Сәрсенбінің сәтінде Қонаев қаласында мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған облыстық деңгейде салтанатты шара өтті. Аспан астында ұйымдастырылған басқосуға ауданның өнерпаздарының еңбегі бағаланып, ең үздіктер марапатталды. Оның ішінде Қарасай ауданының абыройын асқақ еткен бірқатар ұжым да болды.
Мәдени шарада Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев сөз сөйлеп, біраз өнер өкілдеріне «Мәдениет саласының үздігі», «Мәдениет саласының кәсіподақ үздігі» төсбелгілерін және «Еңбек ардагері», «Еңбек даңқы» медальдарын табыс етті.
Сонымен қатар бұл басқосуда осы салада елеулі еңбек етіп жүрген жандар ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталып, бірқатарына өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевтің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты берілді. Одан бөлек облыс бойынша «Үздік» деп танылған мәдени мекемелерге 500 мың, ал қызметкерлерге 150 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификат берілді.
Жоғарыда атап өткен маңызды марапаттардың арасында ауданның мерейін үстем еткен қарасайлықтар да болды. Атап айтқанда, Қарасай аудандық Мәдениет үйінің хореографы Мақпал Жаркетирова ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның Құрмет грамотасына ие болса, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы облыс көлемінде «Үздік» мекеме атанды.
Ал салтанатты шарада ең басты марапат «Ең үздік мәдени мекеме» номинациясы болса, оған Қарасай ауданының «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблі лайық деп танылды. Ұлттық өнерді күллі республикада ғана емес, әлемдік ареналарда насихаттап жүрген ұжым «JAC S3 PRO» автокөлігінің иесі атанды. Номинация жеңімпазы ретінде көліктің кілті Қарасай ауданында осы салаға жетекшілік етіп жүрген мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова мен аталмыш ансамбльдің көркемдік жетекшісі Алмас Нұғманға табыс етілді.
Мерекелік кеште Өмірқұл Айниязов, Гүлнұр Оразымбетова, Мирас пен Құралай, Бүркіт, Бейбіт Қорған, Қажымұрат Шешенқұлұлы сияқты қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары мен «Ең үздік мәдени мекеме» атанған «Үшқоңыр» ФЭА өнер көрсетіп, көпшілікті керемет көңіл-күйге бөледі.
Аудан атын жан-жаққа танытып жүрген жерлестеріміздің жеңісі құтты болсын! Өнер өлкесінде шығармашылық табыстары арта берсін!