«Жұмыспен қам-ту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында аудан көлемінде бірқатар нысандардың құрылысы мен жөнделуі бүгінгі таңда өз деңгейінде атқарылып келеді. Түрлі сала бойынша жүріп жатқан мұндай жұмыстардың ішінде елтайлықтардың игілігі үшін қызмет ететін Береке ауылындағы Мәдениет үйі де бар. Аталған нысан бұрын жекеменшіктің иелігінде болғанын айта кеткен жөн. Жергілікті тұрғындардың арнайы өтініші негізінде, өнерпаздардың ордасы біздің аудандық әкімдіктің ұсынысы арқылы Алматы облысының әкімдігінің ықпалымен мемлекеттің иелігіне өтті.
Жоспарлы түрде қажетті қаражат игеріліп, бұл ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың 11 мамырында басталған. Тапсырыс беруші Қарасай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі болса, көлемі 2318,96 шаршы метрді құрайтын мәдени ошақтың қайта жанданып, бой көтеруіне «ПМК-615» ЖШС толығымен жауапты. Бүгінде 50-ден астам жұмысшы құрылыс алаңында өз міндеттерін атқаруда. Оның 30-ы аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмылдырылған.
Мәдениет үйінің жөндеу жұмысына жауапты «ПМК-615» ЖШС-нің бас директоры Ибрагим Байрамовтың айтуынша, барлық іс жоспарлы түрде жүзеге асырылса, осы жылдың желтоқсан айында қолданысқа беріледі.
– Жұмыс қарқыны жаман емес. Тек мына көпті әбігерге салған коронавирус инфекциясының таралуына байланысты енгізілген карантин режимі ғана қолайсыздық келтіруде. Алайда, барлық сақтық шараларын ескере отырып, құрылыс жұмысын жалғастырудамыз. Техникамыз да, қажетті материалымыз да жеткілікті, – дейді жауапты мердігер мекеменің басшысы И.Байрамов.
Ал, осындай мәдениет саласындағы жұмыстарды жіті қадағалайтын аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова ғимараттың ойдағыдай бітуіне алаңдаушылық білдіріп, құрылыс алаңына бас сұғуды да ұмыт қалдырмай келеді. Өз кезегінде Күлжан Әділханқызы бұл мәдени ошақтың мемлекеттің иелігіне өтуіне атсалысқан облыс әкімі Амандық Баталовқа ерекше алғысын білдіреді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.