арқылы оқитын ұлт қалыптасып келе жатқаны қуантады. Президенттің байыпты бастамаларына алғыс білдіреміз.
Қарасай аудандық кітапханасы – дербес мәртебесі бар, білім беретін, бос уақытты тиімді пайдаланатын, ақпараттық және байланыс орнатуға ыңғайлы орталық. Бүгінгі таңда аталмыш мекемеге қарасты бір балалар кітапханасы, бір қалалық кітапхана және 10 ауылдық кітапхана бар. Әрбірі өз мақсаттары негізінде жұмысын атқаруда. Аудандық кітапхана 2024 жылдың маусым айында «Білім» Білім және Мәдениет дамыту қорының ұйымдастыруымен өткен «Jana Kitaphana-2024» байқауына қатысып, «Заманауи кітапхана» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Сонымен қатар Қарасай аудандық кітапханасында еуропалық тәжірибеге сүйене отырып, оның қызметтік деңгейін арттыру мақсатында қазіргі заманға сай «Coworking» орталығы бар. Мұнда белсенді жастардың емін-еркін жұмыс істеуіне барлық жағдай қарастырылған.
Қарасай аудандық кітапханасы оқырмандардың сұранысын қанағаттандыру бағытында іс-шаралар ұйымдастырып тұрады. Танымал қаламгерлермен, ақын-жазушылармен кездесу өткізіп, олардың шығармашылығын насихаттауда.
Кітапхана ісін ілгерілету бойынша қуанышты жаңалығымыз бар. Өздеріңіз білетіндей, 2021 жылдың сәуір айында «Оқырман ауылы» қорының мүшелері, Жандосов ауылдық қоғам қайраткерлері «Қарой» дүкенін сатып алып, Қарасай ауданының экономика және қаржы бөлімімен келісімшартқа отырып, үкіметке кітапхана ретінде сыйға тартқан болатын. Тиісті құжаттар реттелген соң, 2022 жылдың мамыр айынан бастап Жандосов ауылдық кітапханасына арнайы штаттар берілді. Сол уақытта «Оқырман ауылы» қоғамдық қорының берген жиһаздарымен, ғимараттың апатты жағдайдағы бөлмелері ретке келтіріліп, кітапхана өз жұмысын бастады. Биылғы жылы «Жаңғырту» бағдарламасына ілініп, кітапхананы жаңалау мақсатында 2025 жылы қажетті қаражат бөліну қарастырылды. Қазіргі кезде сол бағытта жұмыстар қолға алынуда. Осы ретте ауылдық жерге осындай рухани орталықты сыйға тартқан «Оқырман ауылы» қорының мүшелеріне, Жандосов ауылдық қоғам қайраткерлеріне ерекше алғысымды жеткізгім келеді. Аталған жомарт жандардың бұл істері кітапқа деген сүйіспеншілік, оқырмандарға деген құрмет деп білемін.
– Дұрыс айтасыз, әдебиет пен мәдениеттің ошағы – кітапхананың орны бөлек. Келесі сұрағым «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамбльге қатысты болмақ. Бұл ұжымды БАҚ беттерінде аудан атынан әр жерде өнер көрсетіп жүргенін байқаймыз. Ансамбльдің қазіргі жағдайы қалай?
– Ұлттық өнердің туын биікке көтеріп, дәстүрімізді дәріптеу жолында «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдің шығармашылығы мақтауға тұрарлық деп білемін. Олар жұрттың талғамына сай туындыларды көпшілікке жеткізіп келеді. 2015 жылы құрылған ансамбльге келесі жылы 10 жыл толады. Көркемдік жетекшісі, домбырашы – Алмас Нұғманов. Бірлігі жарасқан өнерлі орта осы уақытқа дейін тынбай еңбек етіп, ұлттық аспаптарды ұлықтап, ән әлемінде нәтижелі жұмыс атқаруда. Әрбір шарада ансамбль міндетті түрде өнер көрсетеді. Өйткені шығармашылық ұжым арқылы төл өнерімізді насихаттап, есті әндерді жүрекке жеткіземіз.
Ансамбльдің жетістіктері жайлы айтар болсам, 2023 жылы өнер ұжымы Алматы облысы бойынша «Үздік фольклорлы-этнографиялық ансамбль» номинациясына ие болды. Дәл осы жылы «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамбль авторлық туындылардан тұратын алғашқы жеке шығармашылық концертін өткізді. Ал осы жылы Қонаев қаласында Алматы облысының екі жылдығына арналған 20 мың адамның қатысуымен өткен «Aspan Fest» деп аталатын ашық аспан астындағы фестивальдің ашылу және жабылу салтанатында өнер көрсетті. Облыс аумағында ансамбль ретінде көпшілікке шығармашылығын паш ету мақтауға тұрарлық деп білемін.
Астана қаласындағы Ақ Ордада өткен іс-шараға да «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің әртістері өнер көрсетіп, елордалықтардың ықыласына бөленді. Одан бөлек бас қалада 16 Мемлекет Президенттерінің қатысуымен өткен «Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы» саммитінде ансамбльдің әртістері шет ел қонақтарының алдында ән салды.
Биыл V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны елімізде ұйымдастырылғанын білесіздер. Елордада өткен әлемдік сайыстың сахнасында өнер көрсету екінің біріне бұйыра бермейтіні анық. Осы шараға «Үшқоңыр» ансамблі арнайы шақыртумен барып, дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген меймандарға ұлттық құндылығымызды паш етті.
Әйгілі әнші Әміре Қашаубаев ән салған Францияның астанасы – Париждің төрінде де «Үшқоңыр» ұжымы француздардың қошеметіне ие болды. Сондай-ақ Түркіменстанның астанасы – Ашхабад қаласының «Мұқам» сарайында Қазақстанның Түрікменстандағы мәдениет күндеріне орай ұйымдастырылған іс-шарада ансамбль көптің көзайымына айналды.
Бүгінгі таңда «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің репертуарында дәстүрлі және эстрадалық бағытта халық әндері мен күйлері бар. Ұжымның әр мүшесі – кәсіби өнер өкілдері. Жеке ән салатын дарынды жандардың да еңбегі баршылық. Мысал ретінде DARO лақап атымен танылып келе жатқан Эльдар Омаровтың жеке шығармашылығына тоқтауға болады. Ол – бұрын «Саламат» тобында ән салған, қазір ансамбльдің белді мүшесі. Танымал әнші Мейрамбек Беспаевтың «Cover Show» деп аталатын мега-тележобасына әріптесі әрі ансамбльдің көркемдік жетекшісі Алмас Самалбекұлы екеуі қатысып, жүлделі І орынға ие болды. Қос өнерпаздың жұлдызды сәті «Хабар» телеарнасы арқылы көпшілікке тарады. Эльдардың тағы бір жетістігі – Ресейдің танымал тележурналисі, актер Андрей Малаховтың арнайы бағдарламасына шақырту алуы. Ол жақта Эльдар балам Қазақстанның атын шығарып, талантымен ресейліктерді таңғалдырды. Эльдар Омаровтың осындай жетістігіне қуанамыз. Оның жұлдызының жарқырауына әріптес достарының, ансамбльдің шығармашылық жұмысының септігі бар деп ойлаймын.
Жоғарыда атап өткендей, «Үшқоңыр» ұжымының кез келген мүшесінің орны бөлек. Бәрінің еңбегін жоғары бағалаймын. Әрбірінің жұлдызы жана берсін дегім келеді. 2025 жылы ансамбль құрлық асып, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы әлемге әйгілі «Carnegie Hall» концерттік залында өнер көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл сахна төрінде қазақтың мақтанышы, күйші, дирижер, композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы атап өтілмек. Ұлт тұлғасын ұлықтауға арналған шарада ансамбль американдықтардың алдында ән салмақ.
Аудан атын танытып жүрген «Үшқоңыр» ұжымының жоспарлы жұмыстары үшін тиісті жағдай жасалған. Оған Алматы облысының және Қарасай ауданының әкімдіктері қолдау білдіріп келеді. Сондықтан аталмыш мекемелерге ансамбльдің атынан алғыс айтам. Қолдау, қолпаштау, бағалау бар жерде бұл ұжым әлі талай биік белестерді бағындырады деген ойдамын.
– Ән әлемінде төл өнерімізді насихаттап жүрген «Үшқоңыр» ансамбліне тек шығармашылық табыстар тілейміз! Келесі сауалым «Қарасай жастары» театры жайлы болмақ. Жас өнер ордасының аяқалысы қалай? Спектакльдерін көрермен қалай қабылдауда?
– «Қарасай жастары» театры 2018 жылдың ақпан айында Қарасай аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылды. 2019 жылы ауданның 90 жылдық мерейтойына орай, жазушы Нағашыбек Қапалбектің «Қарасай батыр» атты спектаклімен театрдың тұсауы кесілді. Қойылымның режиссері – Бағлан Маратұлы. Бұл спектакль кәсіби режиссерлер мен актерлердің оң бағасын алған ерекше туынды болды. Одан кейін театр ұжымы драматург Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылы» драмасын ел назарына ұсынып, қазіргі қоғамда белең алып жатқан өзекті мәселелерді қозғап, қоғам дертіне дабыл қақты.
Өнер деп қанатын кеңге жайған театр әртістері драматург Төлен Әбдіктің «Біз үшеу едік» драмасын ерекше құлшыныспен сахналады. Шын достық, адал махаббатты баяндайтын екі сахналы спектакльде сезім мен сатқындықтың арасы бір-ақ қадам екенін, кіршіксіз, таза сезімнің бар екені дәріптеледі.
«Бейтаныс таныстар» моноспектаклі де – сәтті шыққан қойылымдардың бірі. Мұнда өмірлік тауқыметтер баяндалады. Сондай-ақ «Қарасай жастары» театры кішкентай көрермендердің көңілін ұмытқан емес. Балалар үшін «Бремен музыканттары» атты ертегілерімен бүлдіршіндердің жүрегіне жол тартты.
Жас өнер ұжымының 6 жыл ішінде бағындырған белестері жоқ дей алмаймыз. Алматы облыстық «Халықтық» атағы бар және жаңадан құрылған халықтық театрлар арасында өткен фестивальге белгілі қаламгер Бақыт Беделханның «Рух жыры» поэмасының желісі бойынша «Жүректің көзі ашылса…» атты поэтикалық драмасымен қатысып, бас жүлдені иеленді. Сондай-ақ Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында өткен «Халықтық» атағы бар және жаңадан құрылған театрлар арасындағы облыстық фестивальге Бақыт Беделханның «9 грамм» атты интеллектуалды-поэтикалық драмасын ұсынып, өнерсүйер қауымның көңіліне жақсы ой сала білді. Өнер адамдары жақсы қабылдап, оң бағасын берді.
Бүгінгі таңда театрда 5 штат бірлігінде 9 адам еңбек етеді. Әбдіхан Абзал, Жанар Берік, Даңғыл Нұрбол, Шынар Бержанова, Жарқын Рахымқаш, Ерғазина Дана, Рахымбердиева Айман, Нұрзат Қасқабаев, Мадияр Орнықбай ұжымның жұмысын облысқа танытып келеді. Оның өзі үлкен жетістік деп білемін.
– Гүлжан Әділханқызы, мәдениет пен өнерден басқа спорт саласына да жетекшілік ететініңізді білеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай?
– Спорт деген үлкен бір сала деп есептеймін. Әрине, өз алдына бөлініп шықса құба-құп. Дегенмен біздің бөліммен байланысты болғандықтан, жауапкершілікті ұмытпауға тиіспіз.
Спорт бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға барынша көңіл бөлудеміз. Әр мерекелік шарада ұлттық спорт түрлерінен ойындар ұйымдастырып, ауылдық округ арасында жарыстар өтіп тұрады. Ауданға қарасты балалар мен жасөспірімдерді шыңдайтын 4 спорт мектебі бар. Тәлімгерлерінің арқасында түрлі аймақтық жарыстардан жүлделі оралуда. Осы жылы спортшыларымыз биіктен көрініп, 10 Қазақстан чемпионы, 22 облыс чемпионы атанды.
Сонымен қатар 2024 жылы қыркүйек айында «Алатау» лигасы ойындарында Қарасай ауданының футбол және баскетбол командасы облыс көлемінде І орын алып, қаржылай 1,5 миллион теңгенің сертификатына ие болды.
Күрес түрінен атап өтер жаңалығымыз бар. 2024 жылы мамыр айында «Алатау арланы» облыстық турниріне Шамалған ауылынан Адибен Өріс қатысып, ІІ орынды және 2 миллион теңге қаржылай сыйақыны қанжығасына байлады. Қарасайлық балуан осы нәтижесінің арқасында республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде мықтылармен боз кілемде белдесті.
Саламатты өмір салтына баулитын спорттың орны қашанда бөлек. Сондықтан оның дамуын ешқашан назардын тыс қалдырмаймыз. Бұл бағытта бөлімнің бас маманы Жарас Ысқақовтың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Жетекші ретінде менің міндетім бағыт-бағдар беру болғанмен, спорттық шараның басы-қасында жүріп, ұйымдастырушылықты қолға алушы – Жарас Жұмабекұлы. Оның жұмыс барысына жауаптылықпен қарауына алғыс білдіремін.
Сондай-ақ тағы бір айта кетерлігі, біздің ауданда бұқаралық спортқа да ерекше ден қойылған. Бұл тұрғыда бөлімге қарасты Дене шынықтыру және спортты дамыту орталығының жұмысын айрықша атап өтуге болады. Қуаныш Ахметжанов жетекшілік ететін мекеменің негізгі міндеті – ауыл тұрғындарын және жастарды спортқа тарту, жалпы командалық ойындар ұйымдастыру. 2021 жылы құрылған орталықтың жұмысы енді-енді жандануда. Нәтижесінде ауыл спорты дамып, мерекелік шаралардың аясында көптеген спорттық ойындар өткізілуде.
Бұл саладағы жұмысымыз, міне осындай. Табанды тірлігіміз биыл облыс көлемінде бағаланып, жақында «Хан Тәңірі» сыйлығын марапаттау рәсімінде еңбегіміз еленді. Бөлім басшысы ретінде маған және спорт мекемелерінің өкілдеріне «Спорт саласының үздігі» төсбелгісі табыс етілді. Ал жыл қорытындысы бойынша Қарасай ауданы облыс аралығында ІІ орын алды.
– Біз сөз етпеген тағы бір сала – тілдерді дамыту. Бұл бағытта көбінесе ономастиканың жұмысы маңызды. Оған қатысты қандай ақпарат бере аласыз?
– Қарасай ауданы бойынша 2022-2023 жылдары 282 көше және 1 саябақ ономастика комиссиясының қорытындысымен тіркелді. 2023 жылдың тамыз айында 201 көшенің ұсыныс құжаттары облыстық ономастика комиссиясына тапсырылды. Сондай-ақ аталған комиссияға 2024 жыл бойынша 271 көшеге атау беру жөнінде де ұсыныс берілді. Нәтижесі алдағы уақытта жиын отырысының өтуіне байланысты белгілі болады.
Осындай қағазбасты жұмысты уақтылы атқару жағынан бөлімнің бас маманы Ләззат Болатқызына көп міндет жүктеледі. Бұл тұрғыда оның көмегі мол және еңбегі елеулі екенін атап өтуге болады.
Өзіңіз білетіндей, жыл өткен сайын халық саны артып келеді. Аудан аумағындағы ауылдардың ұлғаюына және жер учаскелердің елдімекен шекарасына кіруіне байланысты құрамдас бөліктеріне атау беру мәселесі қиындық тудырады. Облыс және аудан әкімдерінің тұрақты кездесу жиындарда жергілікті тұрғындардын қоятын сұрағы да осы – ономастика мәселесі. Көше атаулары болмағандықтан, жергілікті тұрғындар әлеуметтік қызметтерге уақытында жүгіне алмайды.
– Жалпы алғанда, өзіңіз жетекшілік ететін салаға қатысты жұмыстарға кеңінен тоқталдық деп ойлаймын. Еткен еңбек, төккен тер ақтала берсін. Өнер мен мәдениеттің оты сөнбей, спортымыз дамып, аудан абыройын асқақтату жолындағы жұмыстарыңыз табысты болсын!
– Көп рақмет тілегіңізге. Ұлтымызды ұлықтайтын мәдениетіміздің мәртебесі биік болып, төл өнеріміз төрге шығып, спорттық жеңістеріміз жалғаса берсін. Осы сұқбат барысында мәдениет пен өнерге, спортқа қолдау білдіріп жүретін Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлына және аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлына шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Сонымен қатар әр саланың шашбауын көтеріп жүрген әріптестеріме риясыз ризашылығымды жеткіземін. Қызметтері табысты болып, жетістіктері еселене берсін. Келе жатқан Жаңа жыл құтты болсын! Жылан жылы жақсылығымен қуантсын.
– Уақыт бөліп тілдескеніңізге рақмет! Амандықта жүздескенше.
Әңгімелескен Дидар МӘЛІКҰЛЫ.