4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай, дәл осы күні Шамалған ауылының Ту тұғыры алаңында аудандық деңгейде мерекелік іс-шара өтті.
Елдік пен ынтымақтың нышаны саналатын бұл басқосуда Мемлекеттік Гимн орындалып, Мемлекеттік Ту көкке көтеріліп, Елтаңбаның қастерлігі айтылды. Бұл тарих пен тәуелсіздікке деген тағзымның өзгеше үлгісі болды.
Мерекелік жиынға ардақты ардагерлер, ауданға қарасты бірқатар мекеменің ұжымдары, мемлекеттік қызметшілер, ұстаздар мен жастар қауымы қатысты.
Шара барысында жасөспірімдер мен оқушылардың белсенділігі ерекше байқалып, өнерлері көпшіктің ықыласына бөленді.
Ал салтанатты жиынға арнайы қатысқан аудан әкімі Жасұлан Естенов көпшілікті Рәміздер күнімен құттықтап, оның құндылықтарына тоқталды.
«Тәуелсіздіктің төсбелгісіне айналған мемлекеттік рәміздерімізді қадірлеп, құрмет тұту-әрқайсысымыздың қасиетті борышымыз. Баршаңызды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтай отырып, әрдайым ел іші мерекелі де берекелі болсын деймін. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бастаған ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай берсін. Бірлігіміз жарасып, еліміздің жарқын болашаққа бастар жолында нық қадам жасап, ынтымағы жарасқан ел болайық! Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, рәміздеріміздің мәртебесі биік болсын!» – деді Жасұлан Тоққожаұлы.
Аудан басшысының құттықтау сөзінен кейін «Қалбибі» өнер студиясы және аудан өнерпаздары Мемлекеттік Гимнді орындады.
Сондай-ақ айтулы шара аясында мемлекеттік қызметке енді орналасқан мамандардың ант қабылдау рәсімі өтті. Абыройлы міндетті атқаруға ниетті жандар қызметке деген адалдықтарын танытып, рәміздерге де құрмет көрсетті.
Айта кетейік, 1992 жылдың 4 маусымында ҚР Жоғары Кеңесі «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» заң қабылдап, тәуелсіздігіміздің алғашқы бетбұрысын нақтылады. Міне, содан бері елдігіміздің нышанына айналған рәміздеріміз ұлықталып, лайықты дәрежеде дәріптеліп келеді.
Өз тілшіміз.