Осы аптаның сейсенбісінде ауданымызға Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы республикалық мониторингтік топтың мүшелері іс-сапармен келіп, бірнеше мәдени орталарды аралап, көпшілікпен, БАҚ өкілдерімен жүздескен еді. Түстен кейін қадірлі меймандар аудандық мәдениет үйінде «Аманат» қоғамдық тану сыйлығының салтанатты марапаттау рәсіміне қатысып, белгілі азаматтарға арнайы сыйлықтарын табыстады.
Рухани шараның нүктесі Талдықорған қаласындағы Б.Римова атындағы драма театрдың «Құлқынның құлы» деп аталатын қойылымымен аяқталды. Жалпы, спектакльдің Қарасай жерінде қойылуына ұйытқы болған, жоба авторы және театрдың осы тақырыпты ашуына себепші болып табылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменттінің басшысы Серікбай Нұрғисаев.
Талдықорғандық әртістердің ерекше образға еніп, парақорлықтың түбі қайда әкеліп соқтыратынын ұқтыруы жиналған көпшілікті ерекше әсерге қалдырды. Өз кезегінде қарасайлық көрермен кәсіби мамандардың шебер ойнауынан тағылымды ой түйіп, Жетісу жерінен келген өнерпаздарға ыстық ықыластарын да аямады. Жоғарыда айтқандай, қойылымның негізгі идеясы – сыбайлас жемқорлықты сипаттап, соныңда салдарынан қателіктің соңы өкінішке алып келетінін ұқтыру. Көрнекті кештің соңын аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова Б.Римова атындағы драма театрдың ұжымына зор алғысын білдіріп, аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың атынан ықылас гүлін табыс етті.
Ал, «Құлқынның құлы» қойылымында ауыл әкімінің рөлін сомдаған әртіс Серік Нұрхалық ұжымның атынан қымбатты көрермендерге ерекше рахметін жеткізді.
– Құрметті театр сүйер қарасайлықтар, барлық ықыластарыңызға, қонақжайлылықтарыңызға мың алғыс. Біз үшін осындай киелі өңірдің сахнасында өнер көрсету үлкен мәртебе. Қойылым барысында көрген көріністер аудандарыңызда орын алмасын, деген тілегімізді білдіргіміз келеді! – деді театр әртісі.
Дидар МУХАМАДИЕВ.