Алматы облысында VIII республикалық «Ақ бидай – 2025» ауыл спорты ойындары бастау алды. Бұл спорттық жарыстың басты мақсаты – ауыл жастары арасынан үздіктерді анықтау, бұқаралық спортты дамыту, жастардың денсаулығын нығайту, ұлттық ойындарды дәріптеу, сондай-ақ Қазақстанды әлемдік ареналарда танытатын жаңа чемпиондарды тәрбиелеу. Айта кетейік, «Ақ бидай» спорттық ойындары елімізде алғаш рет 2000 жылы бастау алған болатын. Содан бері әр төрт жыл сайын өткізіліп келеді.
Айтулы дода биыл Алматы облысында ұйымдастырылып, оның салтанатты ашылуы өткен жексенбі күні Қарасай жеріндегі Шамалған ауылында орналасқан «Үшқоңыр» спорт кешенінде өтті. Әр аймақтың кіл мықтылары бақ сынайтын бұл жарысты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және денешынықтыру істері комитеті, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ Алматы облыстық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығы ұйымдастырды.
Ауыл спорты ойындарының ашылуы жүздеген спортсүйер қауымның басын біріктірген бәсеке алаңына айналды. Бұл күн нағыз саламатты өмір салтын ұстанған және ұлттық дәстүрлер дәріптелген мерекелік басқосуға ұласты. Мазмұнды әрі жарқын түрде өткен салтанатты шараға құрметті қонақ ретінде ҚР Туризм және спорт министрлігінің өкілдері, Алматы обысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов, ҚР Президенті Мәжілісінің депутаттары – Темір Қырықбаев, ел намысын әлемдік деңгейде танытып жүрген Елдос Сметов, Арман Оспанов сынды спортшылар қатысты.
«Үшқоңыр» спорт кешенінің аумағында өткен салтанатты шара есте қаларлықтай болды. Ауқымы кең стадион ерекше үлгіде безендірілді. Киіз үйлер ұлттық нақыштың сәнін келтіріп, алтыбақан орнатылып, ұлттық ойын – асық атудан шеберлік көрсетілді. Жауырыны қақпақтай азаматтар ер жүрек батырлардың тұлғасындай көптің көңілін аударта білді. Ал келген қонақтар олармен естелік суретке түсіп жатты.
Ауыл спорты ойындарының ашылуы «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің талантты өнерпаздары орындаған «Саржайлау» атты музыкалық композициясымен басталды. Әуезді әуен көпшіліктің рухын көтеріп, бүкіл шараға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Концерттік бағдарламаның жалғасы еліміздің 17 облысынан келген командалардың сап түзеген салтанатты шеруіне ұласты. Оның көш басын Абай облысының спортшылары тізгіндеп, Алматы облысының өкілдері қорытындылады. Әрбір команданы капитандары жол бастап, өңірдің таңбасымен өз облыстарын жұртшылыққа таныстырып өтті.
Сонымен қатар командалар жайлы стадиондағы LED-экран арқылы әр облыстың спорттың дамуы, жетістіктері бейнесюжет арқылы көрсетілді. Одан кейін олардың жарыс алаңындағы реттілік нөмірлері айқындалып, басқа да ақпараттар айтылды.
Шара барысында көрермендердің ерекше таңғалдырған көріністердің бірі – салт аттылардың өнері. Олар «теңге ілу» ойынын және тек каскадерлердің ғана қолынан келетін түрлі ат үстіндегі жаттығуларды көрсетті. Айта кетейік, «теңге ілу» бұл қазақтың ұлттық ойыны болып табылады. Мұндағы сайыс барысында шабандоздар қашықтық бойына тасталған ақша салынған шағын дорбаларды шапшаңдықпен мүмкіндігінше тезірек жинап, ат үстіндегі өздерінің ептілігін, белсенділігін шебер көрсетуі тиіс. Осылайша тұлпар үстінде келе жатып олжаларын жерден іліп алып кетуі керек.
Жалпы айтқанда, республикалық жарыстың салтанатты ашылуы өте мазмұнды кешке, жарқын сәттерге толы болды. Халық музыкасы жаңғырып, ұлттық құндылығымыз асқақтай түсті. Түрлі-түсті от-шашудың өзі келген көрерменнің таңданысын тудырды.
Сонымен қатар бұл шарада құрметті қонақтар жарысқа қатысты ойларын ортаға салып, құттықтауларын арнады. Алдымен Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым сөз сөйлеп, өңірдің спорт саласындағы жетістіктері мен «Ақбидай» ауыл спорты жайлы пікірін білдірді.
«Баршаңызды республикалық VIII «Ақ бидай – 2025» ауыл спорт ойындарының ашылуымен құттықтаймын! «Ақ бидай» – ауыл спортының дамуына серпін беретін, саламатты өмір салтын қалыптастыруға жол ашатын ерекше мүмкіндік. Биылғы жарысқа еліміздің барлық өңірінен 18 жастан асқан үш мыңға жуық ауыл спортшысы қатысып отыр. Бұл дода тек спорттық шеберлікті шыңдап қана қоймай, ынтымақ пен достықты нығайтуға қызмет етеді.
Біздің облыс еліміздің әр аймағынан келген спортшыларды қабылдап жатқанын мақтан тұтады және бұл жарыстар Қазақстандағы бұқаралық спорт тарихының жарқын беттерінің біріне айналарына сенімдіміз. Алматы облысы – бұрыннан спорттық дәстүрлерімен танымал өлке. Біздің жерлестеріміздің арасында тек облысты ғана емес, еліміздің абыройын әлемдік аренада асқақ етіп, жеңістерімен мақтан етіп жүргендер бар. Солардың қатарында грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадраев пен 2025 жылғы Қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегері, биатлоншы Асет Дүйсенов бар», – деді Нұрлан Ерғалиұлы. Сондай-ақ ол «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарын тек жарыс қана емес, тәжірибе алмасудың, талантты жандарды анықтаудың тамаша алаңы екенін айтты.
Спорттық шараға деген өзінің көзқарасын білдіргендердің қатарында ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұхамбетов болды. Оның айтуынша, «Ақ бидай» ойындары адамдарды спорттың айналасында біріктіріп, шекараға бағынбайтынын дәлелдейтін орын.
«Дәл осындай жарыстарда ертең Қазақстанды әлемдік ареналарда танытатын жаңа жұлдыздар жанатыны сөзсіз. Ал егер біреу чемпион бола алмаса да, ол бәрібір жеңімпаз болып қала береді, себебі «Ақ бидайға» қатысқан әрбір жан мықты бола түседі. Уақыт өте келе бұл ойындар спортты мәдениет пен дәстүрлермен тоғыстырған ауқымды шараға айналды», – деді ол.
Осындай ақжарма ақтілектерден кейін жарыс алдында Қарасай аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов ақ батасын арнап, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Ақ бидай» ауыл спорты ойынының ашылу салтанынан кейінгі жарыстар да дәл осылай жоғары деңгейде өту жоспарлануда. Сайыс барысында әр өңірдің командалары 20 спорт түрі бойынша сынға түспек. Атап айтқанда, ұлттық, зияткерлік және күш сынасатын ойындар бар. Одан бөлек, аламан және тәп бәйгелер, жорға жарыс, аударыспақ, асық ату, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, көкпар, құсбегілік, теңге ілу, «Толағай» алыптар сайысы, қазақ күресі, жекпе-жек, тоғызқұмалақ, қол күресі, гір тасын көтеру, кикбоксинг, үстел теннисі, мини-футбол және волейбол сияқты спорт түрі бойынша жарыстар ұйымдастырылады. Бұл бақ сынасулар Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қонаев қаласында өтеді. Ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 21 қыркүйекке жоспарлануда.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
