Ауданымызда мүмкіндігін тағдыр тарылтқан жандардың көңілін аулау үшін оларды әрдайым қолдап, көмек қолын созып жүрген азаматтар жетерлік. Осы ретте аптаның алғашқы күні аудан әкімдігінің ғимаратында әлеуметтік жағынан осал топтардағы адамдармен жұмыс істеп, оларға қолдау білдіріп жүрген азаматтар марапатталды.
Елбасының «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» Жарлығына сәйкес, қазан айының екінші жексенбісінде аталып өткен мүмкіндігі шектеулі азаматтар күніне орай осындай жандарға қолдау және көмек көрсетіп жүрген бірқатар азаматтарға құрмет көрсетілді.
Нақтырақ айтқанда, дүйсенбі күні аудан әкімінің міндетін атқарушы Айжан Назарбаева «Рахым» қорының басшысы Раушан Байтанова, «Жігер – М» мүгедек спортшылар федерациясының басшысы Тәжіғали Ходжамұратов пен тағы да бірқатар Шолпан Есімбекова, Дәмегүл Үсенова, Рита Тұрманбетова сияқты әлеуметтік қызметкерлерге өлшеусіз еңбектері үшін аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың атынан Алғыс хат табыстады. Сонымен қатар, басқосу барысында Айжан Нұрділдәқызы тағдыр тауқыметін тартқан жандарға күн-түн демей, қол ұшын беріп, қолдау көрсетіп жүрген азаматтарға жасап жүрген қайырымды жұмыстары үшін үлкен ризашылығын білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.