Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас Үлкен ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Сонау Балқаш көлінің жағасындағы бұл елді мекенде атом электр стансасын салу мәселесі көтерілгені белгілі. Бүгінде мұнда екі мыңға жетпейтін адам тұрады.
Үлкен ауылы өткен ғасырдың 80-жылдарында ірі энергетикалық кешен тұрғызу мақсатында құрылған болатын. Бірақ энергия өндіретін алып кәсіпорын салынбай, жұмыс жоқтықтан тұрғындарының көпшілігі көшіп кеткен. Көпқабатты тұрғын үй, жатақхана сияқты ғимараттың біразы қазір қаңырап бос тұр. Сол сексенінші жылдары салынған 9 қабатты үйлерде тұратындардың басым бөлігі балық шаруашылығымен айналысады. Өйткені мұнда балық аулаудан басқа жұмыс жоқтың қасы. Алайда қазақстандық АЭС салуға дәл осы жер балама нұсқаның бірі ретінде таңдалғалы бері үлкендіктерде үлкен үміт пайда болған сыңайлы. Талай жыл ел назарынан тасада қалған ауылда әлеуметтік нысандар салу, жабылып қалған мекемелерін қайта ашу сияқты әңгімелер кейінгі кездері ұдайы қозғалады.
Аудан басшысының бұл жолғы сапарында да осы жайлар көтерілді. Кездесуде Нұрлан Ертасұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен таныстыра келе, үлкендіктердің ой-пікірін, өтініш-тілектерін тыңдады. Тұрғындар тарапынан қойылған көше жолдарын жөндеу, ауыз сумен қамтамасыз етудің жай-күйі, балабақша салу туралы сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізудің жөн-жосығын түсіндіріп, орайы келген істің әлбетте жүзеге асырылатынын жеткізді. Әзірге мұнда мектепке дейінгі және орта білім беретін орындар бар, жаңасын салудың қажеті жоқ. Мәселен, балабақшамен қамтамасыз ету бойынша Үлкенде 2022 жылы 7 жасқа дейінгі балалар саны 207 болған. Оның ішінде 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар саны 81 еді. Оның 50-і мектеп жанындағы шағын орталықпен қамтылып, 27 бала мектепалды топта оқыды. Елді мекенде бала өсімі өте баяу, биылғы көрсеткіш те сол шамада көрінеді. Ауылдағы мектеп ғимаратының сыйымдылығы 1176 оқушыға есептелген. Алайда қазіргі оқушылар саны бұдан әлдеқайда аз. Өткен оқу жылында мұнда бар-жоғы 313 бала білім алған. Егер келешекте халық саны күрт артып, қажеттілік туындап жатса, жоспарға енгізіліп, жаңадан мектеп те, балабақша да салуға болатыны түсіндірілді.
Үлкендегі ауыз сумен қамтамасыз ету құрылғыларының ескіргені сөз болды. Бірақ онда меншік мәселесі туындаған. Атап айтқанда, «УППВ» деп аталатын ғимарат пен қоршауы, трансформатор, су жинау орындары, «КНС-15» ғимараты, «КНС-14» қоршауы, сүзгі аймағы сияқты нысандары банктің кепіл мүлкі екені белгілі болды. Мұндай жағдайда банкке кепілге қойылған мүлікке иелік ету келісіп-бекітілген тәртіппен жүргізілетіндіктен, бұл мәселе меншік иесінің мүмкіндігіне байланысты шешімін таппақ. Бүгінде елді мекендегі су құбырларын жаңарту ісі қолға алыныпты. Бұл жұмыстың жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін білікті мамандармен осы нысандарды зерделеу-тексеру жұмыстары жүргізілетіні айтылды. Ал, көше жолдарын жөндеу жұмысы ауыз су жүйесі жүргізілгеннен кейін басталмақшы.
Алыстағы ауыл жұртымен кездесуге аудандық атқарушы мекемелердің жетекшілері де барып, өз саласы бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Мұның алдында ғана аудан әкімі Н.Ертас Балықшылар күніне орай осында өткен мерекелік шараға арнайы қатысып, осы кәсіп иелерін құттықтаған болатын.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Үлкен ауылы,
Жамбыл ауданы.