Еліміздің тарихына көз жүгіртсек, ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында ел бастаған қазақтың нағыз даналары, ұлт жанашырлары азаттық үшін күресте жазықсыз жапа шекті. Солардың арасында оқ бойы озық тұрған қазақтың Үш Арысының биыл туғанына 125 жыл толып отыр. Өткен аптада аудандық Мәдениет үйінде өткен айтулы шара ұлтымыздың біртуар перзенттері: Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндердің ғибратқа толы ғұмырларын, ерлікке толы істерін еске алуға арналды.
Ақиқатқа айналдырған айтулы кеште жырдан шашу шашылып, әсем әуендер көпшіліктің көңілін тербеді. Қазақ руханиятының үш бәйтерегіне баланған алыптарымыздың есімі ұрпақ жадында күн өткен сайын биіктей беруге тиіс. Осы мақсатта аталған тағылымы мол шараны қалалық кітапхана мен С.Жандосов атындағы колледждің ұжымдары бірлесе ұйымдастырған. Үш арыс қазақ әдебиетінің тарихына үш бәйтерек болып еніп, бір жылда өмірге келіп, шығармашылықтарын бірге бастады. Олар қазақ әдебиетінің барлық жанрына елеулі үлес қосқан тегеурінді тума таланттар еді. «Тәспінің үзілген тасындай» бір жылы туған бұл үш құрдас – бір жылы нақақтан-нақақ атылып кетерін білмеген де, сезбеген де болар?! Иә, олардың пешенесіне 44 жылдық ғұмыр жазылыпты. Туған халқымыз «үш арыс», «үш бәйтерек» деп мақтан тұтып, төбесіне көтерген болатын. Қазақ әдебиетіне, мәдениетіне, өнеріне төңкеріс тудырған үшеудің басы туған ұлысының тағдыры таразыға тартылған алай-дүлей кезеңде табысып, ұлы мұрат жолында қосылыпты. Біреуі – Жетісудың даласынан болса, екіншісі – Сарыарқаның кіндігінен. Ал, үшіншісі – Тобылдың жағасында өсіп-өнген. Ілиястың да, Сәкеннің де, Бейімбеттің де қаламына тән қасиет – елдің мұңы мен халықтың аянышты хәлі еді.
Бүгінде тәуелсіз елдің ұрпақтары, зиялы қауымның ізбасарлары тарих сахнасында алтын әріптермен есімдері жазылған аталарының ерлігін ұлықтап келді. Осы жиынның шымылдығы Үш Арыстың өмір хикаясынан сыр шерткен бейнероликпен түріліп, әрі қарай жас ақындардың арнау өлеңдерімен жалғасын тапты. «Болашағын үлкен сахнамен байланыстыратын шәкірттеріміз әрдайым ізденісте жүреді. Ел қамын жеген бұл ерлер «Алашордашылар – ұлтшылдар» атанып, жазықсыз жапа шекті. Олардың кешкен ауыр жағдайынан сипаттаған қарасайлық өнерпаз Баймұхамет Мұқатайдың орындауындағы «Үш Арыс» әні сол күндерді анық бейнелеп, жиналғандардың көзіне жас үйірді. Әрі қарай, аталмыш оқу орнының студенттері ерліктері өз алдына, жырлары жауһардай төгілетін Үш бәйтерктің өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар, басқа өнерпаздар да айтулы жиын аясында ерлікті, батырлықты сөз еткен әндерді әуелете шырқап, күмбірлеген күйлерді нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ бұл кеште көпшілік назарына «Үш бәйтеректің» шығармалар жинағы және де Алаш арыстарының өмірінен сыр шертетін естеліктерді қамтыған ауқымды көрме ұсынылды. Шара І. Жансүгіров пен О.Жандосовтың ұрпағы Ажар Жандосова мен аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ділдә Әбілқасымованың қорытынды сөзімен аяқталды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.