Өткен аптада Қарасай аудандық Мәдениет үйінде Отбасы күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынның басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, мәдени мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу және буындар арасындағы шығармашылық байланыстарды нығайту.
Аталған шара аясында Мәдениет үйінің фойесінде облысқа қарасты әр ауданның ардагерлер, ақсақалдар мен аналар ұйымдарының төрағалары мен төрайымдарының, «Асыл ана» қоғамдық бірлестік өкілдерінің қатысуымен көрме ұйымдастырылды. Көрмеде әр ауданнан, ауылдан келген қарттар өздерінің қолөнер туындыларын таныстырып, қонақтарға ауылдың дәмін ұсынды.
Шара әрі қарай Қарасай аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақыновтың төра-ғалығымен конференцияға ұласты. Ол өз сөзінде бұл шараны аналар мен әжелердің басын қосқан үлкен мереке деп бағалады. Әр ауданның ақ жаулықты әжелері мен аяулы аналарының жиналуы – қоғам тұтастығының айқын көрінісі екенін айтты. Сонымен қатар аналардың ел алдындағы қадір-қасиеті ерекше жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ Сағат Ұлтарақұлы отбасылық тәрбиенің қоғамдағы орнына тоқталып, ұлттық құндылықтарды сақтау мен жастарға үлгі етудің маңызына назар аударды.
Сондай-ақ аталған конференция барысында облыстық аналар кеңесі құрылып, оның құрамына 53 адам қабылданды. Кеңестің басшылық құрамына төрайым мен орынбасары да сайланып, бірнеше ауданның белсенді мүшелері алғыс хатпен марапатталды.
Іс-шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласып, оның барысында Елтай ауылдық округінің өнерпаздары «Абай жолы» эпопеясынан үзінді қойып, ұрын бару, шаш сипату, қол ұстау дәстүрлерін сахналады. Сонымен бірге күміс көмей әншілер патриоттық әндер шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Концерт соңында Шара Оспанова және халықтық атағы бар «Ардагерлер» хоры Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындады.
Отбасы күніне арналған бұл мерекелік іс-шара қонақтарға рухани әсер сыйлап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің, ұрпақ сабақтастығын нығайтудың алаңына айналды.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
