«Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, ол сол ұлт тәрбиесімен тәрбиеленуі тиіс», – деп Мағжан Жұмабаев ұлт тәрбиесінің бағытын көрсетіп кеткен еді. Қай кезде де елдің болашағы жарқын болуы үшін саналы да, саламатты, ұлтжанды рухы биік, ақыл парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу қажеттілік болып саналған.
Елімізде кейінгі жылдары білім беру жүйесінде жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды дамытуды көздеген қарқынды өзгерістер орын алуда. Оның бірқатары өскелең ұрпақтың сана сезімінде ұлттық салт-дәстүрлер мен жалпы адами құндылықтарға негізделген рухани-адамгершілік және әлеуметтік-мәдени дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Осы ретте бүгінде еліміздегі балабақшаларда ұлттық құндылықтар негізінде балаларға тәрбие беруге ерекше назар аударылып, жақсы жұмыстар атқарылуда.
Өткен аптаның жұмасы күні осы бағытта ауданымыздың орталығы Қаскелең қаласындағы «Ерке-Нұр» бөбекжай-балабақшасының аумағында ауқымды форум өткен еді. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында болған шара ауданымызда орналасқан 10 мемлекеттік балабақшаның ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Оған «Ұлттық құндылықтар» академиясының мүшесі Фарида Омарбекова, Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің атқарушы директоры Майсам Бакиева, аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің әдіскері Айгүл Садырова және басқа да жекеменшік балабақшалардың өкілдері қатысты.
Форумға арнайы келген қонақтар алдымен әр балабақшаның тәрбиешілері бүлдіршіндермен дайындаған көрмені тамашалады. Онда әр балабақша ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында дайындаған жұмыстарын көрсетті. Кейбіреулері шағын қойылымдар дайындаса, басқасы асықтарды қолдану арқылы өздері ойлап тапқан ойындарын көрсетті. Ал енді бірі бүгінде білім жүйесіне енді енгізіліп жатқан, бұрындары ата-бабаларымыз тұрмыстық заттарды жасауда қолданатын қыш өнерін көрсетті. Сондай-ақ жиналғандар тәрбиешілермен балалардың қолдарымен жасаған әртүрлі бұйымдарын да тамашалай алды.
Мұнан кейін шараға қатысушылар балабақша ғимаратын және топтарды аралап, «Ерке-Нұр» балабақшасы тәрбиешілерінің жұмысымен жақынырақ танысты. Іс-шара аясында тәрбиешілер бүлдіршіндерге ұлттық құндылықтар дегеннің не екенін түсіндіру және де олардың санасына ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрлерді ұғындыру мақсатында өткізетін сабақтарынан үзінділер көрсетті. Сондай-ақ жылдар бойы жиналған тәжірибелер арқасында ойлап тапқан, өздеріне тән балалармен жұмыс жасаудағы тәсілдерімен бөлісті.
Форумның соңғы бөлігі жиынға ұласты. Аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің әдіскері Айгүл Садырова ашқан отырыста бүлдіршіндерге ата-бабамыздан қалған ұлттық құндылықтардың маңыздылығын түсіндіру, оларға өз халқының әдеп-ғұрпын үйрету қажеттілігі талқыланды.
Арнайы қонақ ретінде келген «Ұлттық құндылықтар» академиясының мүшесі Фарида Қызырқанқызы бүгінде жас ұрпаққа жақсы тәрбие және сапалы білім берумен қатар оларға елінің тарихын, әдеп-ғұрпын түсіндіріп отыру қажет екенін атап өтті. Себебі шыққан тегін, халқының тарихын білмеген жастар жарқын болашаққа қадам баса алмасы сөзсіз. Сондықтан баланың кішкентайынан санасына ұлттық құндылықтарымызды сіңіріп, орнықтыру керек. Сонымен қатар ол өзінің ойлап тапқан «Асық терапиясы» жайлы да кеңінен айтып берді.
– Ертеде қазақтың әр үйінде болған асықтарды тек ойыншық ретінде ғана емес, оны әдіс ретінде балалардың қимыл-қозғалысын реттеуге, кеңістікті бағдарлай білуге, сөздік-логикалық ойлауды сатылай қалыптастыруға, шығармашылық және сын тұрғысынан ойлауға, сабырға, бірлесе әрекет етуге тәрбиелеу құралы ретінде қолдануға болады. Жалпы біз өзіміздің қазақи ойындарымызды негізге ала отырып, жаңа мазмұнды ойындар, жаттығулар құрастырып, бүлдіршіндерді оқыту барысында қолдануымыз керек. Бұл тек ата-бабамыздан келе жатқан құндылықтарымызды дәріптеп қана қоймай, сондай-ақ өзіміздің оқыту әдістерімізді жасап шығаруға үлкен септігін тигізеді, – деді «Ұлттық құндылықтар» академиясының мүшесі.
Одан бөлек жиында Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің атқарушы директоры Майсам Бакиева ұлттық құндылықтардың оқу жоспарына енгізу, оның пайдасы жайында айтса, «Брусничка» және «Ақ көгершін» балабақшаларының тәрбиешісі мен әдіскері «Қыш құмыра-көнеден қалған мұра», «Ұлттық құндылықтарды насихаттауда мектепке дейінгі ұйым мен ата-ана арасындағы ынтымақтастық» атты тақырыптарда презентацияларын көрсетіп, өз ойларын ортаға салды.
Ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында өткен форумның соңы қатысушылардың бір-бірімен ұсыныс пен пікір алмасқан «Еркін» микрофонмен тәмамдалды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.