Осыдан бір апта бұрын Қонаев қаласында «Балалар жылына» орай «Konaev CUP – 2022» халықаралық шахмат турнирі ұйымдастырылды. Айтулы спорттық шараға облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
300-ден астам спортшы қатысқан бұл додада өзіміздің елден бөлек, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Грузия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Армения сияқты мемлекеттерден шахматшылар бақ сынады. Оның ішінде 12 гроссмейстер, 30 халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бар. Турнир швейцариялық жүйе бойынша өтті.
Ала тақтада өткен сайыста Қарасай ауданының намысын қорғап, атын шығарғандар да болды. Ардагерлер арасынан І орынды Жамбыл облысынан Айтқазы Баймурзин алса, ІІ орынды Жетісу өңірінен Ғали Дүйсебаев иеленді. Ал үздік үштікке жерлесіміз, Алматы облысының атынан сынға түскен Амандулла Әбдімұратов ілінді.
Жастар арасында Алматы облысының намысын қорғаған қарасайлықтарға келер болсақ, Шыңғыс Серікбай І орынды иеленсе, Сырым Байтілеу ІІ орынды алды. ІІІ орынның жүлдесі А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Шынтемір Садыққа бұйырды (барлығы суреттте).
Шара соңында барлық жеңімпаздарды Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, Алматы облысы шахмат және шашка федерациясының Президенті Саят Егенбердиев сынды әлемді төрткүл дүниеге танытып жүрген спортшылар марапаттап, лайықты ақшалай сертификаттарын табыстады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.