Елтай ауылдық округінде ауқымды инфрақұрылымдық жоба – Burunday Container Terminal (BCT) көпфункцияналды контейнерлік терминалы өз жұмысын бастады. Жаңа логистикалық орталық – тек инфрақұрылымдық нысан емес, сондай-ақ бизнеске, саудаға және әріптестікке жаңа мүмкіндіктер ашатын бастама.
Теміржол желісі мен үлкен Алматы айналма автокөлік жолына (ҮАААЖ) ыңғайлы қол жетімділігі бар контейнерлік терминал Қытайдан, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден келетін импорттық жүктерді қабылдап, өңдеуге бағытталған.
Құрылысы 2024 жылдың шілде айында басталған терминал бір жылдан кейін өзінің алғашқы контейнерлік пойызын қабылдады. Қазір барлық өндірістік процестер оңтайландырылып, терминал қалыпты жұмысын бастады.
Жыл өткен сайын Қазақстанда жүктерді өңдеу қызметіне сұраныс артып келеді. ҚР Көлік министрлігінің мәлімдеуінше, 2023 жылы республика арқылы өткен кезеңмен салыстырғанда транзиттік жүк 21%-ға көп өтсе, 2024 жылы Қытайдан теміржол арқылы контейнерлік транзит 33 есеге өсіп, 358 контейнерлік пойызға жеткен. Ал ағымдағы жылдың соңына қарай бұл көрсеткішті 600-ге жеткізу жоспарлануда. Осы дамудың жоғары қарқынын сақтау үшін Қарасай ауданында ашылған көпфункцияналды контейнерлік терминалының пайдасы жоғары.
Нысанның жалпы ауданы 50 000 шаршы метрді құрайды, оның ішінде контейнерлік терминал, ауыр жүк тұрағы, жабық және сыртқы уақытша сақтау қоймалары мен кеңсе ғимараты. Жоба аясында қазіргі уақытта 30 жұмыс орны құрылды, ал болашақта олардың саны 70-ке дейін ұлғайтылмақ. Ал қуаты жылына 100 000 контейнерге дейін жетеді. Бұл өңірдегі логистикалық инфрақұрылымды айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоғары сапалы терминал қызметтеріне сұраныстың артуы және жүк көлемінің ұлғаюы жаңа терминалды дамыту үшін қолайлы перспективалар туғызады.
Қазіргі уақытта Burunday контейнерлік терминалы жалпы жүктерді өңдеу мүмкіндігі бар контейнерлерді өңдейді. Болашақта нысан дистрибьюторларға, бөлшек саудагерлерге және 3PL компанияларына қызмет көрсету үшін қойма инфрақұрылымымен кеңейтуді жоспарлап отыр.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
