Жақында Алмалыбақ ауылында жаңа мешіт ел игілігіне беріліп, елді мекендегі мұсылман қауымы үшін жақсы жаңалыққа айналды. «Мұхаммед Хайдар Дулати» деп аталатын құлшылық мекенінің ашылу рәсіміне Алматы облысының бас имамы Мадияр Пірімқұлов, Қарасай ауданының бас имамы Дәуренбек Жандосұлы және ауыл тұрғындары қатысты.
Имандылық ұясының еңсе тіктеп, бой көтеруіне «Arnayi GROUP» компаниясы демеуші болған. Әсіресе, оның құрылтайшысы Гүлзат Тұяқбаеваның жомарттығын ерекше атап өтуге болады. Игі іске себепші болған кәсіпкер әйелге ауыл халқы айтулы күні ризашылығын білдіріп жатты.
Мешіттің көпшілік алдында ашылуының «бісмілләсі» қасиетті Құран оқумен басталды. Одан кейін облыстың бас имамы Мадияр Тағайбайұлы ізгі тілегін білдіріп, дәстүр мен діннің сабақтастығы хақысында ойын ортаға салды. Сондай-ақ ауыл ақсақалдары да ақжарма тілегін айтып, баталарын берді.
Жаңа құлшылық ордасы Қарасай ауданы бойынша 57-мешіт болып табылады. Оның «Мұхаммед Хайдар Дулати» деп аталуына қатысты Алматы облысының бас имамы пікір білдірді.
– Бұл мешіттің ашылуы мәдениеттің, руханияттың дамуына қосар үлесі зор және жастардың тәрбие алатын ерекше ортасы болып табылады. Осы ретте ауыл халқына құтты болсын дегім келеді. Ал оның атауына келер болсақ, жалпы Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының мешіттерге атау беру мәселесіне келгенде негізгі ұстанымдары бар. Яғни қазақ даласына еңбегі сіңген зиялы қауымдардың, Алашқа аты белгілі ғалымдардың, ғұламалардың есімі беріледі. Осы мақсатта аталған құлшылық ордасына қазақ тарихын қалыптастырушылардың бірі Мұхаммед Хайдар Дулати бабамыздың есімін беруді жөн көрдік, – деді облыстың бас имамы М.Пірімқұлов.
Айта кетейік, мешіттің салтанатты ашылу рәсімінен кейін Мадияр Тағайбайұлы құлшылық ордасында уағыз айтып, жамағатпен бірге мешіттегі алғашқы жұма намазын оқыды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
