Бүгінгі таңда арнайы мамандар мен ұстаздарды елімізде тіл кемістігі бар балалар санының көбеюі алаңдатуда. Сондықтан психологтардың, логопедтердің және дефектологтардың педагогикалық шеберлік деңгейін арттыру мәселесінің бүгінгі күні өзектілігі жоғары. Осы мәселеге байланысты өткен аптаның жұмасы күні оқушылардың жан-жақты білім алуына барлық жағдайын жасау үшін көптеген ауқымды жұмыстар жасап жатқан А.Байжанов атындағы білім ордасы өз қабырғасында ауқымды іс-шара өткізді.
Нақтырақ айтқанда, бұл күні мектеп әкімшілігі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетімен ынтымақтастық меморандумның аясында облысымыздың жан-жағынан келген логопед мамандарының басын қосқан ерекше семинар-тренинг ұйымдастырды. ҚазҰҚПУ-нің кәсіби практикалық және мансап бөлімінің басшысы Ғалия Исмаилованың айтуынша, аталмыш семинар екі білім мекемелерінің арасындағы бірлестікті нығайту мақсатында өтті.
– Бүгін біздің университет А.Байжанов атындағы орта мектебімен ынтымақтастық меморандумына қол қойдық. Мына семинар сол ынтымақтастықтың нәтижесі деп айтсақ та болады. Бұл іс-шараның басты мақсаты екі білім мекеменің арасында байланыс орнату. Енді алдағы уақытта біз аталмыш мектеппен бірге әртүрлі маңызды жобаларды іске асырып, көптеген ауқымды жұмыстар жүргізетін боламыз, – дейді Ғалия Алжигитқызы.
«Дыбыс қою кезіндегі әдіс-тәсілдер» тақырыбында өткен семинар барысында аталмыш университеттен және арнайы орталықтан келген кәсіби мамандар қатысушыларға жалпы сөйлеу қабілеті дамымаған балалардың сенсоромоторлы интеграциясы бойынша жұмыс жүйесі туралы толығырақ үйретті.
Жоғарғы оқу орнынан арнайы келген мамандар «Р» мен «Л» дыбыстарын оқушыларға дұрыс қолдануды үйрету үшін жасалатын қысқа мерзімді жоспар үлгісін көрсетті. Балаларда тіл кемістігі қандай жағдайларда пайда болуы мүмкін екенін және оның түрлерін қалай ажыратуға болатындығын үйретіп, кемістіктің түріне қарай қандай маманға жіберу қажет екенін түсіндірді. Ал «LD LogoDom» балалар логопедиялық орталығының директоры логомассаж жасаудағы әдістерді түсіндірді. Сондай-ақ, тіл кемістігі бар балалармен жұмыс жасау барысында міндетті түрде мектеп психологын да араластыру керектігін айтты. Бұған қоса, логопед жұмысындағы өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, тіл кемістігі бар балалалармен түзету жұмыстарын жасаудың жаңа әдіс-тәсілдерін айтып өтті.
Жалпы семинар-тренинг барысында қатысушылар мамандардан түсінікті форматта практикалық мысалдар арқылы психикалық бұзылулардың негізгі формаларымен, диагностика әдістерімен танысып, соған сүйене отырып, түзету жұмыстарын жүзгізудің жаңа әдістерін үйренді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.