Қай кезде де қоғам бала тәрбиесіне бей-жай қарай алмайды. Себебі бала – ертеңгі ел болашағы. Жас ұрпақтың тәрбиесіне баса көңіл бөлуді қолға алған аудандық білім бөлімі аптаның сейсенбісі күні Шамалған ауылдық округінде орналасқан Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясында «Білім мен тәрбие – егіз ұғымы» атты облыстық форум өткізді.
Қоғамды толғандыратын маңызды тақырыптар талқыланған ауқымды шараға аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров, аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева, «Ұлттық құндылықтар академиясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділхан Дүйсебек және бірлестіктің ғылымдары мен профессорлары, сондай-ақ аудандағы мектептердің басшылары мен ұстаздары қатысты.
Форумның негізгі бөлімі басталмай тұрып келген қонақтар алдымен арнайы дайындалған көрмені тамашалады. Оның барысында қонақтар назарына әр мектептерден келген қылқалам мен қолөнершілердің еңбектерімен, робототехникамен айналысатын балалардың ойлап тапқан жобаларымен, ұстаздардың балалар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында жасаған жобаларымен танысып өтті. Сондай-ақ жас өнерпаздардан құралған домбырашылардың концертін тамашалады.
Мұнан кейін негізгі бөлім басталып, алғы сөзді аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров алып, форумды ұйымдастырған аудандық білім бөліміне алғысын білдірді. Сонымен қатар ел болашағы білім жастар екенін тілге тиек етіп, олардың тәрбиесінде ата-анамен бірге ұстаздың да еңбегі зор екенін атап өтті. Аудан әкімінің орынбасарынан кейін аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Әблеқызы баяндамасын оқып, бүгінде аудан бойынша оқушылармен сабақтан тыс уақытында қандай жұмыстар атқарылып жатқаны, қолдауға мұқтаж балаларға қандай көмек көрсетіліп жатқандығы жайлы ақпарат берді.
Ал арнайы шақырылған «Ұлттық құндылықтар академиясы» қоғамдық бірлестігінің төрғасы Әділхан Дүйсебек жиналғандарды аталмыш бірлестік қандай мақсатта құрылып, кімдермен, қандай бағыттарда жұмыс жасайтындығы туралы кеңінен айтып өтті. Бірлестіктің өкілдері болса «Тәрбие білім – маржаны», «Ата-аналардың педагогикалық мәдениетін көтерудің ұлттық мазмұны», «Отбасы – баланы қолдау: әлеуметтік жобалар» атты тақырыптарда өздерінің ойларымен бөлісті.
Жалпы білім саласаның өкілдері бас қосқан форумда жаһандану мен цифрландыру ғасырындағы құндылықтарымыз сараланып, оның барлығын жастардың, жас өспірімдердің сана сезіміне қалай дарытуға болатындығы айтылды. Сондай-ақ осы бағытта ұстаздар мен ата-аналардың үлесі жайлы кеңінен айтылды.
Форум соңында аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева мен «Ұлттық құндылықтар академиясы» қоғамдық бірлестігі басқарма төрағасы Әділхан Төлегенұлы бірлесе жұмыс атқару мақсатында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.