Құрметті отандастар! Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақстан аса жарқын әрі мейірімді мерекелерінің бірі – Қазақстан халықтарының бірлігі күнін тойлайды. Бұл достық, сыйластық пен ынтымақ мерекесі, 150-ден астам ұлт мекендейтін елімізде бейбіт өмір сүру үшін талап етілетін қағидалар. Қазақстанның кең шаңырағы астында қазақтар, өзбектер, түріктер, орыстар, украиндар, немістер, корейлер, ұйғырлар, қырғыздар, армяндар, грузиндер және көптеген басқа ұлт өкілдері тұрады. Ел басына күн туған, жаугершілік заманда қазақ еліне паналап келген әр ұлттың өкілдерін бауырына басып, бір нанын бөліп жеп, олардың ұлт ретінде жойылып кетпеуіне үлес қосқан қазақ еліне алғысымыз шексіз!
«Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашан да нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, әрқашан ынтымақ, бірлік жасай берсін!
Еліміздің қазынасы ырысқа толып, өркендеп дами берсін. Еліміз аман, жеріміз тыныш болып, көк байрағымыз бейбіт заманның көгінде қалықтасын. Мереке құтты болсын!
Камран БУРСАЛОВ,
Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Қарасай аудандық орталы-ғының мемлекеттік тілін жетік меңгерген этнос өкілі.