Елбасы Н.Назарбаевтың ел Тәуелсіздігінің баянды болуы, татулық пен келісімнің жақсаруы жолында атқарған еңбегі зор. Сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президентінің бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі де қоғамымызда ерекше орын алатынын айтқым келеді.
Бүгін, міне, осы жалпыхалықтық институтқа айналған Ассамблеяның кезекті сессиясы өтіп, оның барысында ұлттық бірлікті нығайту жолында бірқатар нақты міндеттер айтылды. Ол жайында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жан-жақты жеткізіп, қоғамдық келісім мен ынтымақтастықты арттыру бағытында игілікті істерді атқару керектігін жеткізді.
Онлайн форматта өткен сессия жұмысында көптеген келелі ойлар айтылып, нақты шешімдер бекітілді. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев айтқандай, расымен де, Ассамблея өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, тәуелсіз Қазақстанды мекен еткен ұлт пен ұлыстың татулығы үшін тынбай еңбек етуде. Өз кезегінде Елбасы осындай бағыты айқын бастамаларды алдағы уақытта ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атқару керектігін атап өтіп, ҚХА төрағасы лауазымын оған сеніп тапсырды.
Сессия аясында әр өңірдегі Достық үйлерінің атқаратын қызметтеріне де көңіл бөлінді. Оның маңыздылығы, татулық бағытындағы мемлекеттік саяси бастамалар, оны жүзеге асыру бойынша әкімдіктер мен Ассамблеяның бірлескен жұмысы жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, алқалы жиында Үндеу қабылданып, тәуелсіз елдің татулығы мен келісімін күшейту жолында атқарылатын істер нақтыланды.
Азаматтық ұстанымдардың тұтастығын нығайтатын Ассамблея алдағы уақытта ортақ мақсаттардың жүзеге асуына септігін тигізеді деген сенімдемін.
Айшам НУРУЗОВА,
Қарасай аудандық ұйғыр этно-мәдени орталығының төрағасы.