Ұлы данамыз хакім Абай: «Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» деген. Ұқсаймын десе ұлға да, қызға да үлгі боларлық адамдар аз емес.
Жалпы, жеке тұлғаның өзі халық арасынан өсіп шығады. Осы орайда, өткен ғасыр шеруіне барлау жасайтын болсақ, қазақ еліне жойқын шабуыл жасаған жат жұрттықтарды тарих беттерінен білеміз. Осы бір алмағайып заманда бес қаруын асынып, өмірін ат үстінде өткізген батырдын бірі – Қарасай батыр. Қазақ елінің туын биікке көтерген осы бабамыздың ұрпағының бірі – біздің Нұрғазы Арнұр Ержанұлы десек қателеспейміз.
Ол Шамалған ауылында 2005 жылы туған, Үшқоңыр қазақ орта мектебінің 8»А» сынып оқушысы. Көк байрағына күн ұялатып, қыран қонақтатқан қырағы жұрттың ұлттық рухын 7 қат зеңгір көкке әуелетіп, «Ұлы Дала « иесі екенін дәлелдеп жүр ол. Тіпті, Арнұрдың шыққан тегін былай қойғанда, отбасының өзі ұлағаттылықты паш еткен жандар. Әжесі – Бибігүл Көпжасарова 40 жыл ұстаз болған, атасы – Көпжасаров Нұрғазы еңбек ардагері, әкесі – заңгер, анасы – экономист. Бұл отбасының зиялы әулетке тән өнегелі шаңырақ екенін баса айта кетсек болады. Олар үшін заманның байлығы – адам, өсіп келе жатқан жас ұрпақ.
Иә, адам өмір бойы жақсылықты, қуанышты іздеп өтеді. Әйтсе де оны өзге жақтан емес, өз әлемінен, өз жан сарайынан табады. Отбасы мүшелері Арнұрдың бойындағы спортқа деген бейімділігін жақсы танып, мәдениет үйінде ұйымдастырылған спорттың «Муайтай» түрі секциясына қатысуына жағдай жасаған. Алғаш рет Арнұр 2014 жылы аудандық тайбокс (Муайтай) жарысында I орынды иеленеді.
Республикалық жасөспірімдер арасындағы «Муайтай» турнирінен 30 кг салмақта I орынды алды. Сол сияқты республикалық турнирде II орынға қол жеткізсе, осы жылы Петропавл қаласында өткен «Кубок севера» атты турнирде III орынға шықты. 2017 жылы республикалық жасөспірімдер арасында 36 кг салмақта «Муайтай» турнирінен II орын, Атырау қаласында өткен республикалық «Муайтайдан» өткен ашық чемпионатта I орын алып, Анталияға жолдама алды. Сонымен 2017 жылы Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық Муайтайдан ашық кубокта тамаша нәтижемен III-орын иеленсе, 2018 жылы, яғни, биыл Тайланд корольдігінің астанасы Бангкок қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы атанды!
Жасөспірімдердің томағасын сыпырып дүбірлі додаға қатыстырып жүру – тек білікті бапкерлердің қолынан келеді. Оның бапкері – Халелов Разван.
Біз Арнұрдың ұлан-ғайыр жерін жаудан қорғап, белдескеннің бетін қайырған батыр бабаларымыз сынды намысты қолдан бермейтін спорт майталманы болғанын тілейміз. Қызығы мол, қиындығы қатар жүретін спорттан қалыс қалмай, алда да үлкен додаларда жетістікке жетсін, деген тілек айтамыз. Ар мен намысты қамшылайтын өнер берсін! Азаматтық, адамдық қажырлылық бағыттан қайтпай, аталар дәстүріне адал болып, бабалар аманатын лайықты жалғастырсын. Өмірдің шыңына өрлей бер, көк байрағымызды жоғарылата бер, Арнұр!
Галя ПИРАШОВА,
Үшқоңыр қазақ орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, халықаралық Ұстаздар одағының мүшесі.