Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу елімізде 20 маусымда басталды. Бұл тестілеудің нәтижесі Қазақстанның жоғарғы оқу орындарына түсу үшін қажет екені белгілі.
Дүйсенбі күні бұл жауапты кезеңге деген соңғы дайындық жұмыстары пысықталып, аудан әкімі Жандарбек Далабаев әкімдіктің үлкен мәжіліс залында ҰБТ-ға қатысатын 46 мектеп директорлары мен тиісті қызмет басшылары бас қосқан жиын өткізген болатын. Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары А.Назарбаева мен білім бөлімінің басшысы Г.Такимова сынаққа әзірлік барысы туралы жан-жақты баяндады. Белгілі болғандай, биыл мектеп бітірген 1795 түлектің 1404-і жоғарғы оқу орнына түсу үшін тест тапсырады. Қаскелең қаласындағы Белинский мектебі ауданымыздағы тестілеу орталығы болғандықтан, мұндағы кабинеттер толықтай жабдықталған. Биылғы ерекшелік ретінде онлайн көрсетілімді айтып кеткен жөн. Яғни, ата-аналар сырттағы LED-экраннан мектеп ішінде өтіп жатқан сынақ барысын байқай алады.
Жандарбек Ермекұлы сөзінің қорытындысында бұл маңызды науқанда ешқандай қателікке жол берілмеуі керектігін айтып, балалардың өмірі мен денсаулығы ең басты орында екенін ескерткен еді.
Сәрсенбінің сәтінде қарасайлық түлектер де үлкен өмір жолына басқан қадамдарын нықтау үшін жауапты сынақта бақтарын сынап көрді. Бұл бірінші кезеңге барлығы 14 мектептен 459 оқушы қатысты.
Клара КӨПБАЕВА.