Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жария болғаннан бастап еліміздің барлық аймақтарында қаншама игі бастамалар жүзеге асырылуда. Әсіресе, ұлттық құндылықты насихаттап, қазақ мәдениетін ұрпақтан ұрпаққа мирас ретінде жеткізудегі үрдіс бастамаларды айта кеткен жөн.
– Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс, – дейді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Шыныменде, мұндай құндылықтар сақталмаса қазақтығымызға сын болар.
Иә, Елбасымыз нықтап айтқан ұлтық музыкаға қатысты рухани құндылықты ұлықтау жұмыстары ауданымызда жоғары дәрежеде атқарылып келеді. Соның бір дәлелі ретінде өткен аптада Жамбыл ауылдық округінің №2 орта мектебінде өткен «Dombyra party» байқауын айтуға болады. Аты заманауи аталғанымен заты қазақша бұл шараның басқалардан орны ерекше. Басты мақсат «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ халқының рухани-мәдениетін сақтай отыра, бірегейлікті, ынтымақтастықты қалыптастыру. Сонымен қатар, ұстаздар арасында ұлттық музыканы, қазақтың қара домбырасының қасиетін дүйім көпшілікке дәріптеу.
Ұлттық аспабымызды серік етіп байқауға қатысу үшін ауданымыздың қала және ауылдық округтерінен 15 ұстаз бақ сынады. Бұл конкурстың ерекше талабы мұғалімдердің музыка саладан білімі болмау керек. Ал, қатысушылар екі кезең бойынша өнерлерін сарапқа салды. Біріншісі – ұяшық таңдау арқылы қазақтың күйін шертсе, екіншісі – халық әндерін нақышына келтіре орындау.
Байқау алдында мектеп ұжымы келген меймандарды ерекше ықыласпен қарсы алып, ұлттық сусынымыз –қымыздан дәм татқызды. Құрметті қонақтар қатарында аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Шынарай Сүйіндікқызы, аудандық мәдениет және тілді дамыту бөлімінің бас маманы Ділдә Әбілқасымова, аудандық мәдениет үйінің директоры Елнур Қайратқызы және осы ауылдық округтің әкім орынбасары Дастан Рахметуллаұлы болды. Олар алдымен 2017-2018 оқу жылдары Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған мектеп ішіндегі «Жыр алыбы – Жамбыл» атты мұражайына саяхат жасады. Бір ғасырлық жолы бар жыршы бабамыздың құнды жәдігерлері сақталған орталық келушілерді ерекше әсерге қалдырды. Қонақтардың саяхат барысы мектеп оқушыларының шығармашылығынан құралған «Ұлы дала көрмесі» мен «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» атты көрмелерін танысумен жалғасты.
Осындай қонақжайлықтары ерекше Жамбыл ауылының №2 орта мектебі ұйымдастырған, жоғарыда біз тілге тиек еткен «Dombyra party» байқауы да өте жоғарғы деңгейде өтті. Ұстаздардың өнерін бағалау үшін музыка саласының мамандарынан құралған алқалы азматтар шешім шығарды. Ол әділ-қазылардың құрамында Қазақстан Республикасының білім беру саласының үздігі, әрі құрметті қызметкері, Қаскелең қаласының мәдениет коллледжінің халық аспаптар оркестрінің жетекшісі, «Үшқоңыр» ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері – Талғат Рахимбаев, «Сазген сазы» оркестрінің солисті, дәстүрлі әнші, халықаралық байқаулардың лауреаты – Саят Нұрғазин және белгілі күйші Нүркен Әшіровтың шәкірті, жыршы, талантты күйші – Жамбыл Мейірбеков сынды біліктілер болды. Қазылар алқалары өнерпаздарға баға беріп қана қоймай, өз өнерлерінде көрерменге тарту етті.
Сонымен ұлағатты ұстаздар арасында өткен «Dombyra party» конкурсының нәтижесі бойынша Жамбыл округінің №2 орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Гулнара Сейсенбаева бас жүлдеге ие болса, жүлделі 1 орын Береке орта мектебінің ұстазы Сәбит Жарқынбекке бұйырды. Ал, Қаскелең қаласының Н.Әлімқұлов орта мектебінен келген Эльмира Аманбаева 2 орынға қол жеткізсе, Еңбекші орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Меруерт Әсетолланова 3 орынды қанағат тұтты.
Көңілді ноталы байқаудың соңы мектеп оқушыларының өнерлерімен жалғасты. Олардың ішінде бірнеше Республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанып жүрген Айым Мараттың «Сайра бұлбұл» әні мен Бекзат Есберген орындаған «Құралай» әні келген қонақтарға керемет көңіл күй сыйлады.
Екі ішекті қазақтың қарапайым домбырасын дәріптеуге арналған осындай керемет жобалар көптеп ұйымдастырылса, ұлттық аспаптың өшпес мұрасы келешек ұрпаққа аманат ретінде жете бермек. Ұлтымызды ұлықтайтын ұлттық рухани-мәдени құндылықтар – халықтың қазынасы.
Дидар МУХАМАДИЕВ.