Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов еліміздің музыка өнері жайында «Қалың қазақ елі тартқан сыбызғыдағы салқын саз, қобыздағы қоңыр күй, домбыраның да екі ішекті ғана емес, әдейі күйге арналған үш ішекті тіліне оралған көп күйлердің ескі-жаңасы тегіс – тарих үшін елеулі бұйым» деген екен. Расында да, қазақтың музыкалық аспаптарының өзіне тән үні, орындаушылық дәстүрі халқымыздың бітім-болмысы, тыныс-тіршілігі мен шежіре-тарихын айқындайтын бірегей мәдени мұрасы. Бұл халқымыздың дәстүрлі музыка өнері атадан балаға мирас болып, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан рухани-мәдени байлығы.
Осы ретте таяуда Іргелі ауылдық округінің мәдениет үйінде, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында қазақтың ұлттық аспаптарын насихаттау мақсатында, «Ұлттық музыка аспаптары» атты әдеби-сазды кеш өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған шараның мақсаты қазақтың көне аспаптарын дәріптеу, жастарды қазақтың ұлттық аспаптарымен таныстыру, аспаптық ән әлеміне деген қызығушылығын ояту еді. Сондай-ақ, жас ұрпақты қазақтың ұлттық аспаптарын мақтаныш тұтуға тәрбиелеу, ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру және оны құрметтеуге баулу болатын.
Кешке құрметті қонақтар ретінде ауданымыздың әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбайқызы, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы, Ұмтыл мәдениет үйінің директоры Қолғанат Есмаханов, аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Айдар Кеңесханұлы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ділдә Ұланқызы шақырылды.
Әдеби-сазды кеште Қарасай аудандық мәдениет үйінің «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамблі қатысып, әртүрлі аспаптар арқылы «Көрқұм», «Қамбар ата», «Балбырауын», «Алыстағы арман» сияқты қазақтың күйлері мен әндерін орындап, жинылған көрермендердің көңілін сазды сезімге бөледі. Сондай-ақ, «Үшқоңыр»ансамблінің өкілдері балаларға қазақтың ұлттық аспаптарын – домбыра, жетіген, шертер, қобыз, сазсырнай, үскірік, тастауық, бұғышақ, даңғыра, дауылпаз, шаңқобыз және тағы басқа аспап түрлерінің тарихы және әр аспаптың құрылысымен таныстырып өтті. Сонымен қатар, кеште ауданымыздың белгілі дәстүрлі әншілері «Әдемі қыз», «Қарғам-ау», «Жақсыға түссе ісіңіз» сияқты халық әндері мен термелерін орындады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.