Жыл сайын тамыз айының соңына таман Қарасай жерінде ұйымдастырылатын ауқымды шаралардың бірі – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері Дінмұхамед Қонаевтың жүлдесіне арналған республикалық спорттық турнир. Бұл дәстүр биыл да ұмыт қалмады. Ұлттың ұлы тұлғасы 1993 жылы 22 тамызда дүниеден өткендіктен, оның рухына арналған бұл игі бастаманың дәл осы уақытта өткізілуінің де маңызы зор.
Спорттық шара осы жылы да ұлан-асыр басқосуға ұласып, әдеттегідей ауданымызға қарасты «Гүлнар бақ» демалыс аумағында ұлттық ат спорты түрлерінен республикалық жарыс және құмдағы волейболдан ерлер мен әйелдер арасында ашық біріншілік өтті.
Ер есімі ұлықталған басқосуға 1000-нан астам адам жиналды. Құрметті қонақтардың қатарында қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов, волейболдан КСРО спорт шебері, Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов сынды ел ағалары мен Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының, Қарасай ауданы әкімдігінің өкілдері, спорт ардагерлері болды. Шара барысында қадірлі меймандар Дінмұхамед Ахметұлының елге сіңірген еңбегін, қажыр-қайратын сөз етіп, ізгі ілтипаттарын білдірді.
Сонымен қатар аталған республикалық шараның өтуіне ұйытқы болып, басы-қасында жүретін генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев та сөз сөйлеп, жиналған қауымға ризашылығын білдірді.
Ақжарма тілектер мен қариялардың ақ батасынан кейін ұлттық ат спортын серік еткендер жарыс жолына шықты. Оған елдің әр аймағынан және Қырғызстаннан арнайы келген шабандоздар қатысып, 100-ден астам атбегі бақтарын сынады. Бағдарлама бойынша 24 шақырымдық Аламан бәйге, 15 шақырымдық Құнан бәйге, қыз қуу және жамбы ату сайыстары өтті.
Бағы мен бабы қатар шапқан бәйгелердің нәтижелеріне келер болсақ, 24 шақырымға шапқан Аламанда қырғыз ағайындардың «Ақжолтай» атты тұлпары бірінші келіп, оны баптаған Шарипбек Макинбаев бас жүлдеге тігілген «Changan» автокөлігіне ие болды. Мәре сызығын екінші болып кескен Жетісу облысы Алакөл ауданына келген Сәбит Бауыржанның «Бастау» атты пырағы ат иесіне 2 млн 500 теңге көлеміндегі сыйақыны жеңіп берді. Ал үздік үштіктен тағы да Қырғызстанның аты оза шапты. «Көзайым» деген жануарын баптаған Тарел Шукурбеков 1 млн теңгелік жүлде қорын қанжығасына байлады. Сондай-ақ бұл Аламан бәйгеде төртінші мен бесінші орындарды иеленген жандарға да қаржылай сыйақы берілді. Олар – Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданынан және Сұлутөр ауылынан келген атбегілер. Әрбіріне сәйкесінше 500 мың және 300 мың теңге көлемінде жүлде бұйырды.
Құнан бәйгедегі сәйгүліктер де жарыс көркін қыздыра түсті. Мұнда да бас жүлдеге автокөлік тігіліп, оны Алматы облысы Жамбыл ауданының «Ұшқыр» деген атын баптаған Ерсұлтан Серіков жеңіп алды. Ал екінші орынның 1,5 млн теңгелік жүлде қоры Талғар ауданынан атын ерте келген Мерхат Бұлғыновқа бұйырса, үштікті Балқаш ауданының тұлпары қорытындылады. Оның иесі Қасым Алтынбай 1 млн теңгені қанжығалады. Аламан бәйге сияқты бұл жақтағы жарыста да төртінші және бесінші орынды иеленгендерге ақшалай сыйлық табыс етілді. Атап айтқанда, Қордай ауданының Бақаевтар әулеті 500 мың теңге, Алматы қаласынан келген Абылай Балтабайға 300 мың теңге бұйырды.
Айта кетейік, бұл спорттық шарада бәйгеден басқа, қыз қуу, жамбы ату, теңге ілу сияқты басқа да бақ сынасатын жарыстар ұйымдастырылды. Аталған ұлттық ойындардың жеңімпаздарына да қаржылай жүлделер берілді.
Ал ерлер, әйелдер және ардагерлер арасында құм үстіндегі волейболға келер болсақ, ол да тартысты өтті. Әрбірі жас мүмкіндіктеріне сай спортқа деген белсенділіктерін барынша байқатты. Нәтижесінде ерлер арасындағы «А» және «Б» лигасында Алматы қаласы мен Талғар ауданының командалары жеңімпаз атанды. Ардагерлерден Алматының «Буревестник» командасы топ жарды.
Барлық жарыс аяқталған соң, ұлт тұлғасы Дінмұхамед Қонаевтың рухына арналып 2000 адамға дастархан жайылды. Онда марқұмға Құран бағышталып, мемлекет қайраткерінің қазақ жеріне жасаған ерлік істері сөз болды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
