Отбасының өнегесі қашанда көпшілікке үлгі болары сөзсіз. Расында, оларды қоғамның діңгегі, ұрпақ сабақтастығының жалғануына себепші болатын шағын ғана мемлекет десек артық айтқандық емес. Сондықтан отбасындағы орнықтылық пен құндылық қағидалары белгілі бір дәрежеде дәріптелуі дұрыс. Бұл ретте оларға арналған түрлі байқауларды тілге тиек етуге болады. Міне, осындай жарыстардан жақында Лаубаевтар отбасының бағы жанып, ауданның атын облыстық дәрежеде қорғағанын айта кеткен жөн.
«Отбасы – Отан тірегі» атты тақырыпта насихатталған бұл байқау 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай ұйымдастырылды. Әр ауданның намысын арқалағандар арнайы видеороликтер дайындап, қазіргі ахуалға байланысты қашықтан сынға түсті. Байқау ережесіне сай бейнематериалда қоғам ортасындағы және отбасындағы құндылықтар нығайтылып, жас ұрпаққа тәрбиелік мәні бар ақпараттар қамтылуы тиіс. Сонымен қатар, қатысушылардың 18-29 жас аралығы да ескерілуі қажет.
Міне, осы талаптардың барлығына қарасайлық Лаубаевтар отбасы сай келіп, жіберілген жұмыстары қазылар алқасының шешімімен жоғары бағаға ие болды. Олар басқа аудандардың арасынан дара көрініп, үздік жас отбасы атанды. Ал, Талғар мен Іле аудандары қарасайлықтардан кейінгі екінші және үшінші орындарға ие болды.
Спортты серік еткен Лаубаевтардың бұл жетістігі өзге жас отбасыларға үлгі болары анық. Жеңістеріңіз құтты болсын!
Дидар МУХАМАДИЕВ.