1995 жылдың 30 тамызы – Қазақстан тарихындағы елеулі күн. Бұл күні еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. 1991 жылы егемендігін енді алған жас мемлекетіміз үшін заңнамалық негіз қалыптастыру басты міндеттердің бірі болды. 1993 жылғы алғашқы Конституциямыз бірінші бастама болса, 1995 жылы 30 тамызда қабылданған жаңа негізгі Заң аясында мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғыртып, президенттік басқару формасын бекіткен болатын. Нақтылап айтасақ, 1998 жылы Парламент өкілеттілігі кеңейтілді, Президент өкілеттілігінің мерзімі 7 жылға дейін ұзартылды. Міне, сол Қазақстан Контитуциясына биыл 30 жыл толып отыр. Үш онжылдықты артқа тастаған Ата Заңымыз бүгінде елдігіміздің тірегі, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның іргетасы ретінде орнықты. Контитуция – еліміздегі әрбір азаматтың азаматтық құқықтары мен әлеуметтік әділеттіліктің кепілі.
Тәуелсіздік тарихында болған маңызды оқиғаларды Қарасай ауданында жариялап келген басылым бұрынғы «Заман жаршысы» газетінде (қазіргі «Naqty») талай материалдар жарық көрді. Мұрағаттағы баспасөз материалдарына шолу жасау арқылы сол дәуірдегі қоғамдық көңіл-күй мен мемлекеттік идеологияның өзара байланысын байқауға болады. 1995 жылы қазан айында бас редактордың орынбасары А.Ошақбаевтың «Мереке құрметіне» атты мақаласы жарияланды. Онда былай делінген: «Үш күннен кейін көпұлтты республикамыздың халқы туған Отанымыздың тәуелсіздік алғанына бес жыл толуын атап өтпек. Бұл мереке республикалық барлық қалалары мен ауылдарында, облыстарда тойланатын болады. Республика туған күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар Алматы облысында да кең көлемде өтеді. Олар Талғар қаласында және басқа аудандарда ұйымдастырылады. Бұл ретте Қаскелең қаласы да шет қалмайды. Қалалық әкімдік бұл күнді есте қаларлықтай әрі жарқын өткізу үшін бәрін жасауда. Әрбір мекеме мен ұйым өз ұжымын бірге мерекелік іс-шараларды өткізу жоспарын жасап, соны қызықты әрі мазмұнды өткізуге уәде беріп отыр. Қаланың өзінде митинг халықтық серуен Қаскелең қаласы әкімдігі алдындағы алаңда өтеді. Бұл алаң мерекеге орай безендірілмек. Митинг аудан әкімінің тұрғындарды құттықтауынан басталады. Жерлестеріміз бен ардагерлеріміз сөз сөйлейді. Сондай-ақ бұл күнге орай, 5 жыл – адам өміріндегі қысқа ғана кезең болса да, қала мен аудан тұрғындары үшін мерейлі күн. Осы күні олар да Тәуелсіз Республика құрдастары ретінде құттықталып, қошеметке ие болады. Сонымен қатар, мерекелік митингпен қатар спорттық эстафеталар бастау алады. Бұл сайыстарға Қаскелең қаласының мектеп командалары қатысады. Сондай-ақ мектеп оқушыларының спорттық көрсетілімдері мен өзін-өзі қорғау әдістерінен жаттығулар көрсетіледі. Сонымен бірге, көркемасөз байқауы өтеді. Мәдениет қызметкерлері, студенттер мен мектеп оқушылары, балалар мәдениет үйінің тәрбиеленушілері бұл шарада өз өнерлерін көрсетпек. Олар өз шеберліктерін күш-жігері мен таланттарын паш етеді. Қонақтарды түрлі байқаулар ән мен би күтіп тұр. Қонақтарды түрлі байқаулар күтіп тұр. Қысқасы 25 қазанда қаламыздың бас алаңында келіңіздер – өкінбейсіздер! Сіздерді осында күтеді. Алда келе жатқан мерекемен құттықтаймыз, достар!».
Сонымен бірге, қазан айында сол кездегі Қаскелең аудандық халық сотының судьясы Б.Махировтың «Конституциялық дамудың жаңа кезеңі» атты тақырыбында кең көлемді мақаласы жарық көрді. Оның мәтіні төмендегідей:
«Экономикалық өзгерістер жүйелі шаралардың кеңеюі аясында лауазымды адамдардың жауапсыздығы, адамдардың құқықтық сауатсыздығы, әсіресе ауылдық аймақтарда сауатсыздығы күшейіп, әлеуметтік-құқықтық қорғалу деңгейі төмендеді. Азаматтардың құқықтарын қорғаудағы негізгі рөл соттарға жүктеледі. Азаматтар өз құқықтарын қорғау үшін тиісті сот органдарына талап арызбен жүгіне алады. Талап арызды қарау тәртібі азаматтық-процессуалдық және қылмыстық заңнамалармен реттеледі. Сот шешімі құқық бұзушылықты қалпына келтіру мүмкіндігін береді, нақты дәлелдер мен деректерге сүйене отырып істі қарайды. Әрбір құқық бұзушылық оқиғасында әділ және объективті қарауды қамтамасыз ету үшін Конституцияда білікті заң көмегін алу құқығы қарастырылған (13-бап, 3-тармақ). Айтпақшы, адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясының 10, 11 баптарына сәйкес әрбір адам өз құқығы мен міндетіне қатысты барлық талаптардың әділдік пен жариялылық жағдайында тәуелсіз және бейтарап сот арқылы тыңдалуын талап етуге құқылы. Қылмыс жасады деп айыпталған әрбір адам өз кінәсінің заңды түрде анықталмайынша кінәсіз болып саналады және өзіне қорғауды қамтамасыз ету үшін қажетті барлық құралдарды қолдануға құқылы. Конституцияның 79-бабының 2-тармағына сәйкес судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ 79-баптың 4-тармағында судьялардың депутаттық мандатқа ие болуына, шығармашылықтан басқа, қызметпен айналысуына, коммерциялық ұйымдарды басқаруына тиым салынғаны дұрыс көрсетілген. Судьялардың негізгі міндеті – әділдікті жүзеге асыру. Жаңа Конституция қабылдағаннан кейін Қазақстан Республикасы үшін негізгі мақсаттар: бір жағынан, қоғамды нығайту, қоғамдық қатынастарды реттеу, кейбір мемлекеттік органдарының қызметін жетілдіру, ал екінші жағынан мемлекеттің және құқық қорғау органдарының рөлін күшейту болып табылады.»
Ал араға 10 жыл салып 2015 жылы 28 тамыз күні «Заман жаршысы» басылымында сол кездегі аудан әкімі Амангелді Дәуренбаев аудан жұртшылығын, Конституция күнімен құттықтаған болатын.
«Құрметті қарасайлықтар, ардақты ағайын сіздерді Қазақстан Республикасының Конституциясының 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл сөз жоқ мемлекетіміздегі ерекше мерекенің бірі. 1995 жылғы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан республикасының Конституциясы еліміздің қоғамдық-саяси әлеуетін жаңа деңгейге көтерді. Өткен жиырма жыл ішінде Ата Заңымыз қазақ мемлекеті мен қоғамының шын мәніндегі негізгі құжаты ретінде алға басып, өрлеуімізге өте көп ықпалын тигізді. Конституциямыз ел азаматтығының айғағы, тәуелсіздіктің тірегі, халық бірлігінің қайнар көзі, республиканың әр азаматының қорғаны болып, кемел келешегіміздің кепіліне айналды. Бүгінде бүкіл еліміз барша халқымыз Конституцияда белгіленген басты бағыттарды берік ұстанып, жұдырықтай жұмылып отыр. Құрметті жерлестер, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы құтты болсын! Береке-бірлікпен өмір сүріп, еңбек ете отырып, егемен еліміздің мерейін өсірейік. Ата заңымыз – Алтын Заңымыздың аясында жарқын болашаққа қадам баса берейік!», – деп аудан басшысы ізгі ниетін білдірген болатын.
Архив материалдарға зерттеу жасай отыра, Ата Заңымыз елдің тұрақтылығы мен тұтастығының негізі болып қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының нақты кепіліне айналғанын аңғартады. Журналист әрі бас редактордың орынбасары А.Ошақбаев пен судья Б.Махиров сынды сол уақыттың белсенді азаматтарының ой-пікірі арқылы сол кезеңнің тынысын, сол дәуірдегі сенімін бағамдай алдық.
Әділет ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ.