Осы аптада Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің ғимаратында Алматы облыстық әдістемелік орталығы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті мен аталған колледж ұжымының бірлесе ұйымдастыруымен «Мектепке дейінгі білім беру жүйесі педагогтерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту және білікті маман даярлау жолдары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Алқалы басқосуға еліміздегі осы салада еңбек ететін ұстаздар қауымымен бірге, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанның ғалымдары қатысып, күн тәртбінде қойылып отырған мәселе жайлы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Басқосуға жиналған қауым ең алдымен колледж дәлізінде орналасқан «Білім беру процесіндегі инновациялық-педагогикалық технологиялар жүйесі» деп аталатын көрмені тамашалады. Оқытушылар құрамы мен студенттердің қолынан шыққан қолданбалы өнер туындылары көзтартар көркемдігімен, мазмұндылығымен ерекшеленіп тұрды.
Конференция қонақтарын қабылдаушы тарап ретінде алғашқы сөз алған Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің атқарушы директоры Майсам Бакиева алқалы жиынға келген қауымды жылы құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Ұрпақ тәрбиесінде аса маңызды орын алатын мектепке дейінгі тәрбие барысында заманауи педагогикалық тәсілдер мен білім беру тәжірибесі негізінде ұстаздар мен тәрбиешілердің тәжірибелері мен білімдерін жаңарту, сапалы мамандар даярлаудың мазмұнындағы ортақ мәселелерді шешуге бағытталған келелі ой мен кесімді пікірлер күтетінін жеткізді.
«Тәрбие – тал бесіктен басталады» деп, ұл-қыздарын шыр етіп дүниеге келген күннен бастап ұлықтаған ұлттың ұрпағы емеспіз бе? Ал бүгінде ата-аналар негізінен отбасын асырау қамымен жұмысбасты болып кетен заманда бұл міндет толықтай балабақша мен мектептің иығына артып қойғаны да жасырын емес. Өздеріне жүктелген жұмыс пен ел болашағы алдындағы жауапкершіліктерін жақсы сезінетін мектепке дейінгі тәрбие саласының мамандары осы міндетті абыроймен атқарып, тәуелсіз Қазақстанның лайықты мұрагерлерін тәрбиелеу мәселелерін жан-жақты талдаған.
Келесі болып мінберге көтерілген облыстық әдістемелік орталығының техникалық және кәсіптік бөлімінің басшысы Шынар Исаханова өлкеміздегі мектепке дейінгі мекемелер мен осы саланың мамандарын даярлаудың өзекті мәселелерін ортаға салды.
Жиын барысында Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» мемлекеттік мекемесінің директоры Гүлшат Оңланбекқызы «Басым міндеттерді шешу жолымен мектепке дейінгі білім беру жүйесінің кадрлық әлуетін күшейту» тақырыбында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ұлбосын Қияқбаева «Жоғары оқу орындарында болашақ мектепке дейінгі ұйым педагогтерін даярлаудың тәжірибесі мен даму бағыттары», Ресей Федерациясының педагогтік халықаралық кәсіби даму институтының директоры Ольга Михайловна Коломиец «Мектепке дейінгі білім жүйесінің білікті педагогтерін даярлаудың психологиялық-педагогикалық шарттары», «Алтын ұя» балабақшасының құрылтайшысы Әлия Құндақбаева «Мектепке дейінгі мекемені дамытудың іскерлік тәжірибесі», Қырғызстандағы И.Ч.Исамидинов атыдағы педагог кадрларды нысаналы даярлау институтының директоры Рахат Сулайманова «Қырғызстандағы мектепке дейінгі білім», Өзбекстан Республикасы, Ферғана мемлекеттік университетінің «Мектепке дейінгі білім» кафедрасының меңгерушісі, педагогика саласы бойынша философия докторы (PhD) Илхомжон Солиев «Өзбекстан Республикасындағы мектепке дейінгі білім беру жүйесі», «Ерке-Нұр» балабақшасының педагог-психологі Малика Сұлтанбай «Жас мамандардың ортаға бейімделуіне педагогикалық-психологиялық қолдау көрсету», Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Фатима Жұмабекова «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандарын даярлауды модернизациялаудағы басым бағыттар», «Ақдидар» бөбежай-балабақшасының меңгерушісі Нәркес Сәсенова «Мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің заттық-кеңістіктік ортаны білім беру элементі ретінде ұйымдастыруы және қолдануы» тақырыптарында баяндама жасап, саладағы жетістіктермен және алдағы атқарар міндеттерімен бөлісті.
Түскі үзілістен кейін «Мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеу мен дамытудағы заманауи әдістер» тақырыбында секциялық жұмыстар жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша І дәрежелі дипломмен Іргелі ауылындағы «Асыл-Айым» балабақшасының меңгерушісі Айсұлу Есенжолқызы, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломмен тиісінше Жетісу облысы, Жәркент жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы Жәмила Рахметжанова мен Жамбыл ауданындағы «Мерей-2016» балабақшасының тәрбиешісі Юлия Кулагина марапатталды.
Сондай-ақ, екінші секциялық жұмыстар бойынша Жамбыл ауданының өкілдері топ жарып, «Өркениет бөбекжайы» балабақшасының тәрбиешісі Айдын Базарбаева, «Мерей-2016» балабақшасының тәрбиешісі Елена Татьянкина және «Елигайнұл» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Айман Есімбетовалар жеңімпаз деп танылып, дипломдар мен кәдесыйлардың иелері атанды.