Ел тәуелсіздігінің тұтқасы, ұлттың тірегі – мемлекеттік тіл. Ол – біздің егемендігімізді айқындап, болмысымызды айшықтайтын, әлемдік деңгейде тұғырымызды берік қылатын басты байлығымыз. Дәл осылай анық айтуымызға әбден негіз бар. Өйткені кез келген мемлекеттің бет-бейнесін сипаттайтын өз ана тілі екенін ескерсек, елдің мәдениетін де, тарихын да қалыптастыратынын ұмытпаған жөн.
Қазақстанның Ата заңында мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі бекітілген. Алайда Тәуелсіздік алғаннан бері біздің елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы ақсап тұрғанын жасыра алмай мыз. Сондықтан оның маңыздылығын арттыру әлі де өзекті мәселе болып тұр. Сол үшін оның шешу жолдарына негізделген жүйелі жұмыстар мемлекеттік саясатқа айналған. Бұл дегеніміз ана тіліміздің ардақты екенін күнделікті өмірде, білім беру саласында, мемлекетті басқару қызметінде, бұқаралық ақпарат құралдарында, тіпті кәсіпкерлік ортада түсіндіруімізді қажет етеді.
Мемлекеттік тіл ұлттық жаны болғандықтан, оны тек қарым-қатынас құралы деп есептеуге болмайды. Ана тілді меңгеру ел дамуына, әлемге танытуға ықпалды болуы тиіс деп есептеймін.
Менің ойымша, мемлекеттік тілді меңгеруге үйрету мәжбүрлікке әкелмеу керек. Шынайы ынта және қызығушылық арқылы жүзеге асқан дұрыс. Сондай-ақ кәсіби, мәдени тұрғыда талапқа айналу қажет. Қазақстан көп ұлтты мемлекет болғандықтан, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді бір талапқа негіздей алмаймыз. Сол үшін әр салаға қатысты тиімді тұстарын ескеріп, жүзеге асырудың негізгі жолдарын бағамдай білген жөн. Ендеше, ұсыныс ретінде солардың негізгілеріне тоқталғым келеді.
Алдымен бүкіл халыққа ортақ болатын ресми құжаттарда мемлекеттік тілді қолдану керек. Осы лайша тілдің басымдығын арттыра аламыз.
Одан кейінгі қолға алатын мәселе – білім саласының барлық бағытын қазақшалау. Атап айтқанда, балабақшадан бастап мектепке дейін қазақ тілінде оқыту үлесін көбейтсек, жақсы нәтиже берер еді. Сол сияқты жоғары оқу орында рында ғылым мен техниканың тілін мемлекеттікке айналдырсақ, ол да жаман болмас. Сонымен қатар жалпы қазақ тілді оқулықтардың санын арттырған дұрыс. Осы ретте тағы бір айрықша атап өтетінім, мемлекеттік мектептердің жартысынан көбін тек қазақ сыныптарына арнасақ, тілді меңгеруге үлкен үлес болар еді. Ал өзге тілде оқу үшін жекеменшік білім ошақтарын таңдауға мүмкіндік бар.
Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтудің тағы бір ұтымды жолы – ақпараттық кеңістікті дамы ту. Мәселен, телерадиодағы және телевизиядағы бағдарламаларда, газет-журналдарда ақпарат та ратуды көбінесе мемлекеттік тілге негіздеу қажет. Соның ішінде интернет ресурстарда басымдықты арттыру керек. Себебі қазір көбісі деректі іздеу үшін ғаламтор беттеріне үңіледі.
Өз ана тілімізде сөйлеуді күнделікті өмірде үйреншікті әрекетке айналдырсақ, ол да үлкен септік. Одан бөлек кәсіпкер жандар өз тауарларын, кафе, мейрамханалардың иелері мәзірлерін тек мемлекеттік тілде ұсынса, бұл да тілдің қолданыс аясын кеңейтетіні анық. Себебі тұтынушы қажеттілік үшін керегіне қолжеткізеді. Дәл сол сияқты көшеде ілулі тұратын жарнамаларды да қазақ тілінде ұсынған жөн. Оған қызығушылық танытқан адам бәрібір талпынады, ізденеді деген ойдамын.
Жоғарыда аталғандардан бөлек, тағы бір ұсынысым – ел дамуына жетекшілік ететін басты салалардың өкілдерін мемлекеттік тілде сынақтан өткізу. Яғни қазақ тілінде сөйлеу, ресми іс қағаздарды жүргізу, кәсіби терминдерді қолдану сияқты талапқа сәйкес тест тапсырмаларын алып тұру қажет.
Ана тіліміздің абыройы – елдің мәртебесі. «Тілі өлген ел – тірі өлген ел» деген қазақтың мақалын жоққа шығара алмаймыз. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл». Сондықтан ұлттың сипаты оның тілінен көрініс табатынын ұмытпаған жөн.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.