Біздің мектебіміздің ардагер ұстазы, ауылымыздың аса сыйлы азаматы Қосшығұлов Калида Сәлімжанұлы 80 жасқа толып отыр. Осы мерейтойға орай қырық жылдан астам уақытты бала тәрбиесіне арнаған, оның ішінде 24 жыл мектеп директоры болған, бүгінде округтің ардагерлер кеңесін басқарып отырған Калида Сәлімжанұлының өнегелі ісі туралы жазғанды жөн көрдік.
Ол 1938 жылы 26 қарашада Қостанай облысында дүниеге келген. Әкесі, Қосшығұлов Сәлімжан, Кеңес өкіметінің тапсырмасы бойынша Қаскелең ауданына қоныс аударып, қызмет етеді, 1944 жылы соғыста қаза табады.
Әкеден ерте айырылған ол анасы Биғайша Отарбайқызы екеуі, біраз қиыншылықты бастан өткереді. Бірақ, оқуға,білімге деген құштарлығы жоғары болды. Мектепті жақсы аяқтап, отбасының жағдайына байланысты еңбекке араласты. Еңбек жолын механизатор, автокөлік жүргізушісі болып бастады.Оқуға деген ынтасының арқасында техникумды, кейін КазПИ-дің география факультетін аяқтады. 1963 жылдан бастап бір жерде, бір мектепте қарапайым мұғалімнен мектеп директорына дейін қызмет атқарды.
Жиырма төрт жыл бойы мектепке білікті мамандарды шақырып, іріктеп, олардың жағдайын жасап, білім сапасының өсуіне үнемі көңіл бөліп отырды. Ол мектепті басқарған жылдары, мектепте темірдей тәртіп орнатылды. Балаларына жақсы тәрбие бере білген ата-аналарды мектеп үнемі қолдап, жылына бір рет ауылдың Мәдениет үйінде үлкен ата-аналар жиналысында Алғыс хаттарымен марапаттады. Мектептің жылуы, жөндеу жұмыстары, оқушылардың тасымалдауы, түлектердің еңбекке араласуы, тағы да басқа көптеген істерге ұтымды шешімдерді білікті басшы дер кезінде қабылдай білді.
Ағайдың ұйымдастырушылық қабілеті өте ерте байқалды. Ол жалынды жас шағында комсомол комитетін, кәсіподақ ұйымын көп жыл басқарды. Ел сенімін ақтағаны үшін халық оны Елтай ауылдық советінің депутатына сайлады, ауылдық советтің төрағасы болды. 2004 жылдан бастап Елтай ауылдық округі соғыс, еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, әкімдіктегі «Нұр Отан» партиясының төрағасының орынбасары болды.
Елтай ауылдық округінің бірқатар мектептерінің ашылуына, күрделі жөндеуден өткізілуіне аянбай еңбек етті. Атап айтатын болсақ, 1991 жылдан бастап орта мектепке қарасты тасымалдап оқылып жүрген мектеп жасындағы 1-4 сынып оқушыларын өз ауылдарында оқыту үшін Байбосын (Ленин), Жармұхамбет ауылында мектептердің ашылуына, Исаев ауылындағы 1930 жылы салынған мектеп ғимаратының қирауына байланысты, ауылдың ескі Мәдениет үйіне демеуші тауып, жаңарту жұмыстарының жүргізілуіне мұрындық болды.
Халықта «Талантты адам жан-жақты болады» деген сөз бар. Калида ағай 7 сыныптан бастап баспасөз беттеріне мақала, өлеңдерін жариялап жүр. Шығармашылығы ескеріліп, ол 1998 жылы Қазақстан Журналистер Одағының мүшелігіне қабылданды. Ол Қарасай ауданының «Құрметті азаматы». Сондай-ақ, Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымының орталық кеңесінің Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен, Алматы облысының «Нұр Отан» партиясының Құрмет грамотасымен, Алматы облысы Кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен, Қарасай ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алматы облысының Ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Бауыржан, «Ұлы жеңіске – 65 жыл» медальдарымен, М. Тынышпаев атындағы Алматы облысы тарихи -өлкетану музейінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Калида Сәлімжанұлы, марқұм жұбайы Келменбетова Тұрсынай Сәлімбайқызымен екі ұл, екі қыз тәрбиеледі. Оның қызы Қосшығұлова Майра әкесінің жолын қуып, бүгінде мектебіміздің беделді ұстазы. Қазір ағай он немере, төрт шөберенің ардақты атасы.
Ұжым атынан Калида Сәлімжанұлын мерейлі жасымен құттықтаймыз! Өзіңізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жаңа шығармашылық табыстар, отбасыңызға амандық тілейміз!
Г. БЕРДІБЕКОВА,
М. Бейсебаев атындағы орта мектептің директоры.