Наурыз – Ұлыстың ұлы күнi. Бұл күнi күн мен түн теңеледi. Табиғат та, жер-ана да, жан-жануар да түлейдi, жаңарады. Адамзаттың бойында қан жүгiрiп, тал-теректер бүршiк жарады. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезіп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жасылды кілем төселедi. Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы жеті түрлi дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, ай бойы Ұлыстың ұлы күнiн тойлайды. Бүкiл қазақ халқына ортақ бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйiм халық, мұқым ел ауызбіршілікте болады.
Жыл басын, ізгілік пен мейірімділіктің, береке мен бірліктің мерекесін бүкіл халық ерекше көңіл күймен, ықыласпен күтеді. Осыған орай ауданымыздағы Ұлан елді мекенінің тұрғындары да жыл басы – әз Наурызды айрықша леппен қарсы алды. Қыстан аман шығып, арқасын кеңге салған жұрт бұл күні мәре-сәре күй кешті. Алтыбақан теуіп, асық ойнаған бала, әннен шашу шашып, би билеген көпшіліктің қуанышын біз де бөлісіп қайттық. Бірлігі жарасып, ынтымағы ұйысқан Ұлан ауылында ақ түйенің қарны жарылған күн десе де болғандай. Қыстан аман шығып, көктемге жеткен кәрі-жас бір-бірімен төс қағыстырып қауышты. Ауқымды шараға ауданның Құрметті азаматы Серікхан Сәметұлы мен ауылдың бірқатар беделді де белсенді азаматтары демеушілік жасап, белсенділік танытыпты.
…Таң атысымен ауылдың орталығына жиналып, ел той тойлауға кірісті. Наурыз астрономиялық тұрғыдан күн мен түннің теңесетін уақыты. Ал, халық үшін бұл – қатал қыстан аман шыққан ағайынның бір-бірімен көрісіп, мәре-сәре болатын ұлық мерекесі. Сондықтан да жаңа жылдың басы саналатын Наурыз мерекесіне алты жастағы баладан 60-тағы қарияға дейін атсалысады.
Алдымен ауылдын үлкені, құрметті ақсақалы Сағынай Сәрсенов жұртшылықты Наурызбен құттықтап, бұл мерекенің ежелден келе жатқан еліміздің рухани байлығы екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол баршаға ырыс пен бақ-береке тілеп, ақ батасын берді. Ұлыс күні ұлттық киімдерін киіп, жайдары көңіл күймен орталық алаңға жиылған ауыл тұрғындары Ұлан орта мектебінің «Домбыра» атты оркестрінің күмбірлеткен күйін, «Радуга» би тобының қазақ пен өзге ұлттардың билері мен әнші балалардың әсем әндері мен арнайы шақыртылған әншілердің өнерін тамашалады.
Мұнан бөлек, қазақ күресі, қол күресі, арқан тарту, асық ату, кір тасын көтеру, қой көтеру, волейбол, футбол сияқты ұлттық ойын және спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Онда жүрегінің түгі, білегінің күші бар жас балалар мен жігіттер бақ сынап, жеңіске жеткендер сый-сияпатқа кенелді. Алтыбақанда ауыл жастары ән салып, мәз-мәйрам болды. Жеті түрлі дәмнен дайындалған қасиетті наурыз көжеден, сондай-ақ, басқа ұлттардың дәстүрлі тағамдарынан кең пейілмен жайылған мол дастарханнан дәм татты.
Сонымен қатар, мереке барысында жерлестері ауданның Құрметті азаматы Серікхан Сәметұлы мен бірқатар ауыл азаматтарына бүгінгі мерекені ұйымдастыруға жақсы атсалысқандары үшін алғыстарын жеткізді. Ұлттық құндылықтар ұлықталып өткен той жергілікті тұрғындарға көктемнің жылы лебін сезіндіріп, қуаныш пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Осылайша, ұлттық тәрбиеден ажырамай, қазақы қалпын аңғартқан ұландықтар тағы бір жылға аяқ басты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.