Талғар ауданының орталығында ата-ананың қарауынсыз, қамқорлығынсыз қалған балаларды өсіріп, тәрбиелеп отырған «Ковчег» жеке меншік балалар үйі бар. Мұнда дені сау балалармен қатар, мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер де тәрбиеленуде. Балалар үйінің директоры Марина Сугакованың айтуынша, мұндағы жалпы бала саны 32, ал пандемия кезінде 52 бала болған. 22 жылдан астам уақыт жетім қалған балаларды өз қамқорлығына алып, өсіріп келе жатқан бұл мекеменің өзгелерден бір жақсы ерекшелігі бар. Ол – тігін цехы.
Бұл цехты болашақта балалар бір кәсіп иесі немесе кейін нанын тауып жейтіндей болсын деп ашқан екен. Әсіресе, бұл қуыршақ тігетін цех мүмкіндігі шектеулі балалар үшін өте қолайлы.
Марина Анатольевнаның айтуынша, балалар үйіне келіп жүрген достары ұл-қыздардың қолмен тіккен ойыншықтарын көріп, тәнті болып, сонда алғаш рет жәрмеңкеге қатысуды ұсынған.
«Алғаш рет отбасы күнінде балалардың өз қолымен жасаған ойыншықтарын қала тұрғындары сатып ала бастады. Балалардың қуанышында шек болмады. Осы жолмен біз балаларды шеберлікке үйретіп, қызығушылығын арттырдық. Қазір де біз жәрмеңкелерге қатысып тұрамыз. Мұнан бөлек бізге, тіпті, тапсырыстар да түсе бастады. Осылайша біз балаларды шеберлікке ғана емес, кәсіпкерлікке де үйретіп жатырмыз. Келісімшартқа қалай отыру керек, оны қалай орындау керек? Бағаны қалай қою керек? Әрі қарай не істеу керек? Осыларды үйретеміз. Мүмкін болашақта осы балалардың ішінен біреуі жеке кәсіпкер болатын шығар. Мұның бәрін балаларға ақырындап тәжірибе арқылы үйретеміз. Бізге 11 жастағы ұл бала келген болатын. Ол әріп танымайтын еді. Біз оған оқуды, жазуды үйреттік. Бала өте ақылды болып шықты. Айтқаныңды лезде қағып алып отырады. Сонымен ол жаздай дайындалып, емтихан тапсырып, екі сыныпқа жоғарылап отырды. Қазір ол 18 жаста. Келесі жылы 11 сыныпты аяқтайын деп отыр. Міне, біздің балаларымыз еңбекқорлығы мен төзімділігінің арқасында осындай жетістіктерге жетіп отыр», – деп мақтанды балалар үйінің директоры.
Цехтың ішінде тігін тігуді үйрететін арнайы шеберхана бар. Ойыншықтарды тігуге арналған маталарын өздері сатып алады екен. Арасында еріктілер де әкеліп беріп тұрады. Жасөспірімдер алдымен матаның бетіне қалаған пішінді сызып алып, сол арқылы қиып, кейіннен пішіп, сосын тігеді. Балалардың ауызбіршілігі жақсы. Барлығы топпен жұмыс жасайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын балалар бүлдіршіндерге арналған киім де тігіпті. Көйлек, кеудеше, белдемшеге дейін дайындайды. Тіпті, мұндағы балалар ойыншық тігіп қана қоймай, өздеріне де киім тігіп алады екен. Жүрегі мейірімге толған жасөспірімдер анасындай болған Марина Анатольевнаға балалар күнінде көйлек тігіп беріпті. Бұл істе тәрбиеленуші қыздардың ғана емес, ұлдардың да қызығушылығы арта түскен. Бүгінде балалардың жасаған жұмыстарын көріп, таң қалуға болады.
Цехтың ішінде оннан астам тігін машинасы бар. Жеке меншік балалар үйінің директоры алғашында 2-3 қана тігін машинасы болғанын айтады. Кейіннен серіктестері тігін машиналарын толықтырып беріпті. Түрлі компаниялар іс-шаралар өткізгенде міндетті түрде «Ковчег» балалар үйін жиі шақырып тұрады екен. Жәрмеңкеден олжалы қайтқан балалар өздері тапқан қаражатқа керек-жарағын алады.
«Ковчег» балалар үйінің басқа жетімдер үйлерінен айырмашылығы – бұл жерде тәрбиеленіп отырған балалар өздері нанын тауып жей алатын жасқа келгенше осы жерде қамқорлықта болуы. Кәмелеттік жасқа толған балаларға өздері жұмыс қарастырып, тұрақты жұмысқа орналастырады. Жалақысын алып, бәрі жақсы болып, өзі баспана жалдай алатындай жағдайда жетсе ғана еркіне жібереді.
Өз тілшіміз.