Биылғы Жастар жылының аясында округіміздің спорт саласы да басты назарға алынған. Осы мақсатта мәдени шаралар мен спорттық бәсекелер де бой көрсетсе, оған қатысуда жас буын өкілдері жан-жақтылық танытып келеді. Осыдан бір апта бұрын өзіміздің округ әкімдіктің ұйымдастыруымен, сондай-ақ, облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы, округтің ардагерлер ұйымының төрағасы Бұлар Мирмановтың бастамасымен, Бекболат ауылындағы Бірінші Май орта мектебінде «Үлкенге құрмет – кішіге ізет» атты ауданаралық турнир өтті.
Жастарға үлгі ретінде өткізілген шарада спорттың бес түрі қамтылды. Жарысқа қатысушылар граната лақтырудан, ұзындыққа секіруден, 100 метрге жүгіруден, турникке тартылудан және бір шақырымға жүгіруден сынға түсті. Бәсекеде бақтарын сынағандардың қатарында Қарасай ауданына қарасты мектептердің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері мен белсенді жастар болғанын айта кету керек. Тартысты өткен жарыста І орынға Үшқоңыр гимназиясының мұғалімі А.Колесников ие болса, ІІ орын Шамалған орта мектебінің мұғалімі Т.Төлеуге бұйырды, ал, Қарасай батыр орта мектебінің мұғалімі О.Жұмабаев жүлделі ІІІ орыннан көрінді.
Шара соңында округ әкімі Е.Мұқатаев сөз сөйлеп, ардагер Бұлар Алматайұлына алғысын білдіріп, жеңімпаздарға сыйлықтар мен мақтау қағаздарын табыстады. Сонымен қатар, округ басшысы өз сөзінде осындай игі бастамалар болашақта да жалғасын табатынын айтты.
А.ТҰРМЫСБЕК,
Бірінші Май ауылдық округі әкімі аппараты-ның спорт жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы.