Жаңақұрылыс ауылындағы «Жас Ұлан» оқушылар үйінде «Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы» тақырыбында кеңейтілген семинар өтті. Шараны «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» республикалық жобасы аясында Ұзынағаш ауылдық округінің аналар кеңесі ұйымдастырды.
Семинарға аудандық қоғамдық даму және қоғамдық келісім комиссиясының мүшелері, басқа селолық округтердегі аналар кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, білім және денсаулық салаларының өкілдері келді. Шараның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеуді аналардың жеке басының үлгі-өнегесі, мәдениеті мен тәжірибесі негізінде қарастыра отырып, тәлім-тәрбиенің түп қазығы ретінде жүзеге асыру. Осы арқылы аналар кеңестерін жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіретін өзіндік мектепке айналдыруды көздейді.
Жиында этнограф, әлеуметтік ғылымдар магистрі, психолог Айсұлу Қасымбек, «Шығармашылық шеберлікке баулу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Гүлнәр Қажиева, Жамбыл орта мектебінің педагог-психологы Ақерке Байбекова ұлттық құндылықтарды дәріптеу тақырыбында өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ аудандық орталық емхананың жасөспірімдер дәрігері Дильбар Жанғабергенова, аудандық аурухананың психологы Әсел Базарбекова, нарколог-дәрігері Тимур Құлұмбетов, гениколог-дәрігері Айдана Рысбекқызы, салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің валеологы Әйгерім Сатова мен мейірбикесі Сандуғаш Әпиева сияқты мамандар жасөспірімдердің жаны мен тәні төңірегінде зерттеп-білгендерімен бөлісті.
Аналардың келелі кеңесінде отбасы және бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Жастарға қоршаған ортасы, мектептегі ұстаздары мен достарының ықпалы, балалардың өсіп дамуының психологиясы, әлеуметтік тәрбиесі, бойына ізгілікті сіңіру, отбасындағы, қоғамдағы әрбір әрекет, қарым-қатынастың тигізер әсері жан-жақты сөз болды. Жасөспірімді тұлғалық қасиеттерге баулу, олардың даму ерекшеліктері, психотроптық заттардың тигізер ауыр зардаптары, ерте жүктілік, әлімжеттік тақырыптары көтерілді. Қайтсек осындай жаман әдеттердің алдын алуға болады деген сұраққа жауап ізделіп, баланы қоғамдағы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың рөлін арттыру жөнінде кешенді жұмыс жасау жолдары нақтыланды.
Шараға аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Айткүл Медеуова, жарты ғасырлық тәжірибесі бар ардагер-ұстаз, «Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі, Мәдениет қайраткері Күміс Кемелбекова, қоғам белсендісі, медицина ғылымдарының докторы Зинаш Күштекова, облыстық мәслихат депутаты М.Молдашова, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының сектор меңгерушісі Айгүл Төлегенова, аудандық «Әйелдерді қолдау орталығы» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Галина Әлжанова және аудан орталығындағы мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, «Айгөйлек» балабақшасының тәрбиешілері қатысты. Жиын соңында «Жас ұлан» оқушылар үйіндегі жазғы лагердің жұмысы таныстырылып, балалар ұйымдастырған жәрмеңке тамашаланды.
– Ұрпақ тәрбиесі бәрімізге ортақ іс болғандықтан, осындай жиын өткізу арқылы қоғам белсенділерінің ізденушілік, танымдық мүмкіндіктеріне бағыт-бағдар көрсетуді көздедік. Аналар кеңестерінің жұмысын ұйымдастыруда озық тәжірибелер ортаға салынды, – дейді семинарды ұйымдастырушы, «Жас Ұлан» оқушылар үйінің директоры Райхан Жәнібекова.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.